Лаңкестікке қарсы тұрар бірден-бір күш – руханият

Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары «Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» деген қанатты сөз көп айтылатын.

Енді бүгінде осы сөздің тонын теріс айналдырып, «Орталық Азияны терроризм елесі кезіп жүр» деуге болады. Оған бір себеп – Ресейдегі «Крокус терактісі». Біздің елде де лаңкестік болуы мүмкін екендігі туралы жиі айтыла бастағаны... Ендеше елімізде терроризм қаупі қандай? Діни ахуал, анау айтқандай, қорқынышты ма?

Қауіпті кезең артта қалды

Әлемде соңғы уақыттары діни ахуал асқынып кеткені рас. Әсіресе, Ислам ді­­­­­­ніне қатысты жағдайдың күрделеніп бара жатқаны өкінішті-ақ. Тіпті, мұндағы про­цестер геосаяси фактор ретінде «ла­герь­­­­лік» сипат ала бастады. Жаһан елдері Палестина мен Израиль мысалында екіге бөлінуде. Мұндай «лагерьлік» көңіл-күй қай қоғамда да тереңдеп барады. Қазақстан да одан шет қалып отырған жоқ. Бұған себеп – тәуел­­сіздік алғалы діни идеологияның сырттан им­портталғаны. Соның әсерімен деструк­­тивті идеологиямен уланған қаншама отан­­дасымыз Сирияға жол тартты, ал елде қалғаны Тараз, Алматы, Атырау, Ақтөбе және тағы да басқа жерлерде ылаң салды. Одан қалды зайырлы, құқықтық, демо­­­­кра­­тиялық құндылықтарды мойында­­­­май­­тын топ пайда болды. Соңғы уақытта, тіпті олар ұлттық құндылықтарымызды да мансұқтай бастады. Мұның бәрі әрине алаңдатпай қоймайды. Десе де, мамандар қазақ қоға­­­­мы деструктивті идеологияның радикалдық шарықтау шегі артта қалғанын айтады. 

«Шартты түрде айтқанда «қызыл сы­зық» деп аталатын қауіпті кезеңнен біз өтіп кеттік. Ол 2011-2017 жылдарға тұс келді. Деструктивті ағымдардың қоғамға қауіп төндіру деңгейі сол уақытта шарықтау ше­гіне жетіп, ашық көрінді. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері батпандап кіріп жатқан кесел еді ғой, міне сол мысқалдап шығып жа­тыр. Қазір біраз басылды. Десе де, бас­­қаша формамен көрініс беру ықтималдығы, әрине әлі де бар. Ол әлемде жүргізіліп отырған «қара» саясаттың, яки бейресми саясаттың ықпалына байланысты. Яки, кез келген сәтте қайта бой көтеруі мүмкін. Бірақ толқын сипатты параметрмен қарар болсақ, алғашқы толқынынан біз өтіп кеттік», – дейді дін саласындағы ғылыми-практикалық зерттеулермен айналысатын «Сапсан» стратегиялық орталығының директоры Жандәулет Сүлейменов.

Оның айтуынша, теріс діни идеология біздің қоғам өкілдері арасына кең тарап кеткен. Оған тосқауыл бола алмадық. Со­ның алғашқы ықпалымен жасалатын терак­­­тілер жасалды, сотталатындары сот­­талды, өлетіндері өлді, қалғандары тыныш­талды. Бұл енді әзірге осылай боп қала бермек. Егер дәл қазіргідей алгоритм, осы жүйе, осы қарқынмен жүрсек, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Бірақ әліміз кел­­­генше ішінара шешімін іздеп, осылайша күресе беретін боламыз.

