Астаналық вокзалда олқылық көп

Астана қаласындағы Гете, 1 көшесінде орналасқан теміржол вокзалында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған демалыс бөлмесі, пандустардың техникалық параметрлері және арбаға таңылған мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы баспалдақтар заман талабына сай келмейді.

«AMANAT»-тың Астана қалалық филиалы жа­нындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері осындай қорытындыға келді. 

Аманаттықтар Астанадағы Гете, 1 көшесінде орналасқан теміржол вокзалында партиялық ба­қылау комиссиясының көшпелі отырысын өт­кізіп, ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсе­тілетін қыз­мет сапа­сымен танысты. Вокзал­дағы демалыс бөлмелері мен дәретханалардың тозығы жетіп тұр. Бұған қоса, өткел­дер мен арбаға таңылған мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы баспал­дақтарда жаңарту жұмысын жүргізу қажет. 

«Біздің мақсатымыз – вокзалға келіп, осында атқарылып жатқан жұмысқа сын айту емес, тұр­ғындар тарапынан көтерген мәселелердің оң шешімін табу. Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, біз мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту үшін үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұ­хам­мед Болысбек. 

Вокзал өкілдері партиялықтардың сынына жауап ретінде ғимарат өткен ғасырда салынғанын атап өтті. Ал күрделі жөндеу жұмысы биыл тамыз айында жүргізіледі деп жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдарға ар­налған лифтілер, қызметкерлерді шақыру меха­низмдері, арнайы демалыс бөлмесі мен дәретхана, индукциялық панельдер ескі болса да штаттық режимде жұмыс істеп тұр.