Жаңа қондырғының көмегімен зауыттың қуаты екі есе артты. Кәсіпорын тәулігіне 4 500 м3 су тұшытады. Бұл өз кезегінде он мыңға жуық тұрғыны бар Сайын Шапағатов пен көршілес 15 мың адам тұратын Ақшұқыр ауылын толық ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су тұшыту зауыты шикізат ретінде жерасты суларын пайдаланып, ауыл халқына санитарлық талапқа сай ауызсу ұсынады. Алдағы уақытта өндіріс ошағы қуатын тәулігіне 6 500 м3 дейін арттыруды жоспарлап отыр. Шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай игі бастамаға мұрындық болған кәсіпкерлерге маңғыстаулықтар атынан алғысын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдегі су тапшылығын жойып, халықты таза сумен қамту жайында арнайы тапсырмасы бар. Жерлестерімізге тіршілік нәрін жеткізу ісі күн тәртібінен түспейді. Қазір облыста ауызсу тапшылығын жою үшін бірқатар жоба қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесін көретін сәт те алыс емес. Тамыз айына дейін «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылса, «СК-А-Строй» ЖШС су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 9 000 текше метрге дейін арттырады. Сондай-ақ тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6 000 текше метр ауызсу, Баянды ауылындағы су тұшыту қондырғысы арқылы тәулігіне қосымша 3 000 текше метр ауызсу Мұнайлыға беріледі», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, іске қосылып жатқан зауыттың жалпы құны – 1 000 000 000 (1 млрд) теңге. Жобаны «Алека» ЖШС «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырып отыр.