Құрылыс қарқынын қадағалады

«АМАNАТ» партиясының Төрағасы, Парламент Мәжілісінің Cпикері Ерлан Қошанов партияның сайлауалды уәделерін орындауда аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауға тиіс екенін айтқан болатын.

Осы орайда мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең екенін назарға алған партия Төрағасы, мәслихаттар әкімдіктермен қатар, өңірлердегі өмір сапасына жауапты болып табылатынын атап көрсетті.

Партияға үміт артқан сайлаушылардың мүддесін қор­ғауда, депутаттық корпус өкілдері тұрғындармен жүздесіп, даму бағдарламаларының жергілікті аумақтарда орындалуын бақылаудан өткізеді. Осы мазмұндағы жүздесулер жуырда Сайрам ауданында өтті. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партиялық фракцияның мүшесі Нұржан Жа­мал­беков пен партиялық бақылау комиссиясының мүше­лері, аудандағы маңызды деген бірқа­тар нысанның құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыс­тардың барысын және құрылыс барысында кездесіп жатқан түйткілді мәселелерді таразылады.

Партия өкілдері ауданның ауыл шаруашылығы сала­сында маңызды орны бар Қарасу-Ақбай ағын су кана­лын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарды арнайы барып көрді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­­масынының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тапсырысы бойынша қолға алынған жөндеу жұмыстары, былтыр қазан айында бас­талған. Нысандағы құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына толығымен аяқталуы керек деп белгіленген. Қазір осы арна арқылы егістік алқаптарға су жеткізілуде, веге­тациялық кезеңнен өткен бойда, каналдағы өткелдерді жөн­деу жұмыстары жалғасын табатын болады. Партия өкілдері құрылыс жұмыстарын қадағалау барысында, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың нысандағы құрылыс жұмыстары бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады. 

Айта кету керек, арнасын тазалау, жағалауларын бекіту жұмыстары қолға алынған Ақбай-Қарасу каналынан жүзден астам шаруа қожалықтарының егістік алқаптары су ішеді. Осы каналдан нәр алатын жердің көлемі 700 гектарға жуықтайды. Көп жыл бойы пайдаланымда болған су арна­сының, уақыттың өтісімен су өткізу қабілеті төмендеген. Ес­кірген арнаның табанын тазалау, жағалауларын бекіту, су жоғалуының деңгейін төмендету және канал үстінен өтетін көпірлерді жөндеу жұмыстары қолға алынып, тұрғындар көтеріп жатқан басты мәселе оң шешімін табатын болады.

Партия өкілдері аялдаған келесі нысан – Қарасу ауылдық округіндегі спорт кешенінің құрылысы болды. Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша салынып жатқан бұл нысанның дайындығы қазір 100 пайыз болуға тиіс еді. Қабылданған құжаттар мен бекітілген жоспарларда құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылғы маусым айы деп көрсетілгенімен, мердігер ұйым – «НұрТехСервис» ЖШС атқаруға тиіс жұмыстар әлі де болса бір төбе екені белгілі болды. Атқа­рылған жұмыстардың сапасына байланысты сын-ес­керт­пелер де көптеп айтылды. Партия өкілдері аудан әкімдігіне нысанның дайындығын қадағалауда, жұмыстың сапасын бағамдауда ширақ қимыл жүргізуі керек екенін еске салып, айтылған сын-ескерт­пелердің орындалуын аманаттық өкілдер жіті бақылауда ұстайтынын білдірді.

Манкент ауылдық округінде партия өкілдері 600 орындық Айнабұлақ орта мектебінің құрылыс алаңында болып, білім беру ұйымының дайындығын қоғамдық бақылаудан өткізді. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес, мер­зім­дерінде атқарылып жатқанының куәсі болды. Құрылыс жүргізуге жауапты мердігер ұйым – «Строй Экспресс РК» ЖШС өкілдері қаржыландыруға қатысты ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаты Нұржан Жамалбеков өз бақылауына алатынын айтып, түйткіл болып отырған түйінді тарқатуда тиісті облыстық басқармаларға сұрау салатынын жеткізді. 

Аудандағы білім беру ұйымдарының құрылыстарын қадағалау барысында партия өкілдері «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан 600 орындық мектептің құрылысымен де танысты. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстар жіті бақылауда екенін көрді және құрылыс барысында кездесетін өзекті мәселелер жедел шешім тауып жатқанының куәсі болды.

Партияның Сайрам аудандық филиалы партиялық ба­қылау комиссиясының өкілдерімен бірлесе осы және өз­ге ­де құрылыс алаңдарындағы ахуалды жүйелі бақылауында ұс­тайтын болады. Шешімін таппай жатқан немесе өзекті деп танылған мәселелер бойынша, партияның облыстық филиалын және облыстық мәслихаттағы партиялық фрак­ция депутаттарын жедел хабардар ету шешімі қабылданды.

Н.ҚОСАЙ