Тасқын шығыны толық өтелуі керек

Су тасқынында баспанасынан бастап қолдағы бар дүние-мүлкі жарамсыз болып қалған халықтың арасында арнайы бөлінген аз-маз өтемақының өзін уақытында ала алмай жүргендер әлі де баршылық.

Қарапайым халықпен қатар бизнес өкілдері де ірі көлемде шығынға батқан. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге тасқын судың зардабын жылдам есептеп, шығынды өтеуді шегелеп тапсыр­ғанымен, түйін әлі де болса тарқатылмай тұр...

Су тасқынының зардабы экономиканы алға сүйрейтін негізгі драйвер – шағын және орта бизнес субъектілеріне де оңай соққан жоқ. Бірқатары ондаған миллиондап шығынға батқан. Ақмола облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне жүгінсек, топан су кезінде өңірдің 49 бірдей бизнес субъектісі, оның ішінде 15 агроөнеркәсіптік кешен ірі көлемде зиян шеккен. Жалпы шығын көлемі 1 млрд теңгеден асады. 

Бұл Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірге сапары барысында анықталды. Кәсіпкерлер палатасы жоғарыда аталған министрлікпен бірлесіп су тасқынынан зардап шеккендерге шығынды өтеудің тетіктері жасалғанын жария етті. 

– Біздің мұнда келудегі мақсатымыз тасқыннан жапа шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын өтеуде мүліктерді бағалау үшін құжаттар әзірлеу және жинақтау кезінде туындайтын мәселелер мен сауалдарды анықтау және дер кезінде шешу болып отыр. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Біз Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына жасаған сапарларымыз кезінде бірқатар маңызды ұсыныс пен мәселені анықтадық. Оларды мемлекеттік органдардың қарауына жіберуге ниеттіміз. Жұмыстың нәтижесі бойынша өтемақы төлеу ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен қазір басты мәселе ауыл шаруашылығы субъектілеріне көмек жайы аса өткір болып тұр. Өкінішке қарай, қолданыстағы ережелер аграрлық өнеркәсіп субъектілеріне жатпайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынға батқан ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің шығындарын өтеу бойынша жұмыс тетігін енді ғана бастаған. Алдын ала жүргізілген есептер бойынша Қазақстанда 1 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі су тасқыны кезінде орасан көлемде шығынға ұшырапты. Ал олардың жартысына жуығы фермерлер болып шықты, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков. 

Бұл орайда жергілікті әкімдіктер құжаттарды уақытында жинап, жылдамырақ тапсыруы қажет. Құзырлы министрлік өкілі осы тұста бірқатар кедергі бар екенін жасырмады. 

– Біз әкімдіктер құжаттарды Ұлттық экономика министрлігіне жинау және тапсыруды жеделдетуге ықпал етсе екен дейміз. Яғни, біздің ведомствоға шығынның нақты сомасымен дайын құжаттар келгені жөн. Өйткені қаражаты бөлу процесі өздеріңіз білетіндей аса ұзақ уақытты қажет етеді. Егер ұсыныстар мен сұрақтар болса, біз оны талқылауға әрқашан әзірміз, – дейді Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жанабеков. 

Кездесу барысында су тасқынынан болған шығынды өтеу тұрғысында халықты толғандырған бірқатар өзекті мәселе де талқыға түсті. Мәселен, Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов бизнес субъектілерінің шығындарын өтеуде демеушілік көмек пен басқа да қорлардың есебінен тарту мүмкіндігі жайлы сұрады. Нұрбол Жанабековтың айтуынша, түйткілді өз күшімен шешу қаралмаған, яки оны бюджеттен тыс қордың есебінен өтеуге өңірлік комиссияның қарауына шығаруға болады. Кәсіпкерлерді  қолдау елдің басқа өңірлерінде де болып  жатқаны айтылды. 

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шоқатова жалпы айналымға 3 пайыз көлемінде салыққа қатысты сауал тастады. 

