Елорданың «Байқоңыр» ауданында алғаш рет реновация бағдарламасы бастау алды

Бүгінде осы реновация аясында тозығы жеткен ескі үйлерді сүру, орнына жаңа инфрақұрылым жайластыру аса өзекті.

Елорданың «Байқоңыр» ауданында алғаш рет реновация бағдарламасы бастау алды. Бұл дегеніміз – қаланың қалыптасқан бөлігін жүйелі түрде қайта құру арқылы елорданың келбетін жаңа қалыпқа келтіру. 

Бүгінде осы реновация аясында тозығы жеткен ескі үйлерді сүру, орнына жаңа инфрақұрылым жайластыру аса өзекті. Бүгінде әлеуметтік проблемаға айналған өзекті мәселе инвестор тарту арқылы шешімін тапты. Енді елорданың «Байқоңыр» ауданында алғаш рет реновация бағдарламасы бастау алды.

Бүгін осы бағдарлама аясында, аудан тұрғындарымен алғашқы кеңейтілген кездесу өткізіліп, кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы апатты, тозығы жеткен үйлерді сүру, орнына қалалық инженерлік инфрақұрылымды дамытып, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу мәселесін тапсырған болатын. Бұл мәселені шешуде кәсіпкерліктің әлеуетін іске қосу және жеке құрылыс салушылардың инвестициялық белсенділігін ынталандыру қажет. Осылайша, апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін ортақ күш-жігермен шешуге болады. Нәтижесінде, қала орталығымен қатар, оның шет аумақтарының да дамуына жол ашылады. Қаланың ескі бөлігінің келбеті де өзгереді. Бүгінгі таңда бірқатар инвестормен ынтымақтастық жасалып, «Байқоңыр» ауданында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Мәселен, реновацияның 1 кезеңі үшін ауданның 240 гектардан аса жерін таңдап алдық. Олар – ауданның орталық бөлігі. Қазіргі уақытта осы учаскелерде BI-group, Мой дом, Galamart секілді 3 ірі компаниялармен келісімге қол жеткізілді», - деді Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді. 

Айта кетейік, осы аталған 3 компаниямен «Байқоңыр» ауданында Егемен Қазақстан көшесі мен Кенесары көшесінің, Иманов көшесі мен Бейсекбаева көшесінің қиылысында және Таха Хусейна көшесі мен Тәшенев көшесі қиылысында жұмыс басталды. 

«Қаланың сәулеттік дамуы – жаңа тұрғын үй кешендері мен бірегей ғимараттардың құрылысы ғана емес, қалалық ортаны жан-жақты жақсарту. Бұл процестің маңызды құрамдас бөлігі қаланың ескі аудандарын жаңартуға және жаңғыртуға бағытталған жаңарту бағдарламасы. Бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ ЖШС аудан әкімдіктерімен бірлесіп ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2024 жылы 60 апатты үйдің тұрғындарын 1400 жаңа пәтерге көшіру жоспарланып отыр. Бұл елорданың 4 200-ге жуық тұрғынын жайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Бүгінгі таңда «Байқоңыр» ауданы әкімдігімен ынтымақтастығымыз жаңарту бағдарламасын қоғам қаншалықты қолдайтынын және сұранысқа ие екенін көрсетті. Біз тұрғындардың трансформацияға қатысуға деген ынтасы мен тілегін көрдік. Бұл бізді одан әрі жұмыс істеуге шабыттандырады. Біз бірге Астанамызды жайлы, әдемі және оның барлық тұрғыны үшін жайлы ете аламыз», - деді  «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ директорының орынбасары, архитектор Алтынбек Рысбаев.

«Мой дом» компаниясының өкілі Айбек Есеев алдымен бағалау жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

«Бүгін «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің шақыруымен реновация бағдарламасы аясында арнайы Сіздермен кездесуге келіп отырмыз. Реновация – бұл елорданың ескі бөлігін қайта жаңарту. Біздің компания қазіргі уақытта тиісті заңнама аясында Сіздердің мүліктеріңізді сатып алуға дайын. Әрине, алдымен бағалау жұмыстары жүргізіледі, кейін ортақ келісіммен шешім қабылданатын болады. Нәтижесінде, ортақ келісім арқылы Сіздердің мүліктеріңізді сатып аламыз», - деді «Мой дом» компаниясының өкілі Айбек Есеев. 

Айта кетейік, Астана қаласының тұрғын үй қорын жаңарту мен жаңғыртудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Байқоңыр» ауданында басымдық берілетін маңызды жоспардың бірі –  Асан қайғы көшесінде 6 жолақты үлкен жол пайда болады. Аталған жол Амман көшесінен Таха Хусейна көшесі арқылы Алаш тас жолына дейін жалғасады. Яғни, оң жағалау мен сол жағалауды тікелей байланыстырады. 

«Аталған жұмыстар дәл осы инвесторлардың көмегімен ғана жүзеге асырылатын болады. Сондықтан «Байқоңыр» ауданы төңірегінде өз кәсібін жүзеге асырып, жаңа инфрақұрылым қалыптастыратын отандық немесе шетелдік инвесторлар болса, біз қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз», - делінген хабарламада. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.