Шаһар басшысы Серік Қожаниязов ауыл тұрғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы келелі істерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп елдің басты құндылығы – адам денсаулығын дамытуды алға қойды. Бүгінде қаламызда ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының үйлестіруімен осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді.
Оның нақты дәлелі, жыл басында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы құрылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Сонымен қатар құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен іске қосылды. Медициналық кешенде компьютерлі томограф, цифрлық рентген, ультрадыбыстық аппарат қаралған.
Ең ауқымды жоба, шаһарда 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл ауруханадан бөлек, жақын күндері құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын облыстық Қан орталығын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осының барлығы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі», – деді Серік Салауатұлы.
Жаңа нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерді. Оның құрылысына 138 млн теңге жұмсалды. Мердігер – «Интегрострой» ЖШС. Медициналық бекетте 7 қызметкер жұмыс істейді. Іс-шарада медицина саласының үздігі, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Сағындық Шамшиев тұрғындарды құттықтап, игі тілегін білдірді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.
Осы іс-шарадан кейін қала әкімі Серік Қожаниязов Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда шаһар басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, ауыл азаматтарының өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесуде тұрғындар жаяу жүргіншілер жолын салуды, көшеге қиыршақ тас төсеуді, 1987 жылы пайдалануға берілген №138 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді, Досан ауылына талапқа сай электр желісін тартуды алға тартты.
«Биыл ауылдық округті дамытуға барлық бюджет көздерінен 867 млн 900 мың теңге қарастырылып отыр. Соған сай ауқымды жобаларымыз бар. Абай ауылына жабық спорт кешенінің құрылысына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал №138 мектепке күрделі жөндеу жүргізу орынды. Алдағы уақытта оның да түйіні шешілуге тиіс. Электр желісін тарту бойынша республикалық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Мердігер – «Техсервис» ЖШС», – деген шаһар басшысы заң шеңберінде шешілуге тиіс шаралар бойынша сала мамандарына тапсырма берді.