Су шаруашылығы университеті ашылады

Елімізде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылады. Аталған нысан Су шаруашылығы және та­биғатты пайдалану институтының база­сында құрылмақ.

Жаңа университет Қазақстанда тапшы су сала­сының мамандарын оқытуға мүмкіндік береді. Қазір елімізде гидротехниктер М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғана даярланады. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті аталған оқу орнын екіге бөлу арқылы ашылады. 

«М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» КЕАҚ және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» КЕАҚ бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын», – делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Айта кетсек, алдағы жылдары елімізде су саласы­ның мамандарын дайындайтын 5 колледж ашылады. Олар батыс, шығыс, солтүстік, орталық аймақ­тарда салынады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мен Өзбекстан су ресурстары мамандарын бірлесіп даярлайды. Тараз мемлекеттік университеті мен Ташкент ирригация институты тиісті меморандумға қол қойды. Енді қазақстандық студенттер «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруа­шылығындағы инновациялық технологиялар және оны пайдалану» сынды елде тапшы мамандықтарды игереді. Әрі бірден екі университеттің дипломын алады. Бұл бастамалар білікті кадрларды даярлауға жол ашып, табиғи апаттардың алдын алу, суды тиімді пайдалану мәселелерін шешеді.