Тарихта алғаш рет қазақ әйел БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою комитетіне сайланды

Қазақстан осы халықаралық құжатқа 1998 жылы қосылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесі өтті. Жиын шеңберінде БҰҰ штаб-пәтерінде 2025-2028 жылдар кезеңіне Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою жөніндегі комитет (CEDAW) мүшелері сайланды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz 

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мадина Жарбусынова CEDAW құрамына сайланды. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Өйткені бұған дейін БҰҰ-ның осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің ешқайсысы ұсынылмаған.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан – гендерлік теңдік саласындағы прогресс бойынша көшбасшы. Қазақстан 146 ел арасындағы гендерлік теңдікті бағалау үшін әзірленген 2023 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 62-орынға ие болып, позициясын жақсарды және 18 орынға көтерілді.

Қазақстанмен қатар CEDAW-да 11-орынға 20 мемлекеттің өкілдері үміткер болды – Оман, Швейцария, Ливан, Нидерланд, Гватемала, Андорра, Аустралия, Непал, Грузия, Чили, Барбадос, ҚХР, Зимбабве, Бурунди, Камерун, Мозамбик, Солтүстік Македония, Уругвай, Ұлыбритания және Того.

Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі rомитет (CEDAW) – Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауын бақылайтын тәуелсіз сарапшылардың органы. 

Комитет құрамына әлемнің түрлі елдерінен келген әйелдер құқығы жөніндегі 23 сарапшы кіреді. Шартқа қатысушы елдер төрт жылда бір рет комитетке тиісті құқықтардың жүзеге асырылуы туралы баяндамалар ұсынуға міндетті. Комитет өз сессиялары кезінде әрбір қатысушы мемлекеттің баяндамаларын қарайды және оларға өз ойы мен ұсынымдарын қорытынды ескертулер түрінде баяндайды. Қазақстан осы халықаралық құжатқа 1998 жылы қосылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.