Жаһандық үрдістер мен жергілікті шаралар: Қазақстандағы қылмыс деңгейіне не әсер етеді?

Қазіргі уақытта қылмыстың төмендеуін айғақтайтын 20-ға жуық теория бар.

Жақында ел Президенті Ішкі істер министрінің елдегі қылмыстық ахуал туралы баяндамасын тыңдады. Министр елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. 

Көпшілік бұл ақпаратты билік органдары өкілдерінің басқа да есебінен жиі естіп келеді. Әдетте бұл, риторикалық түрде, ІІМ қызметкерлерінің алдын алу шараларының нәтижесі ретінде ұсынылады. Осылайша, қылмыс мөлшерінің азайғаны хабарланған кезде қаншама рейдтік жұмыстары жасалғаны, профилактикалық әңгімелер жүргізілгені және дәрістер оқылғаны да белгілі болды. 

Полицейлердің қылмыстық мінез-құлықтың алдын алу бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысын ескере отырып,  қылмыстың күрт төмендеуі мен полиция әрекеттерінің қаншалықты өзара байланысты екенін таразыға салып, ақыл-ой экспериментін өткізейік. Ендеше, ел қауіпсіздігін арттыруға тек полицияның өзі қаншалықты жауапты? Бұл мәселені Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары зерттеп, талдау жасады.  

«Қылмыстың күрт құлдилауы» (ағылш. great crime drop/decline) деген құбылысты ескеретін болсақ, жоғарыдағы сұрақтың жауабы айтарлықтай қарапайым болмай шығуы мүмкін. Бұл құбылыстың мәнін мынадай қысқа сөйлеммен жеткізуге болады: 1990 жылдардан бастап дамыған және дамушы елдердің басым көпшілігінде қылмыс тұрақты түрде төмендеп келеді. 166 елдің (оның қатарында Қазақстан да бар) деректеріне негізделіп жасалған ең ауқымды зерттеулердің біріне сүйенсек, Африка мен Оңтүстік Азия елдерін қоспағанда, 2009-2019 жылдары әлемнің барлық өңірінде қылмыс азайған. Зерттеу нәтижелері төмендегі суретте көрсетілген. Орталық Азия елдерінде шамалы ғана өзгерістер болғанымен (мемлекеттердің көбіне 3-5 пайыздық өзгеріс тән), бұл ғаламдық трендке сәйкес келеді.

2006-2019 жылдары әлем елдеріндегі қылмыс мөлшерінің пайыздық тармақтары. Қара нүктелер – жекелеген елдер, ақ нүктелер - әлем аймақтарының орташа көрсеткіштері. Бұл деректер әр елдегі қылмыс құрбандарынан алынған сауалнамаларға сәйкес жинақталған. Сурет «van Dijk et al 2021» еңбегінен алынған.

Қылмыстың азаюы фактісін есепке алмағанда, зерттеушілер осы жаһандық құбылыстың әлі де нақты түсініктемесі табылмағанына таңғалып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстың төмендеуін айғақтайтын 20-ға жуық теория бар. Қала қауіпсіздігі және жеке қауіпсіздік жүйесінің дамуы сияқты айқын теориялардан бастап, біршама экзотикалық теориялар да кездеседі (Мысалы, 1990 жылдары қорғасын өндірісі күрт төмендеді. Ал оның буынан адамның когнитивті қабілеттері әлсірейтін және соның салдарынан қылмыстық әрекеттер  ықтималдығы жоғары болатын).

«Күрт құлдилауды» тереңірек зерттеген сайын бұл идеяның әлсіз тұстары әлдеқайда анық көрінеді. Мәселен, зорлық-зомбылық қылмыстары саны азайғанымен, соңғы жылдары онлайн және телефон арқылы ұрлыққа түсу, алаяқтық жасау көбейген. 

Демек, ІІМ мәлімдеген қылмыс деңгейінің төмендендеуін көптеген сыртқы факторлар да тудыруы мүмкін. Ендеше, басқа факторларды ескермей, тек құқық қорғау қызметкерлерінің қосқан үлесін қалай өлшеуге болады? Біздің ойымызша, деректерге негізделген мемлекеттік саясатты (немесе «ғылыми негізделген полиция», ағылш. evidence-based policy) жүргізу жақсы бір ұсыныс бола алады. Бұл тәсілдің тоқетері – кез келген мемлекеттік саясат тиімділігіне қарай бағалануы керек. Осы секілді түрлі әдістердің көмегімен біз бір бастаманың ықпалын басқа бастамалардан бөлек қарастыра аламыз, яғни белгілі бір профилактикалық бағдарламаның қылмысты азайтудағы нақты үлесін анықтай аламыз. Бәлкім, мұндай қадамдар Қазақстан қалалары мен ауылдарының қауіпсіздігін сақтау үшін ең жақсы тәжірибелерді анықтауға көмектесуі мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.