Аутизм орталықтарында кезекте тұр

Солтүстік Қазақстан облысындағы аутизм орталығында кезек мәселесі әлі де өзекті боп қалып тұр.

2023 жылдан бастап орталық екі ауысымда жұмыс істей бастағанына қарамастан, 253 бала әлі де мамандандырылған  психологиялық-педагогикалық қолдауға мұқтаж. Жалпы, өңірде 723 бала аутизммен ауырады.

Инклюзивті қоғам құру мәселесі «AMANAT»  партиясының СҚОФ жанын­­да­ғы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәсе­лелері жөніндегі өңірлік кеңестің оты­рысында қаралды. Облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары Динара Ана­финаның сөзіне қарағанда, жылдың соңында «Береке» шағынауданында салынып жатқан №2 арнайы мектеп-интернат қолда­нысқа берілгеннен кейін сол жерде де аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр.

«Мүгедектерге арналған көтергіш сатыны орнатуға қорытынды алынды. Сондай-ақ 3 қабатта 570 шаршы метр аумақ анықталды. Балалармен 17 маман айналысатын болады. Олар бір лекте 50 баланы қамти алады. Орта­лыққа жыл сайын 43 млн теңге қарастырылған. Оның ашылуымен біз кезек мәселесін түбе­гейлі шешеміз», – деді Динара Анафина.

Кеңес барысында мүгедек адамдарға арналған нысандарды бейімдеу, оларды жұ­мысқа орналастыру және халықтың әлеу­меттік осал топтарындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері де тал­қыланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бас­шысының орынбасары Татьяна Берес­каяның айтуынша, 2027 жылға дейін ерекше қажет­тіліктері бар азаматтар үшін 773 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мем­ле­кет­тік органдар және басқа да объектілерді бейімдеу жоспарланып отыр. Биылғы жыл­дың басынан бастап, 201 мүгедек жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 50 адам «Бас­тау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, өз істерін ашты.

Айта кетейік, осы жазда халықтың әлеу­­меттік осал топтарынан 16 644 бала сауықтыру мен демалыстың барлық түрімен қамтылған. Олардың қатарында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп­балалы отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен мүгедек жандар бар.

Н.ҚОСАЙ