Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері 1,2 миллион еуро алатыны рас па?

Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесовтың Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде алатын жалақысы туралы мәлімдеме жасады.

Өйткені, әлеуметтік желіде бүгін осыған қатысты шу шыққан болатын, – деп жазады Aikyn.kz.

Кейбір ақпарат көздері ресейлік маманның болжамды жалақысын жылына 1,2 миллион еуро деп атаған.

– Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді.

Келісімшарттың құпиялығын сақтай отыра, бапкердің жалақысы жария етілмейтінін хабарлаймыз. Келісімшарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайды, – делінген федерация жазбасында.

Спорттық ұйым Магомед Адиевпен келісімшарт екі жақтың келісімімен тоқтатылғанын да атап өткен.

Естеріңізге сала кетейік, 60 жастағы ресейлік маман Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.