Көліктегі Полиция департаментінде 30-дан аса полицей династиясы қызмет етеді

23 маусым – Қазақстан полициясы күні!

Мерекеге орай Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласы теміржол вокзалының 1-қабатында «Полицейлер династиясы» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды. Көрмеге азаматтар мен жолаушылардың назарына 70-ке жуық фотосурет қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жұртшылықты династиялардың тағылымды тарихымен таныстыра отырып, полицейлер еңбегінің маңыздылығын көрсету. Сондай-ақ жарқын мысалдар арқылы жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыру. 

Полицейлер династиясы – бұл  қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапында жүрген отбасылар. Олар Отанға қызмет етуде  өз отбасында ұрпақтан-ұрпаққа беруді дәстүрге айналдырған. Қазіргі уақытта Көліктегі ПД мен оның желілік бөліністерінде отбасының, ең кем дегенде екі мүшесі сақшы болып қызмет ететін  30-дан аса шаңырақ бар. 

 

Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Данияр Аитов династия өз балаларын адал еңбек пен таңдаған мамандығына тәрбиелейтін аға буынның күш-жігерінің арқасында пайда болатынын айтады. 

«Ішкі істер органдарында екі, үш немесе одан да көп ұрпақ қызмет ететін отбасыларда патриотизм, ар-намыс сияқты ұғымдар жай сөз емес. Бұл династияларда қызметке деген құрмет, парызға адалдық, мамандықтың беделі бала кезінен-ақ қалыптасады. Мұнда атадан әкеге, әкеден ұлға жоғары адамгершілік құндылықтар, өзгелер үшін өзін құрбан ету қабілеті беріледі. Сондықтан дәл бүгінгі күні осы сабақтастықты сақтау және көбейту бұрынғыдан да маңызды болып отыр», – дейді полиция полковнигі. 

 

Оның айтуынша, бүгінде Көліктегі ДП және оның желілік бөліністерінде бүкіл саналы ғұмырын еліміздің ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған ардагерлердің балалары мен немерелері қызмет ететін 30-дан астам отбасы бар. 

Мысалы, Магомедовтар отбасында төрт ұрпақ өкілдерінің ішкі істер органдарындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асты. Сонау 1923 жылы Коду Магомедов Шешенстанның ішкі істер органдарында қызмет еткен. Өкінішке қарай, ол қарақшылармен айқаста қаза тапты. Ұлы Харон ол кезде небәрі бір жаста ғана еді. Әкесі қайтыс болып, отбасы Қазақстанға күштеп жер аударылғаннан кейін Харон мен оның жақындарының өмірі мәңгілікке өзгерді. Бұл ел олардың нағыз Отанына айналды. Ұрпағы ержүрек бабасының жолын жалғады. Салах Харонұлының ұлы – Хасан Магомедов 15 жылдан астам уақыт Петропавл стансасындағы желілік полиция бөлімінің жедел уәкілі болып қызмет етіп жатыр. 

Ал Әбіләкімовтер отбасында төрт ағайынды өз өмірлерін полицияға арнаған. Жауапты қызметке деген құрмет ағайындылар үшін жылдар бойы ортақ басымдыққа айналды. Бүгінде олардың бірі Үштөбе стансасындағы желілік бөліністе жұмыс істейді.

 

Федуновтар отбасындағы егіздер – Владимир мен Никита Федуновтар да әкелерінің ізін басқан сақшылар. Олардың әкесі Алексей Валерьевич полиция мамандығына 25 жылын арнаған азамат. Федуновтар ІІО-да қызмет етуді, қызметтің жауапкершілігін, қиындығы мен қауіптілігін жан-тәнімен сезініп өсті. Десек те, алға қойған мақсатына жету жолында табандылық танытып жүр. Бүгінде ағайынды жігіттер Орал стансасындағы желілік полиция бөлімінің белді әрі беделді қызметкері.

Департаменттің жеке құрамы арасында ерен ерлік көрсеткен батырлардың да балалары бар. 1992 жылы Қызылорда стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің анықтаушысы Мұратбек Өмірбеков қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Арнайы операция барысында Мұратбек Өмірбеков аса қауіпті екі қылмыскерді тұтқындағанымен, ауыр  жарақат алып көз жұмды. Полиция аға лейтенанты М.Өмірбеков қайтыс болғаннан кейін  ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Артында екі ұлы қалды. Олардың үлкені Ринат Өмірбеков – Қызылорда облысы Шиелі стансасындағы желілік полиция бөлімінде қатардағы қызметкер.  

 

Династиялардың ішінде ішкі істер саласында қызмет атқара жүріп отбасын құрғандар да жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Үсен Тастанов пен Гүлсара Бексұлтанованың отбасы. Қазір олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау сапында қызмет өткеріп жүр, әрі тұлымды қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар.

Полиция полковнигі Үсен Тастанов – Көліктегі ПД Тергеу басқармасының бастығы болса, Гүлсара Бексұлтанова құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің тізгінін қолына алған. 

Гүлсара әке жолын жалғастырып келеді. Әкесі Ыбырайхан Бексұлтанұлы ішкі істер органдарында 30 жылдан аса уақыт үздік еңбек етті. Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер полиция бөлімінің бастығы болып зейнеткерлікке шықты. ІІО-ның құрметті зейнеткері. Бұл отбасындағы полицейлер династиясын нағыз ұрпақтар сабақтастығы деуге болады. Гүлсараның немере ағасы Айбек Бекжанов та ішкі істер органдарында 24 жылдан бері қызмет етіп келеді. 

Көлік полицейлері жоғарыда айтылған барлық әулеттердің өкілдерін тәжірибелі, білімді, білікті, әрі өз ісіне шын берілген алдыңғы толқынның заңды жалғасы ретінде қадірлеп, құрмет тұтады.