«Қауіптілігі туралы айтар болсақ, бүгін-ертең төніп тұрған қатер жоқ. Байбалам салатындай жағдайда емеспіз. Десе де, теріс идеология кез келген сәтте қауіпті еке­­­­­­­­нін ұмытпағанымыз абзал. Ешкім мұн­­­­дағы қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды. Осы ретте айта кетер бір жайт – олар қазір жаңа сипатта көрініс бере бастады. Мәсе­­­лен, біздің қызметтік тілде «бөлмеге қа­­­­мал­­ған мұсылман» («ком­­натный мусул­­­­манин») деген ұғым бар. Яки, бұл идеологияға бой алдырғандар өзінің бөлмесінен шықпайды, ешкіммен араласпайды, ымыраға келмейді, үйде отырып интернет арқылы радикалдана береді. Әсіресе, ол жасөспірімдік кезең­­­­­дер­дегі балаларға тән. Одан ересек жастар ара­­­­­­сында да аз емес. Соңғы екі-үш жылда қазақ­стандықтар интернетті өте көп пайдаланады. Әсіресе, TikTok және YouTube желісін пайдалануда әлем елдерінің алдында тұрмыз. Міне, осы жерде кім не болса соны салып, қалаған нәрсесін алып, интернет қадағалаусыз қалып тұр. Сондық­тан да ақылға қонатындай деңгейде бір шектеу керек деп ойлаймын», – дейді ол.

Бұл тұста әлемді дүр сілкіндірген соңғы террорлық акт – Ресейдегі «Крокус Сити Холлды» айтпай кетуге болмас. Өйткені оны діни емес, саяси акт деп санайтындар бар. Мойына алған ДАИШ, орындаған тә­жік елінің азаматтары болса да, бұл қаніпезерлікті Батыс елдері ұйымдастырды деген нұсқа айтылып жүр. Теракт жасаған­дарда діни фанатизм немесе Ресей саяса­тымен идеологиялық келіспеу­шілік­тер бол­маған. Оның үстіне, қанішерлер өз қызметі үшін ақша алған. Ал діни фанаттар ешқашан да ақшаны идеядан биік қоймайды. Осы ретте Орталық Азиядағы терроризм қатері аймақтың табиғи ресурс­тарға бай екендігімен тікелей байланысты екенін де жоққа шығаруға болмайды.

«Жаһандық саясатта орталық рөлге ие алпауыттардың Орталық Азия елдеріне ерекше көңіл бөліп отырғаны аян. Мұ­­­нысын АҚШ, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа елдері басшыларының 5+1 фор­­матындағы кездесулерінен көруге болады. Міне, осы кездесулермен тұспа-тұс ұйым­дас­­­­тырылған Красногорск терактісінің мақсаттарының бірі – ақпараттық кеңіс­тікте де, аймақ елдері мен Ресей арасында да өшпенділік пен ксенофобия атмо­­сфе­расын қалыптастыру. Радикалды пиғыл­дағы топтардың жоспары жаңа мемлекет құру болса, олардың көз алартып отырған территорияларға біздің де еліміз кіреді. Сондықтан да бізге жабайы діндарлық пен қанды зорлық-зомбылық орбитасында қалу қаупі бар. Қанша жерден «тер­роризмнің ықпалынан тыс» елдер ара­­­­­сын­­дағы жаһандық индексте тұрсақ та босаң­­­суға болмайды», – дейді қоғам белсендісі Асқар Омар.

Оның айтуынша, бізге бір нәрсені дұ­рыс түсіну қажет: «Исламдық терроризм» деген кең мағынадағы ұғым жоқ. Онда насихатталатын зорлық-зомбылық ізгілік пен толеранттылықты жақтайтын дінді шынайы ұстанушылар үшін жат. Ал саяси террор өз құрбандығын дініне қарап таң­­­дамайды, сол себепті кез келгеніміз оның құрбанына айналып кетуіміз бек мүмкін.

Ұлттық қауіпсіздік ұлттық иммунитетпен тікелей байланысты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлі­­метінше, елімізде радикализациялану үде­рісіне 80 мыңнан астам азамат жұтылып барады екен. Оның 6 мыңы – 18 жасқа дейінгі жастар. Елімізде экстремизм мен терроризм үшін сотталған 700-ден астам адам бар болса, оның ішінде 122-сі былтыр сотталғандар. Олардың арасында он әйел мен үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Соңғы уақыттары елімізде дін жолында жүрген отандастарымыздың арасында радикалды сестің күшейіп бара жатқаны, әрине алаңдатарлық-ақ. Бұл бір жағы жас­тар арасындағы құқықтық сананың төмен­­дігін білдірсе керек дейді мамандар. Ен­­­деше мұндайда неліктен мемлекет тара­пы­нан жаппай тыйым салу шарасы қабыл­данбайды деген заңды сауал туатыны анық.

