Астана әуежайында ұшу кестесі өзгерді

Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағында жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

Астана халықаралық әуежайындағы жағдайға байланысты әуекомпаниялары жолаушыларға ескерту жасады, -  деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Құрметті жолаушылар, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әуекеңістігінде қатынастың көптігіне байланысты 2-4 шілде аралығында әуекомпанияның ұшу кестесіне өзгерістер енгізілетінін хабарлаймыз. Ұшу кестесі өзгерген жағдайда жолаушылар билет сатып алу кезінде көрсетілген нөмірлер бойынша хабарлама алады. Ұшып шығатын жолаушыларға қауіпсіздік тексерісінен және тіркеу процедураларынан өту үшін әуежайға алдын ала келуге кеңес береміз. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", - делінген FlyArystan компаниясы таратқан ескертуде.

Дәл осындай хабарландыруды өзге компаниялар да таратты.

SCAT, Qazaq Air және Air Astana 2-4 шілде аралығында Астана әуекеңістігінде қатынастың көптігіне байланысты әуекомпанияның ұшу кестесі өзгеретінін хабарлады.

"Рейс мәртебесін сайтымызда немесе Air Astana мобильді қосымшасында тексеріп отыруыңызды сұраймыз. Тексерістен өтіп, уақытылы тіркелу үшін жолаушыларға әуежайға алдын ала келу керек", - дейді Air Astana компаниясынан.