Алаяқтар айылын жимай тұр

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы жұмыс табамын, табыс табамын деген­дер­дің қатарында алаяқтарға алданғандар саны артып отыр.

Алаяқтар – мы­қ­ты психологтар. Олар өздеріне қажетті «жемтіктің» осал тұсын өте жа­қ­сы біледі. Сол сұранысқа орай қажетті ақпараттарды жіберіп отырады. Мә­селен, адам жақсы жұмыс іздеп отыруы мүмкін немесе қосымша табыс көзін іздейді. «Көктен іздегенім желіден табылды», – деп қуанған адамдар алдынан шыққан түрлі сілтемелерге кіреді, бәрін нұсқамаға сай орындайды, банк картасын тіркейді. Арғы жағы белгілі. 

Араға бірнеше уақыт салып, алаяқтардың екінші тобы іске қосылады. Олар өздерін банк қызметкері ретінде таныстру арқылы өздері әлеуметтік желі­ден «аулаған» құрбанның бар ақшасын сыпырып алады. Бұл – алаяқ­тардың жұмыс істеу тәсілі. Алаяқтар туралы жақсы пікір айтуға болмайтын шығар. Дегенмен барды бар дейікші. Мәселен, алаяқтар өте білімді, ол­ар­дың ішінде кәсіби хакерлерден тұратын мықты команда бар. Әрі олар­дың қолындағы техникалық құралдары да мықты. Адамның дауысын өзгерту, бет-бейнесін қайта жасау, жасанды құжат дайындау деген алаяқтар үшін түк емес. Ал осы алаяқтарға қарсы күресетін полицияның қолында не бар?

Жалпы, интернет жеңіл ақша табудың көзіне айналып тұр. Әрине, интернет арқылы ақша табу үшін көп тер төгіп, жұмыс істеу қажет. Ең бастысы, білім мен кәсіби біліктілік керек. Таңғаларлығы сол, әлеуметтік желідегі алаяқтар өте шебер және түрлі әдістерді ойлап табады. Бір қарағанда, олардың сөзінен өтірік таппайсыз. Бәрін мөлдіретіп айтқандарына еріксіз сендіреді. Істің мәнін білетін тәжірибелі адам болмаса, оп-оңай алданып қалуы әбден мүмкін. Себебі олар – мықты психологтар. Адамның осал тұсын дөп басады. Полиция алаяқтарға қарсы күрес үшін киберпол бөлімін ашты. Бұл бөлім аты айтып тұрғандай, кибер қылмысқа қарсы жұмыс істейді. Сөз реті келгенде айта кетейік, тек биылғы жылы Батыс Қазақстан облысының өзінде алаяқтардан келген шығын 165 млн теңгеге жеткен. 

– Біз киберқылмысқа қарсы жұмысты жандандыру мақсатында осы киберполды құрдық. Бұл жерде осы салаға машықтанған мамандар жұмыс істейді. Олардың қолдарында қажетті техникалық мүмкіндіктері бар. Жалпы, біздің облыс бойынша биылғы жылдың өзінде 60 адамды алаяқтық қылмысы үшін ұстадық. 16 адам сотталды, – дейді БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Артур Мусағалиев.

Жалпы, БҚО бойынша төрт айда 244 алаяқтық фактісі тіркелген. Мамандар қазір алаяқтықтың ішінде ең кең тарағаны – «интернет алаяқтық» дейді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету саласында да алаяқтық фактілер тіркеліп тұрады. Әсіресе, «Қытайдан тауар әкеліп сатамын, табыс табамын» дейтіндер алаяқтардың құрығына жиі түседі. Қазір БҚО ПД 33 жасар Г. есімді азаматшаға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол ақпан айында соттың шешімімен қамауға алынған болатын. Сот материалында азаматша Г. келтірген шығын 124 млн асады деп көрсетілген. Бұл тек тергеудің басында келген шығын көлемі, тергеу әлі аяқталған жоқ. 

Белгілі болғандай Г. есімді азаматша Қытайдан арзан бағамен тауар әкеліп беремін деп адамдардан ақша жинаған. WhatsApp желісі арқылы бірнеше чат ашып, Қытайдан тауар тасуға ниетті қарайған қыз-келіншектің басын біріктірген. Сол чатқа түрлі фотолар салып, «тауарыңыз әне келеді, міне келеді» деп уақытты соза берген. Айналып келгенде, не тауар жоқ, не ақша жоқ. Істің соңында алданғандарын білген бір топ әйел Г. есімді келіншектің үстінен арыз жазып, полиция қылмыстық іс қозғап отыр.  

Мұндай қылмыстық істерді тізбектеп келтіре беруге болады. Ең сорақысы, Ақсай қаласының тұрғыны өмір бойы жинаған 100 млн теңге ақшасын бір аптаның ішінде алаяқтардың есепшотына аударып жіберген. 

– Алаяқтар қазір банк қызметкерлерінің құжаттарын жасатып алады. Жуырда Ақжайық ауданының тұрғынын 2 млн теңгеге алдап кетті. Азамат алданғанын кейін білген. Алаяқ банктің барлық құжатын жіберген, видеоқоңырауға шығып көрсеткен, сендірген. Ресми құжатты көрген азамат шүбәсіз сенген. Бар жинаған 2 млн ақшасын алаяқтың есепшотына аударып жіберген. Ал Ақсай қаласының тұрғыны дәл осылай 100 млн теңгесін аударып берген, – дейді Артур Мусағалиев.

Алаяқтар көбіне «Біз банктенбіз, сіздің есепшотыңызға біреулер шабуылдап жатыр, қаржыңызды шұғыл құтқару керек, мен айтқан есепшотқа ақшаны аударыңыз» деп алдайды. Өкінішке қарай, осы сөздерге сеніп қанша адам ақшасынан қағылды. 

Қазіргі алаяқтар жасанды интеллектіні де қатты меңгерген. Адамның дауысын, бет-бейнесін өзгерту деген оларға түк емес. 

– Жаңа технологиялардың дамығаны жақсы. Бірақ оны адамзатты алдауға, арбауға пайдалану – қылмыс. Қазір жасанды интеллект арқылы адамның бет-бейнесін өзгертіп алады. Сосын видеоқоңырауға шығады. Адамдар видеоға шыққасын алданбаймыз, көріп тұрмын ғой деп ойлайды. Ал видеоның артында кім тұрғанын ешкім білмейді. Жалпы, алаяқтарға алданбаймын деген ниетпен сөйлесу де дұрыс емес. Олар жақсы психолог болып келеді, алданбаймын деген адамның өзі алданады. Сондықтан ең дұрысы олармен сөйлеспеу, – деп атап өтті Артур Ғайсаұлы. 

Қазір полицияның қарауында 158 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 63 іс қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқарып кетіпті. Биылғы жылдың төрт айында 83 істің тергеуі аяқталып сотқа кеткен. Осының ішінде 27-сі – интернет алаяқтығына қатысты қылмыстық істер. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы