Халықаралық дзюдо федерациясы бекіткен ережеге сай, әлем чемпионаты рейтингілік ұпай беретін маусымдағы ең соңғы турнир. Осы жарыста балуандар Париж ойындарына апаратын соңғы билеттерді қалтаға салмақ. Олимпиадаға жолдама мәселесін шешіп алған кейбір әлем үздіктері мұнда келген жоқ. Десе де, жер жүзінің мықтылары әлемдік додадан сырт қалмауға тырысқан. Қазақстан командасы да Абу-Дабиге үлкен үмітпен аттанды. Былтырғы сында жүлдесіз қалған соң, Олимпиада қарсаңында жанкүйер көңілінен шығу барлығына да маңызды еді. Бірақ жарыс қарсаңында федерация үлкен даудың шетін шығарды.
Отандық дзюдошылар негізінен жеңіл салмақтарда жүлде салады. Әсіресе, 60 келінің жауапкершілігі ауыр. Талай жыл бойы Елдос Сметов көшін сүйреген салмақта жас әрі талантты балуандар бой көрсетті. Рейтингте 15-орында тұрған Нұрқанат Серікбаев та, 18 -орында тұрған Мағжан Шамшадин де әлем үздіктерімен иық тірестіріп жүр. Алайда бапкерлер әлем чемпионатына жақында жарақатынан айыққан Мағжанды емес, рейтингте әлдеқайда төмен тұрған Елдосты әкетті. Бұл бапкерлер мен жанкүйерлер арасында үлкен шу туғызып, Шамшадиннің жаттықтырушысы өкпе-ренішін жасырмай айтты.
«Астанадағы жарыс басталмай тұрып, бапкерлер рейтингке қараймыз деді. Бас хатшы да, бас директор да солай деген. Қазір рейтингте Серікбаев – 15, Шамшадин – 18, Сметов 26-орында тұр. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Мағжан тағы да әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіліп отыр. Елдос Сметовке ешқандай жеке бас араздығым жоқ. Ол қазақ дзюдосын әлемге танытқан жігіт. Алайда әлемдік сынға қатысатын балуандарды әділетсіз таңдаған бас бапкер мен федерация басшыларына ренішім бар. Өте өкінішті. Бір адамның абыройы, атағы бар деп алдына түсе беретін болсақ, басқа жігіттер не үшін дайындалып жүр? Не себепті олар күндіз-түні тер төгіп жатыр? Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыты бар кезде адам күресіп, абырой-атақ алады. Кейін басқаларға орнын береді», – деді Мағжанның жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлы.
Бапкердің ренішіне федерация басшылығы құлақ асқан жоқ. Олар Астанада өткен Grand Slam турнирінде қола медаль алған Сметовке сенім артатындарын мәлімдеді. Одан бөлек, рейтингте 15-орында тұрған Нұрқанат Серікбаев өнер көрсетті.
Өкінішке қарай, әлем чемпионатында екі балуан да жүлде алған жоқ. Серікбаев Оңтүстік Кореянның мақтанышы Ли Харимнан екінші айналымда ұтылды. Сметов болса, ширек финалға дейін сүрінбей Вьетнам, Оңтүстік Корея және Бразилия балуандарын жеңген. Бірақ ресейлік Аюб Блиев Елдосты жартылай финалға жібермеді. Осылайша, қола медальға таласқан Сметов 21 жастағы жапондық талант Таики Накамурадан таза жеңілді.
Асылында, Елдосқа еш өкпе жоқ. Ол 15 жылдан бері қазақ дзюдосына адал еңбек етіп келеді. Сметов секілді екі Олимпиадаға қатысып, медаль алған қазақ балуаны жоқ. Ол дзюдода Олимпиада алтынынан басқаның бәрін алды. Иә, осы алтын да балуанға тыныштық бермей жүрген шығар. Бірақ уақыт өз дегенін алатынын ұмытпау керек. Сметов 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесінен кейін күні кешеге дейін өзі қатысқан жарыстардан құр қайтты. Айғай-шумен аттанған Абу-Дабидегі әлем біріншілігінде де жүлдеге іліге алмады.
Енді Олимпиадаға кімнің баратыны тағы да басы ашық күйінде қалып отыр.
Жарыстың екінші күні татамиге шыққан қазақ балуандары тегіс ұтылды. Астанадағы Grand Slam турнирінде алғашқы медалін алған Бақытжан Әбдурахимов (73 келі), жақсы күресімен көзге түскен Жанарыс Рахметқали (66 келі), тәжірибелі Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) пен Азия чемпионы Данияр Шамшаевтар (73 келі) бір белдесуден соң жарысты аяқтады. Ал үшінші жарыс күнінде татамиге шыққан Эсмигуль Куюлова үшінші айналымда сүрінді. Команда үздіктерінің бірі Абылайхан Жұбаназар денсаулық жағдайына байланысты жарыстан бас тартқан.
Әзірге Әбиба Әбужақынова жарап тұр. Дзюдодан қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Grand Slam әлем чемпионаттарының жүлдесін алған ол өзінің екі жыл бұрынғы жетістігін тағы қайталап, қола медаль жеңіп алды.
«Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалдым. Өз жерімізде өткен Grand Slam турниріне де қатыспадым. Олимпиадаға бір қадам қалды. Сондықтан бұл бәсекенің орны ерекше.
Ал кездесулерге келер болсам, моңғол қызына өз қателігімнен ұтылдым. Азия чемпионатында да есе жіберіп едім. Бірінші айналымдағы түрік қызын бұрын да жеңіп жүргем, кіші финалда кездескен Тукче Бедермен бірінші рет белдестім. Екеуміз де солақай болғандықтан, бапкерлер оның сол қолын бұғаттауды тапсырды.
Әрине, алтын медаль алғым келді. Бірақ қоланың өзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл турнир қарсаңында негізінен Италия, Жапония және Моңғолия спортшыларына қарсы дайындалдым», – дейді Әбиба белдесуден соң.
Осы салмақтағы үздіктеріміздің бірі Ғалия Тынбаева екінші айналымда сүрінді. 57 келідегі Бақыт Құсақбаева да алысқа шаба алған жоқ.
Абу-Дабидегі әлем чемпионаты 107 елден келген 658 спортшының басын қосты. Әлемдік жарыс 23 мамырда мәреге жетеді.
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