Себебі осы лудомания қасіреті қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсірді, қаншама жанның өмірін қиды. Әлі қаншама жасты шеңгеліне алып, жыландай арбап жылымына батырарын кім білсін?! Қолда бар деректерге сенсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар екені анықталған. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған. Бұған қоса, ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр.
50 мың қол жинады
Осы жылдың мамыр айында мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға тыйым салу туралы петиция жарияланған еді. Петиция авторлары құмар ойындарға қатысу қызметтік міндеттермен үйлеспейтінін және сыбайлас жемқорлық пен қызметтік міндеттерді тиімсіз орындауға әкеп соқтыруы мүмкін екенін алға тартады. Олардың ойынша, шенеуніктердің құмар ойындарға тыйым салуы халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстандықтарды мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға тыйым салу туралы петицияға қол қоюға шақырды да. Тіпті, бұл бастамаға көп шенеуніктің қарсылық танытып отырғанын да жеткізді. «Бұл нормадан бас тартқысы келетіні туралы ақпарат алған кезде таң қалдым. Тұтастай лоббистер тобы жұмыс істейді, үлкен көлемде қаражат жұмсалады. Мен шенеуніктердің казиноға баруды қалай ақтайтынын елестете алмаймын. Егер олар тек өз қаражатын ысырап еткен болса жарайды, бірақ олар мұны бюджет ақшасымен жасайды», – деп жазады қоғам белсендісі.
Ақыры, қоғамды алаңдатып отырған мәселе көпшіліктің қолдауына ие болып, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға тыйым салу туралы петицияға 50 мың қол жиналды.
Бастамашылар жиналған қол биліктің назарын аударып, заңнамаға өзгерістер әкеледі деп үміттенеді.
Мәжіліс мән беріп отыр
Биыл 20 наурызда Парламент Мәжілісінде лудомания туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Онда депутаттар мен сарапшылар ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді талқыласа, 29 наурызда Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы да осы заң жобасын талқылауға арналды. Осы жылдың сәуір айында Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаса, жуырда осы заңды ілеспе түзетулермен екінші оқылымда тағы қабылдады. 5 маусымда өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойындарға қатысты заң жобасын дайындаудың қиынға соққанын, екі жыл талқыға түскенін мәлімдеді. «Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көрдім. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни, үлкен қаражат айналып жатыр», – деді ол.
Түзетулерге сәйкес, қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойын ойнауға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарына 21 жасқа толмағандар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай реестріне енген азаматтар кіреді.
«Құмар ойын ойнауға өзін-өзі шектеудің максималды мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін көтерілді. Себебі бір жыл өте аз. Көбісі осы мерзім аяқталғаннан кейін қайтадан құмар ойын ойнай бастайды. Ең бастысы, өз-өзіне қойылған шектеуді мерзімінен бұрын алып тастау мүмкін емес. Иә, біз ойынқұмарлардың құқығын шектеп жатырмыз деп айтатын шығар, бірақ шын мәнінде бұл – лоббистердің ең сүйікті аргументі. Егер адам ойын ойнағысы келіп, мұны жасай алмаса, бұл оның жауапкершілігі. Өйткені ол өзін-өзі шектеуге келісім беріп, қол қойған кезде барлық заңды міндеттемені өз еркімен мойнына алған», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев төменгі палатаның жалпы отырысында.
Оның айтуынша, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де бәс тігуге тыйым салынады. Бұл – шамамен 280 мың адам. Егер тыйымды бұзса, жұмыстан босатылады. Электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады. Жаза ретiнде 2 000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Аталған заң енді Сенат қарауына жіберілді.
Айта кеткеніміз жөн, заңға Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында депутаттар бастамашы болды.
Мәселенің мәнісі қайдан шықты?
2022 жылы Алматы облысының прокуратурасы казинолар мен ойын автоматтарының жұмысын тексеру кезінде мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарына жұмсаған қаржысын анықтаған еді. Олар ұсынған дерекке сенсек, 305 мемлекеттік қызметкер құмар ойынның қармағына ілінген.
«Тізімде Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігі көш бастап тұр. Қызметкері ойынқұмар ведомстволардың ішінде Жоғарғы сот, Қаржы мониторингі агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де бар. Казиноға барудан жергiлiктi атқарушы орган мамандары да қалысар емес», – деп жазылған ақпаратта.
Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің құмар ойынға жұмсаған қаражаты: Iшкi iстер министрлiгi – 97 млн, Қорғаныс министрлігі – 95 млн; Қаржы министрлігі – 25 млн, Жоғарғы сот – 7 млн, Қаржы мониторингі агенттігі – 15 млн, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – 3 млн, Жергiлiктi атқарушы органдар – 36 млн, басқа мемлекеттік органдар – 27 млн.
Естеріңізде болса, 2018 жылы Атырау облыстық Ішкі істер департаменті басшысының Минск казиносында жүрген бейнекадрлары әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда Аян Дүйсенбаевтың 1 миллионнан аса доллардан ұтылғаны жазылған. Алайда Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, аймақтың бас полицейінің ойынға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол шетелде демалыс кезінде ішімдік ішкен жолдасын казинодан алып кету үшін келсе керек. Ал министрлік 2014 жылы болған оқиға кезінде казиноға жұмсалған қаражаттың жолдасының есепшоты мен картасынан алынғанын анықтаған. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атыраудағы департаменті облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаевқа қатысты тексеріс жүргізбейтінін айтқан болатын. Себебі Әдеп кеңесінің төрағасы Заңда және Президент қол қойған Әдеп нормаларында «мемлекеттік қызметкер казино немесе сауық ойындарын ойнамауы тиіс» деп айқын жазылмағанын айтты. Егер аталған заң күшіне енер болса, мемлекеттік қызметкерлер бұлай құмар ойынның құрығында жүрмейтін болады.
ТҮЙІН:
2019 жылға қарағанда 2022 жылы құмар ойындар мен бәс тігу деңгейі 40 есеге артса, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Тіпті, құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. 174 мың қазақстандық 36 млрд. теңгеге бәс тіккен! Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар екені және ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себепкер болғандығы белгілі болып отыр. 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Осылайша, лудомания 21-ғасыр дертіне айналып отыр.
Наурызбек САРША