Маңғыстау облысының прокуратурасы Экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-ның («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған.
– Жұмыс істемеген арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде ақша қаражатын аудару фактілері белгілі болды.
Ал West Oil Software ЖШС-да («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда, негізсіз жалақы есептеу деректері де анықталды, – делінген хабарламада.
Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру") бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардағы 4 лауазымды тұлға ұсталды.
Қылмыстық істер облыстық Экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.
Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.