«Тыйым салумен ештеңе де шешілмейді. Сондай-ақ күш қолдану арқылы да бұл мәселені шешу мүмкін емес. Бұл тұстағы ең басты тактика саналы түрде «жақсы» мен «жаманды» түсіндіру болуға тиіс. Сон­да ғана біз белгілі бір жетістікке жете ала­­­­­мыз. Өйткені бұл бір ғана адам немесе же­­­келеген топтар айналысатын дүние емес, бүкіл қоғам болып айналысатын күр­делі мәселе. Экстремизмге қарсы тұратын бірден-бір күш – руханият саласы. Өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бой­­ларына сіңдіргенде ғана діни экстре­мизмнің де, терроризмнің де тамырына түбегейлі балта шабамыз. Бір сөзбен айтқанда ұлттық қауіпсіздікті біз ұлттық иммунитетімізді нығайту арқылы ғана нығайта аламыз», – дейді «Дін мәселелері жөніндегі орталық» ЖШС теологы Бауыр­жан Әбдірахманұлы.

Оның айтуынша, терроризмді бол­дырмаудың ең оңтайлы бір жолы – Ор­талық Азия мемлекеттерінің діни бірлес­­тіктері бірле­сіп, қоғамға шынайы діннің шапағаты мен теріс пиғылды діни ағым­дардың кесапатын түсіндіріп, аражігін ашып беру. Әр азаматтың діни сауаттылы­ғын көтеру қажет. Сонымен бірге хал­қымыздың дінмен ұштасқан салт-дәстүрін ұстану аса маңызды. Өйткені бұл мәселені құр бір елдің ғана ішкі проблемасы деп қарастыру дұрыс емес. Діни экстремизм мен терроризмнің халықаралық сипат алғаны сияқты онымен күрес те кең ауқым­да жүруі керек. Ол үшін көршілес мемлекет­тердің діни көзқарасты ортақ ұстанымға келгені маңызды.

«Терроризм қаупіне салғырт қарауға, оны елемеуге болмайды. Өйткені дәл қазір әлемде де, жекелеген мемлекеттерде де жағдай ушығып тұр. Бірақ терроризмді асыра бағалаудың да қажеті жоқ. Қоғамда дүрбелең салып, үрей мен қорқыныш ұяла­тып, қоғамдық резонанс әсе­рін күшейту арқылы терро­ристер­ге қолдау көрсетуге бол­май­ды. Себебі кез келген теракт, ең алдымен кең ақпа­раттық әсерге есептелген. Осын­дай тең­герімді ұстап тұру қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудің тиім­ді жүйесін қалып­тастыруға мүм­кіндік береді. Бірақ ең бас­тысы, терроризм, экстре­мизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың негізгі шарты – қоғам мен би­лік­тің өзара келісімі, ұлттық бір­лік», – дейді теолог Қайрат Салықбаев.

Расында да, геосаяси конъюктурада діни экстремизм қоғамды тұрақсыз­дан­дыруға бағытталатын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құралға айналып отыр. Оның экстремизмнің басқа түрлерінен айырмашылығы – мемлекеттік құрылым­­дарды күшпен өзгертуге және билікті ба­сып алуға, мемлекеттің егемендігі мен ау­­мақтық тұтастығын бұзуға қарсы пайда­­ланылатыны. Деструктивті топтардың табиғаты толеранттылық пен бейбіт­ші­ліктің нұрын шашатын, адамның қадір-қасиеті мен әл-ауқатын жоғары баға­лай­тын, ежелгі қазақ топырағында тарихи та­­мырын тереңге жіберген дәстүрлі ис­ламға өте қайшы. Ендеше елімізде бұл зұлымдыққа қарсы тұру үшін бұрынғыдан да көп күш-жігер қажет. Бұл жұмыстарды ешбір жағдайда да әлсіретуге болмайды. Кешіктірілген әрбір күн жағдайды қиын­дата түспек.

Нұрлан ҚОСАЙ