Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі "Ашық подкаст" YouTube арнасында Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың өмірі туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол Заманбек Нұрқаділовпен кезінде араласқанын атап өтті. Сонымен қатар ол тұрған үйді мұражайға айналдыру керек деп санайды.
"Заманбек Нұрқаділовпен араласқан адаммын, үйіне бардым. Жақсылығын көрдік, араластық, іні болдық, қамқорлығын көрдік. Мақпал Жүнісова әнімді орындайды. Әлі күнге дейін сыйластығымыз бар. Мақпал тұзы жеңіл секілді көрінеді. Бірақ ол – тағдырлы әнші. Мақпал мен Заманбектің басқосуы кезінде де бір үлкен дүрбелең болды. Қазақстанда әкім болып тұрып екінші әйел алған адам үшеу-ақ. Зәкеңнің қайтыс болғанына 20 жыл. Зәкеңнің туғанына 80 жыл. Өзіңіз ойлаңызшы, заң бойынша, үйді алты айдан кейін сатуға құқылы құжатымен. Мақпалдың орнында басқа әйел болса, Зәкеңнің үйін қажет деп санамай сатар еді. Мақпалға біз рақмет айтуымыз керек. Мақпал "Зәкең өз-өзін атты" деп үш оқ тиген үйді мұражай секілді алып қалды. Қайта бұл жерде Мақпалдың Зәкеңе деген адалдығы деп білемін, екі үйді қатар ұстап отырды", – дейді композитор.
Ол алдағы уақытта Заманбек Нұрқаділов тұрған үйді мемлекет сатып алып, көшеге атын берген жөн деп санайды.
«Мен қай кезде де Мақпал жағындамын. Негізі ол үйді мемлекет өзіне алу керек. Болашақта мемлекет сол үйді мұражайға айналдырып, сол көшені Зәкеңнің атымен атаса, тіпті керемет ", – дейді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.