БҚО-да Мерей ауылдық округі әкімі Орынбек Насимуллин қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әкімнің 1 маусымда түнде мас күйінде серуендегенін жергілікті тұрғындар құқық қорғаушы және «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Бауыржан Ахметжанға айтып береді. Осыдан кейін елді мекенге аудан әкімі Талғат Шәкіров пен прокурор тексеріспен келген.
Насимуллинге қатысты мән-жайлар анықталғаннан кейін ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша «алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу» бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Оған бес АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынып, ескерту берілді.
«Біз сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне сұрау жіберіп, оны тәртіптік жауапкершілікке тартуды сұрадық. Әкімнің өзі үйде сыра ішкенін айтты. Көшеде шу естіліп, ол қарауға шығыпты», – деді Бауыржан Ахметжан.
2022 жылы Орынбек Насимуллин «Үздік ауыл әкімі» атанған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.