Қарайды ақын сегізінші аспаннан

Әмір­­­хан Балқыбектің өмірден өткен­іне де он жылға жуықтапты. Тірі болса, биыл 55 жас­­ын тойлап жатар еді-­­ау...

«Жанды тербеп мәңгіліктің ағыны,

Тән арыды, Арман бірге арыды!

Жанарымды қытықтайды нұрымен,

Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.

Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,

Сәлем айтып кейін қалған достарға,

Бұл қаладан кетем түбі көкке мен,

Кетемін мен Сегізінші Аспанға».

Әмірхан ақын осылай жырлап еді. Әмір­­­хан Балқыбектің өмірден өткен­іне де он жылға жуықтапты. Тірі болса, биыл 55 жас­­ын тойлап жатар еді-­­ау...

«Ақынға деген көзқарасты көне гректерден үйрену керек»

Бұл – Әмірхан Балқыбектің көзі тірісінде берген сұхбатынан үзінді. Ақын «рухың мықты болмаса, жаның, тәнің, жан-жүйкең таяқ жейді» деген екен. Оның жаны да, рухы да мықты еді. Әдебиетті ардың ісі деп білген ақынның әр жазбасы бүгінгі оқырман үшін де құны бөлек. Өлеңдерін, өмір туралы көзқарас­тарын, көне грек әдебиеті туралы толғамдарын оқыған сайын ақынды жаңа қырынан тани бересің, үңілген сайын жүйелі сөзге ден қойған ақын болмысын көресің. Бұл жолы да біз ақын айтты деген дүниені тағы бір шолып өттік.

Бірде, яғни бір сұхбатында Әмірхан аға бүй дейді: «Асылы, бізге ақынға деген көзқарасты көне гректерден үйрену керек-ау. Олар Гомерді, оның қиялын ғана мойындап қойған жоқ, кейіпкерлерін де мойындады. Көне грек ақындары он екі ерлік жасап, тағдырдың талқысынан сүрінбей өткен Гераклдай ажалды пендеге Құдайлардың санатынан ойып орын алып берді. Ешбір грек өз ақындарына «бұларың қате ғой, бұларың күпіршілік қой» деген жоқ. Ал бізде ше? Бір ақын­ның жан дүниесін, онда болып жатқан ізденіс-тербелістерін түйсіне, түсіне аламыз ба? «Әр адам – бір әлем».

Ақынның саясаттан, қоғамнан, орта­ның әсерінен бейтарап қала алмайтыны белгілі. «Құдайдың бір аты ар болса, әдеби­ет – сол ардың ісі» екенін дәлелдеп кеткен де Әмірхан Балқыбек еді. 

Жазушы Досхан Жылқыбайдың ақын туралы жазбасында былай дегені бар-ды: «Әмірхан Балқыбек Қазығұрт таулары, қасқыр мифі, Шыңғысхан және Атлантида туралы мақалаларында осы зерттеу әдісін өте шебер пайдаланады. Мысалы, түркінің қасқырдан тарайтыны туралы мифті былайша төрт бөлікке бөлген: «Бірінші үзігі – қырғынға ұшыраған халық. Екінші үзік – баланы асырап алған қаншық қасқыр. Үшінші үзік – қаншық қасқыр мен кейін ержеткен баланың некесінен дүниеге келген нәрестелер болса, төртінші – сол нәр­естелердің бірінен тара­ған ашина түркілері. Бүгінгі адам ой-қиялы бір тараушаға бөлген аңыздардың алғашқы және соңғы үзіктерін ғана шындық ретінде қабылдай алады. 

...Аңыздың тууына түрткі болған тарихи оқиға (ал мұндай оқиғаның болғанына шәк келтіруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиял құдіреті­мен адам танығысыз метамор­фоз­­аға ұшыраған» дей келе, оның қасқыр тотемін қасқырдың өзінен емес, үнінен іздейтінін мысалға келтіреді. «Қасқыр құдай болған кез» деп толғауы да тегіннен болмаса керек. 

«Біз сізді сақтай алмадық»... Мәдениет­танушы Әсия Бағдәулетқызы аға өмірден өткенде осылай деп жазып еді. Расында, біз ағаны сақтай алмадық. 

«Уақыт өткен сайын сағыныш та ұлғая береді»

Оның досы кітап болатын. Бар сақтағаны, жиған-тергені де кітабы болғаны анық. Одан бөлек, Қасиетін, қызын ардақтайтын. Сосын нағыз досы –  сүйген жары Мархабат болғаны рас. Мархабат Шойбекова аға қастерлеген, аға құрмет тұтқан дүниенің бәріне кір жұқ­тырмай, құндылық ретінде сақтап отыр. Әмірхан ақын өмірден өткен он жылда бүкіл мұрасын жинақтап, жарыққа шығар­ды. Әлі де жоқтаушысы ретінде асыл мұрасын насихаттай берері сөзсіз. Аяулы ақынның Мәкішімен аға туралы сырлас­тық. Бұл біздің ешкімге ұқсамаған, гений адамға деген құрметіміз еді. 

– Мархабат, Әмірхан аға тірі болғанда, биыл 55 жасқа толар еді. Ол кісінің өмірден өткеніне де 10 жылға жуықтапты. Асығып ке­л­іп өмірге асығып кеткен секілді көрінеді де тұрады. Аға туралы ойға оралғанда не еске түседі?