– Өңірлік комиссияның мақұлдауы кезінде өтемақы сомасы банк шоттарына аударылады. Бұл сома салық органдарында айналым болып есептеле ме? – деді Гүлмира Шоқатова. 

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің камеральдық мониторинг бөлімінің басшысы Азамат Бектұровтың пікірінше, қолданыстағы ережелерге сәйкес өтемақы мүліктері мен басқа да негізгі қаражатының шығыны жағдайында төленетіндіктен салық салынбайды.

Сонымен қатар техникалық тексеріс және бағалау өткізу үшін қаражаты болмағандықтан, комиссияға өтініш беруден бас тартқан бизнес субъектілерінің жайы да талқыға түсті. Нұрбол Жанабековтың айтуынша, өтемақы төлеу ережесі осы жылдың қарашасына дейін болады. Сондықтан кәсіпкерлердің осы уақыт ішінде бағалау компанияларымен келісімшарт жасасуға жергілікті атқарушы органдарға растау құжаттарын ұсынуға мүмкіндігі бар.  Бұл жерде ауыртпалықтың бәрі толықтай әкімдіктердің жауапкершілігінде. Тасқын шығынын толықтай өтеуге тиіс. 

Өңірдегі су тасқыны аса ірі көлемде шығын шектірген ауданның бірі – Атбасар қаласы. Мұнда топан су кезінде ірі өндіріс цехтары, қойма-жайлар, жеке кәсіпкер Шумилиндердің дайын өнімдеріне дейін суға кеткен еді. Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 180 миллион теңгеден асып жығылған. Шығын шеккендердің бірі жеке кәсіпкер «А.Ж.Бекмағамбетов» 35 миллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлік субъектісінің таразы ғимараты мен қондырғылары құрылыс материалдары дүкенінің ғимараттары суға кеткен. «Ашық жол» жеке кәсіпкерлік иесінің де шығын көлемі 30 миллион теңгеден асып жығылған. Электр көтергіш, дөңгелек жөндеу қондырғысы, пластикалық терезе жасайтын станоктары тасқын судан жарамсыз болып қалған. Жалпы Атбасар ауданы бойынша 20 бизнес субъектісі жапа шеккені анықталған. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Әлия Бегалинованың айтуынша, комиссияның ықпалымен барлық қажетті құжат іс жүзінде жинақталып қойған. 

Әрине, бағалау комиссиясының қорытындысын алу үшін өтінім берудің нақты алгоритмі құрылып қойған. Бұған бірінші кезекте жарамсыз болып қалған, яки толықтай жойылған мүлікті барлық растау құжаттарын тіркей отырып тізімін ұсыну қажет. Бұдан кейін аудандық және қалалық әкімдіктерге зақым шеккен мүлікті бағалауға комиссия өткізуге өтініш беру, шығынды өтеу туралы одан әрі өтініш беруге келісім алу үшін жүгіну керек. Бағалау жөніндегі комиссия өтініштерді қарастырып, қажет болған жағдайда зардап шеккен нысандарға арнайы барып, ұсынылған құжаттар мен мәліметтер негізінде өз қорытындысын жасайды. Бұдан кейін шығын болған мүліктің құнын алу немесе оны қалпына келтіру үшін өңірлік комиссияға жүгінеді. 

Әрине, тасқын судың салдарынан ірі көлемде жапа шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандарының қатары мол. Бұл орайда жергілікті әкімдіктер мен өңірлік комиссиялардың мойнына артқан жүгі аса ауыр. Қара қылды қақ жаратын әділдік пен таразы басын тең ұстау әрі әрбір мүліктің объективті түрде бағаланып, соған сәйкес тиісті өтемақысының төленуі маңызды. Бұл орайда заңды құқықтардың бұзылатын, тиісті төлемдердің уақытында төленбеу оқиғалары әлі де кездесіп жатыр. Сондықтан құзырлы органдар мен комиссиядағылар тиісті шешімді жеті рет өлшеп, бір рет кесуі әрі жылдамырақ әрекет етуі жөн.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы