Моңғолияда Франция азаматынан коронавирус анықталғаны туралы Моңғолияның вице-премьері Энхтувшин Улзийсайхан мәлімдеді, – деп жазады Mongolian news agency. Дереккөздің мәліметінше, 2 наурызда Мәскеу – Ұлан-Батыр бағытымен Моңғолияға келген Франция азаматының дене қызуы көтерілген. Ал сараптама нәтижесі коронавирусты растаған. Қазіргі уақытта ол карантинге жатқызылды. Моңғолияның денсаулық сақтау министрі таяуда науқастан тағы да сараптама алынатынын айтты. Қазіргі уақытта Франция азаматының жағдайы бірқалыпты. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде вирусты әлемнің 104 елінде 109 343 адам жұқтырған.