– Биыл Әмірханның өмірден өткеніне 10 жыл болды. Уақыт деген зымырайды екен. Оның үйде жүргені, күлгені, жұ­мысқа шығып бара жатып атасының тері сіңген тақиясын иіскеп барып шығуы, бәрі-бәрі көз алдымда тұрады. Сосын жұ­мыс уақытында маған хабарласып: «Мә­кіш, қалайсың, сенің даусыңды естіп қояй­ын деп едім» дегені де құлағымда. «Сенің болғаның қандай жақсы» дейтін көңілі құлазып, жабырқайтын сәттерінде. Уақыт өткен сайын сағыныш та ұлғая бе­реді екен. Құран бағыштап отырамын күнде. 

– Әмірхан ағаның әлемі бөлек еді. Ол кісінің кісілік келбеті туралы не айтар едіңіз?

– Әмірханның әлемі кітаптар әлемі болатын. Кітап оқығанды ерекше жақсы көретін. Ағайын-туыстың той-томалағына сен баршы, одан да мен бір кітап оқығаным артық дейтін. Тамырын тереңге жіберген тектілігі бар, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі бар, мінезі қиындау болғаны­мен, қандай жағдайда да өз болмысынан айнымаған Әмірханның осы бір қасиетін құрметтедім, жақсы көрдім.

– «Нағыз ақын 45-тен артық жасамауы керек». Бұл – ағаның сөзі. Неге олай деді екен? Әлде, аға өз реквиімін өзі жазып кетті ме?

– Жалпы, осы 45 жас дегенде тылсым бір құдірет бар сияқты көрінеді маған. Нағыз ақын 45 жастан артық жасамауы ке­­­­­рек дегеніне аса мән бермеуші едім. Сөйт­­сем, өзі де сол жасында бақиға кеткені жаныма батты.

– Біз білмейтін тақырыптарға жиі барды. Көп оқығаны сөйлеген сөзінен де білініп тұратын. Нағыз терең адам еді. Әмірхан поэ­зиясына, оның жазбаларына біз шындап баға бере алдық па?

– Әмірхан шығармашылығына баға берілді, баға берілмеді деп айтуға менің құқым жоқ деп ойлаймын. Оның білім­ді­лігін, көрегенділігін, адами қасиетін әде­би­еттегі замандастары жақсы білді. Қазақ руханияты барда Әмірханның аты өшпей­тініне сенемін.

– Ағаның қасынан шырқ үйіріліп жастар шықпайтын. Қазір ше, сол өзі жанына ерткен бөлтіріктері ағаның отбасын іздеп тұра ма?

–«Әмірханның әскері» аталып кеткен әдебиеттегі жастар қауымы әлі күнге дейін біздің отбасымызбен байланысын үзген емес. Мереке, қуаныштарда құттықтап тұрады. Жағдайымызды сұрап тұрады. Мен де оларды ең жақын бауырларымдай жақ­сы көріп кеттім. Жас баһадүрлердің арманы орындалсын, бақытты болсын.

– Көзінің ағы мен қарасындай болған Қасиетіне жазған сыры, күнделіктері бар ма? Оны сұрағанымыз, әйгілі Асқар Сүлей­меновтің (зерделі адам ғой) Әсмәсіне арнап жазған жазбаларын сүйсіне оқыдық. Сол секілді Әмірхан ағамнан бір жылы жазба қалды ма?

– Қасиет қызына арнаған өлеңі бар, ол кітабында жарық көрген. Ал одан басқа күнделік немесе сыры жоқ екен. Сол қызына арнаған өлеңі мәңгілікке естелік болып қалды ғой.

– Оның досы  кітаптары еді. Сол «үш жүз досын» қалай сақтап отырсыз?

– Кітап қоятын шкафқа өз қолымен жинаған кітаптары орнында тұр. Кейде жастар қажет кітаптарын сұрап алып оқып тұрады. Біз үшін Әмірханнан қалған ең құнды дүние – осы кітаптары. 

– Ағаның бүкіл мұрасын жинақтап, жарыққа шығара алдыңыз ба? 

– Әмірхан дүниеден өткеннен кейін ақ­ын Қасымхан Бегманов ағамыз мемлекеттік тапсырыспен кітабын шығарып берді. Одан кейін «Әдебиет» баспасынан Ғалым Қалибек ағамыз естелік кітабын шығарды. Биыл «Көкжиек-Горизонт» бас­пасы «Сынған сәуленің шағылысуы» өлеңдер кітабын қайтадан жаңалап шы­ғарды. Барлығына рақмет айтамыз.

– Аға тірі болғанда... Сізді өкінтетін не нәрсе?

– Әмірхан тірі болғанда деген сөздің өзі ауыр екен. Он жыл деген де аз уақыт емес. Уақыт өткен сайын жоқтығы көбірек сезіледі екен. Тірі болғанда бақытты күн­дерім, ештеңеге алаңдамай алаңсыз жүретін күндерім көп болар еді. Көңілім жарты болмас еді... Өмірінің қысқа бол­ғаны өкінішті болды. Қолдан келер шара жоқ. Алла алдынан жарылқасын!

Гүлзина БЕКТАС