Отбасылық жұп – полиция қызметінде

Отбасының беріктігі үшін бір-біріне адал болу, бір-бірін қолдау, аялай білу үлкен маңызға ие. Әсіресе, ішкі істер органының қызметкерлері үшін үйдегі жылулық, тыныштық жоғары рөл ойнайды.

Ал отбасындағы ерлі-зайыптылар полиция қызметінде болса арадағы түсінісушілік пен қамқорлық арта түседі. Біздің полицейлер күніне қарсы таңдаған кейіпкеріміз де бір салада жұмыс істейтін  жарасымды жұптар төңірегінде болмақ. 

Күнделікті қызмет барысында жол-көлік оқиғасы бойынша жәбірленушінің хал-жағдайын білуге барған анықтаушы Асылхан, ол кезде өзінің болашақ келіншегінің анасынан жауап алып жатқанын білмеді. Осындай оқыс оқиға кезінде басталған таныстық, екі жұптың шаңырақ көтеруімен сәтті аяқталды. Өз ісіне тиянақты, бір сөзді, жауапкершілігі мол жас полицейдің тірлігіне тамсанған Тойсұлудың анасы қызына «Күйеу балам осындай болса ғой...» дегенінен кейін, таныстық ұзаққа созылған. Ауруханада анасының жанында жүрген бойжеткен қыз полицей Асылханның да көзіне түскен еді. Осылайша, жастардың әңгімесі жарасып кетті. Асылхан Тойсұлудың ішкі істер органдарына кіргісі келетін арманын іске асыруға бағыт-бағдар берді. Қолынан келгенінше қолдап, екеуі бірге нәтижеге жетті.

«Бүгінгі күні үйде де, қызметте де біргеміз. Ерлі-зайыптылардың бір салада қызмет жасағаны оңайырақ секілді. Бір-бірінің жұмысын жақсы түсіне алады. Таңертең ерте тұру, тәуліктің қандай уақытында болмасын шақыртуларға бару, жиналыстар да, саптық жиындар да бірге жүру екеумізге де ортақ іс. Бастаған қызметімізді аяғына дейін жеткізіп, абыроймен зейнетке шықсақ, көпбалалы полицейлер отбасы болсақ...»,  дейді осы жылдың мамырында отау құрған жастар. 

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі Асылхан Қайсарұлы Әлібай алғашқы еңбек жолын 2021 жылы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы лауазымынан бастаған. Бүгінде Сауран ауданының полиция бөлімінде қызметін жалғастыруда. Өмірлік серігі Тойсұлу Мұратқызы Нартай 2023 жылдан бері Сауран ауданында учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді.   Полицей Асылханның сөзінше, бұл мамандықты таңдап, білім алып, шыңдалуын да ата-анасының еңбегі көп. Сол кісілердің сенімін ақтап, халықтың ұлы болсам, арманым жоқ деп жеткізді. Сондай-ақ мұндай жауапкершілігі мол мамандықты таңдағанына мүлдем өкінбейтінін алға тартты.  

Полиция лейтенанты Тойсұлу тәулік бойы өзінің әкімшілік аумағында тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Жас та болса, бас болып, әріптестері арасында өзін жақсы жағынан танытып келеді. Қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Биыл «Полиция аруы-2024» атағын жеңіп алды. Ал мың жылдық құдалар, бүгінде осы екі жастың қызметте өсіп-өркендеуіне себепші, әрі қолдаушылары болып отыр.  Тағдыры мен қызметі тоғысқан ерлі-зайыпты полицейлердің мәңгі бірге болуына тілекшіміз.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы