БАҚ: Таңдау. Сенім. Пәрмен.

Кәсіби мереке қарсаңында негізгі нысанаға өзімізді алатынымыз екібастан. Осы ретте Internews ұйымының сәуір айында жариялаған зерттеу нәтижесі көптен көкейде жүр еді.

Соны сөз етудің сәті енді түскендей. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінде медиатұтыну нарығы мен медиасауаттылық деңгейіне жүргізілген әлеуметтік зерттеу өзімізді тануда көп нәрсеге көзімізді ашқандай болды. Ондағы шындықты осы саладағы бірер әріптеспен сараптап көрген едік. 

Телевидение – негізгі ақпарат көзі

Сонымен ол зерттеуге сүйенсек, те­­­левидение Орталық Азияның үш мемлекетінде де негізгі ақпарат көзі болып қалып отыр екен. Интернеттің та­нымалдылығы кең болғанымен, оған де­ген сенім әлі де болса төмен. Осы рет­те зерттеуші-сарапшылар бұл мемлекет­тер­дегі халықтың медиасауаттылығы ор­таша және одан төмен екенін айтады. Зерт­теу 2019-2023 жылдар аралығында бес жылға созылған, онда да нысаны ре­­­тінде 2019, 2021 және 2023 жылдардағы көр­сеткіштер мен сауалнама жауаптары алын­ған. Медиатұтыну және медиа­сауат­тылық деген екі бөліктен тұратын зерт­теудің бізді көбірек қызықтырғаны бірін­ші бөлімі болды. Яки, үш көрші мем­­лекеттің халқы қай БАҚ-ты көбірек таң­­дайтыны, яки тұтынатыны және се­­­­не­тіні назарымызды аудартты. Мә­се­лен, Қазақстан мен Өзбекстанда әлеу­мет­тік желілер анағұрлым маңызға ие бол­са, телевидение әлі де болса ықпа­лын сақтап қалып отыр, онда да, әсіресе аға буын арасында. Ал Тәжікстанда бол­са, әлеуметтік желілер, тіпті газет-жур­налдарға есе жіберіп, танымалдығы кем ақпарат көзі болып отыр. Мұнда телевидение бұрынғысынша барлық жас санаты үшін кең танымалдылыққа ие. Осы реттен алғанда телевидение Ор­талық Азия үшін негізгі БАҚ болып қа­лып отыр. Енді қарау жиілігіне келер бол­сақ, тәжіктердің 76%-ы күнде көреді екен, ал өзбектерде бұл үлес – 60% бол­са, қазақстандықтардың жарты­сы­нан астамы теледидар қарамайды – 41%. Кон­тенттер бойынша сараласақ, көрер­мен­дердің көбіне көретіндері – жаңа­лықтар мен ойын-сауық бағдар­ла­ма­ла­ры, онда да шетел жаңалықтарынан гөрі жергілікті жаңалықтарды қолай көреді екен.

Енді интернетке келер болсақ, қа­зақ­стандықтардың 82%-ы оны күн­де­гісін күнде пайдаланады, өзбек­стан­дық­­тар – 63%, тәжікстандықтар – 40%. Кон­тенттегі таңдау білдіру жағынан да жаңалықтар мен ойын-сауық жанры – бірінші орында. Соның өзінде де, ин­тер­нет арқылы теледидар бағдарлама­ла­ры көбірек қаралады. Бұл жоғарыда айт­қандай, телевидениенің негізгі БАҚ боп қалып отырғанын нақтылай түседі.

Одан кейінгі орында – әлеуметтік же­лілер. Оған Қазақстан мен Тә­жікстан хал­қы көбірек үйір екен. Оған қоса, қазақстандықтар онлайн-шоп­пинг пен цифрлы валюталарды са­тып алуға, әсіресе әуес екені анық­тал­ған. Ал онлайн-петиция жасау, заң­намаларды талқылау сынды тағы да бас­қа азаматтық белсенділік қай мем­лекетте де сылбырлау.

Үш көршінің онлайн-коммуни­ка­ция­дағы ең көп қолданатын қосымша­ла­ры – Instagram әлеуметтік желісі, Telegram мессенджер және YouTube ви­­­деохостинг болып отыр. Соның ішін­де Қазақстан мен Тәжікстанда Instag­ram, Өзбекстанда Telegram көп пай­да­ланылады. Одан бөлек, біздің елімізде TikTok үлкен танымалдыққа ие.

Енді қай БАҚ-қа сенім көбірек деген тал­дауға келсек, теледидар жетекші орын­да қалып тұр. Онда да тәжіктер (77%) мен өзбектер (57%) көбірек сенеді. Қа­зақстан (36%) телевиденеиеге сен­бей­ді. Интернетке де сенетіндердің қа­ра­сы (23%) төмен. Осы екі көрсеткішке қа­рап, мүлдем сенбейтіндердің қарасы (17%) көп пе деп қаласың.

Ал бұқара халық меншік түріне қа­рап қай ақпарат құралына көбірек се­не­ді дегенге келер болсақ, үш елде де мем­лекеттік БАҚ сенім басым. Десе де, көр­шілеріне қарағанда Қазақстанда ол сенімнің деңгейі өте төмен. 

Халық ойын-сауық контентін көбірек жақсы көреді

Жоғарыда сөз еткен зерттеуді елі­мізге белгілі журналист, minber.kz сайтының иесі Есенгүл Кәп­қы­зымен талдағанымызда, әріптесіміз қа­зақстандықтардың арасында белгілі бір БАҚ емес, контенттік таңдау басым еке­нін айтады. Әсіресе, қазақ тілді ақ­па­ратты тұтынушылардың басым көп­ші­лігі ойын-сауық, көңіл көтеру бағыт­та­ғы контенттерді жақсы көреді, көп оқи­ды, көп талқылайды. Мәселен, шоу-бизнес өкілдері, «селебрити» деп атап жүрген атақты адамдардың өмірі қатты қызықтырады. Қандай да бір өсек ақпарат шықса, біреудің жеке ба­сы­н­дағы махаббат дүниесі, төсек мә­се­лесі, жеке сенімдері жазылса, сол мате­риал­дар өте жақсы оқылады, өте жақсы тал­қыланады екен.

«Осы тұста байқағаным, мен де бір ақпарат құралының иесімін, сол өзім­нің өнімдерімді шамам келгенше кәсіби журналистиканың стандарттарына сай, сапалы және жоғары деңгейде дайын­дауға тырысамын. Бірақ өкінішке қарай, бұл ақпараттар өтпейді. Тіпті, олар­ға таргет жасаған күннің өзінде тал­қылануы, лайк жинауы, сол арқылы сайт­қа адамдардың келуі өте төмен. Өйт­кені біздің оқырманның қалауы өз­дерінің ауылдарындағы проблемалар, өз­дерінің маңайында болып жатқан түр­лі саяси-экономикалық өзгерістер емес. Олар оған мән бермейді. Кері­сін­ше, шоу-бизнес өкілдері бар, блогерлер бар, солардың айналасында топтасып, со­лардың ақпаратын тұтынады. Сон­дық­тан да олардың айтқандары мен іс­те­ген істерін біздің ресми медиа да кө­­­шіріп басуға мәжбүр. Өйткені біздің Мә­дениет және ақпарат министрлігінің де талап етіп отырғаны «просмотр». Ал оны біз немен жинаймыз, осындай өсек ақ­паратпен ғана жинаймыз. Ал тұщым­ды, сапалы ақпараттар өкінішке қарай, жо­ғары «просмотр» жинай алмай отыр», – дейді ол.

Оның айтуынша, Internews жүр­гіз­ген зерттеуде ресми БАҚ ішінде телеар­на­лардың тұтыну деңгейі жоғары дең­гей­де болуы, ауылдық жерлердегі тұр­ғын­дардың қалауынан болуы мүмкін. Қа­зақстандықтардың жартысы ауылда, жартысы қалада тұрады десек, ауыл­дық­тардың таңдауына қаладағы үлес қо­сылып, телевидениенің қаралымын арт­тырып тұр. Бірақ телеарна негізгі ақ­парат көзі болған күннің өзінде де, оны көрушілер саны біртіндеп-бір­тін­деп азайып келе жатыр. Ал әлеуметтік желілерді қараушылар саны көбейіп келеді. Мұның себебі интернет бізде өте ар­зан әрі қолжетімді. Кез келген сәтте ин­тернетке кіру мүмкіндігі бар. Әлеу­мет­тік желіден парақша ашу тек 18 жас­­­­тан бастап деп айтылғанымен, оған жа­сөспірімдер де кіріп алған. Мәселен, Instagram-да сіздің жасыңызды сұра­май­ды, телефоныңыз бен интернет бол­са болды. Сондықтан жеңіл контент та­лап ететін адамдарға, әлеуметтік же­лілердің контенті өте өтімді. 

«Екіншіден, біздің адамдарда ой­ланғысы келмейтін тенденция бар. Әл­де біз осыны әдейі қолдан жасадық па білмеймін? Әйтеуір сыни ойлау деген жайт қазір үлкен проблемаға айналып бара жатқан сияқты. Мәселен, осы Internews-тің 90-шы жылдардың басында жасаған зерттеуінде сол уақыттарда саяси-әлеуметтік контент өте көп бол­ған екен. Олар прайм-таймда қойылған. Ал қазір, яки 2000 жылдардан бері қа­рай, көңіл көтеретін ақпараттар беру бе­­­­лең алған. Мәселен, түскі 2-ден кешкі 6-ға дейін «Қалаулымды» беру кімге ке­рек? Ол қандай мақсат? Бір ескеретіні – бұл сіз бен біздің қалтамыздан төленіп жат­қан ақшаға жасалып жатқан дүние ғой. Ал біздің салығымыздың ақшасына осын­дай контент жасау біздің телеар­на­­­лардың, ақпарат құралдарының өкіл­дерінің де арына сын дер едім», – дей­ді журналист Есенгүл Кәпқызы.

Әріптесіміздің қазақстандық­тар­дың сыни ойлау деңгейі өте үл­кен проблема деуінің жөні бар. Себебі олар әлеуметтік желіде айталған кез-кел­ген әңгімеге сенеді. Соның сал­дары­нан көптеген проблема туындап жатыр. Мә­­селен, шоу-бизнес өкілдері, «селе­б­ри­­­­тилар» қажылыққа жолдама, автомо­биль­дер сынды түрлі ұтыс ойындарын ой­натты. Бұлардың бәрі соңында алаяқ­тық болып шықты. Сонда да бол­са алданушылар қатары сирер емес. Одан бөлек, адамдармен сөйлескенде бай­қалатыны, олар қоғамды, саясатта, эко­номикада болып жатқан жаңа­лық­тарды айтқаннан бұрын шоу-бизнес өкілдерінің өмірін әңгіме қылғанды жақ­сы көреді. Олардың бір-бірімен ере­гес­кені де, жұп болып жүргені де, үй­лен­гені де, ажырасып кеткені де қызық. Сон­дықтан да жұртшылық қазір әлеу­меттік желілердегі ақпараттарға көбірек се­неді. Бұл – өте өкінішті жайт!

Әкімдер газет оқымайды, телевизор қарамайды

Елімізде бүгінде қоғамдық ақпарат­тық кеңістікте қалыптасып отырған жағдайды жұртшылықтың медиасауат­тылық деңгейінің төмендігінен көруге бо­лады. Себебі соңғы 15 жылда жүргі­зіл­­ген ақпараттық саясат сондай болды ма, телеарналар эфир уақытын се­риал­дар­мен, дорамалармен толтырды, 24 са­ғат ән мен күйге ғана арналған те­леар­­налар мен радиолар пайда болды. Осы­лайша, мінбер іздеген халық әлеу­мет­тік желілерге көше бастады. Мұнда да билік өкілдерінің қитұрқылықтары жал­ғасып, контенттік үлесте ойын-сауық­тық сипат басым боп шықты. Осы­лайша, дәстүрлі БАҚ-тың дәуірі өтіп, электронды БАҚ өзі мүмкіндігін то­лық паш ете алмады деуге болады. Оған халықтың медиасауатының тө­мен­дігі өз әсерін тигізді.   

«Бүгінде біздің халқымыз екіге бө­лі­ніп кеткенін жоққа шығаруға бол­май­­ды. Ол – билік және қара бұқара. Бір қызығы оңтүстікте билік өкілдері де, қарапайым халық та әлеуметтік же­ліге көбірек жүгінеді. Әсіресе, оның ішін­де Facebook-ке. Мысалы, қазір га­зет­терде немесе телевидениеде ау­дан­ның әкімін сынасаңыз, ол оған қи­нал­мауы мүмкін. Ал Facebook-те әшейін ғана «өкшесі қисық» деп жаза салсаңыз, анау соған өліп қала жаздайды. Қа­зақ­стан­ның басқа жерлерінде қалай екенін қай­дам, біздің өңірде әлеуметтік же­лілер патшалық құрып тұр. Бірақ бұл жер­де әңгіме қалай айтуда, қалай жет­кізу­де болу керек сияқты.

Мәселен, биліктің өкілдері қазір осы­дан 10 жыл бұрынғы билік өкілдері сияқты емес. Олар әбден кәсіби тұрғы­дан төмендеп кеткен. Сол себепті де олар әлеуметтік желіде кім не айтса, елең ете қалады. Ал бұрынғы әкімдер он­дай ресми емес әңгімеге бұрылып та қа­рамайтын. Қазір билік сұмдық қо­р­қақ болып кеткен. Көп әкімдер жақсы мен жаманды ажырата алмайды. Мы­салы, кәсіби журналисттердің газет бе­тін­де, басқа жерлерде кәсіби тұрғыда ай­тып жатқан әңгімелеріне пысқырып та қарамайды», – дейді «Оңтүстік Қа­зақстан» газетінің директоры, бас ре­дак­тор Абай Балажан.

Оның айтуынша, Президент бас­тама көтеріп айтып жүрген, жайы­лымдық жерлерді қайтару мәселе­сін бірінші көтерген «Оңтүстік Қазақ­стан» газеті екен. Осы проблеманы қо­­­ғам­­дық пікір деңгейіне дейін көтеріп, ақы­рына дейін жеткізген. Кейіннен әлеуе­меттік желіде бұл тақырып белең ал­ған­нан кейін, алғашқы бастама­шы­ла­ры елеусіз қалған. Ал шындығында оң­түстік өңірде жайылымдық жер тап­шы, жергілікті жұрт малын баға алмай отыр. Ондай жерлер не сатылып кеткен, не егістікке айналған. Одан кейін олар «Қазақстан мектептерінде ер мұға­лім­дер аз» деген мәселені көтерген. Ал мұ­ның бала тәрбиесіндегі орыны ерек­ше. Ер азаматтардың мұғалім бол­май­тын себебі айлық аз. Ол кезде «Мұғалім мәр­тебесі туралы» заң жоқ еді. Осы бас­­тамадан кейін бұл мәселеге Пре­зи­дент деңгейінде назар аударыла бас­та­ған. Абай Балажан осы мәселелер ең бі­рін­ші кезекте әлеуметтік желі емес, га­зет арқылы көтерілгенін айтады. Оның пәрменділігі де осында.

«Бірақ осыны әкімдер әлі күнге тү­сін­бейді. Олар оны оқыған да болмауы мүм­­кін. Ал біздің бастамамыз қоғамдық ай­налымға шығып, мемлекеттік дең­гей­дегі күн тәртібіне айналды. Десе де әкім­дер газет оқымайды, телевизор қа­­­­­­­рамайды. Есесіне фейк аккаунт ашып алады да, әлеуметтік желіде оты­ра­ды. Барлық әкім сондай. Сөйтеді де өзін блогерміз деп жүргендерді өзі ту­ралы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін жалдайды. Ал олардың шындығын айт­қанда, мектеп деңгейінде білімі жоқ. Екі сөздің басын қосып жаза ал­май­ды, сауатты сөйлей білмейді. Міне, сон­дайларды билік көтермелеп, түрлі шараға тартып, қоғамның «қаһарманы» қы­лып шығарады. Ал ондай блогерсы­мақ­тардың жазғанын оқысаң қате-қате, сөй­леген сөзі түсініксіз. Әңгімелесіп көр­сең, бір-жарым минут сөйлесе ал­май­сың, өткені деңгей жоқ. Сол жү­рі­сі­мен түрлі қоғамдық кеңестің, тіпті Ұлт­­тық құрылтайдың мүшесі. Сөйтіп, олар­­ды өзін мақтауға да, біреуді күс­та­на­лауға да пайдаланады. Ондай бло­гер­сымақтардың артында қазір не әкім, не ҰҚК, не финпол тұруы мүмкін», – дейді ол.

Оның айтуынша, әкімдер идео­ло­гия­ны әлеуметтік желі деп түсінеді. Мі­не, соның арқасында ұлттық идео­ло­гия­ны осындай блогерсымақтар жа­сап тұр. Басқа-басқа оңтүстік өңірдегі – жағдай осын­дай. Бұл – әлеуметтік желінің кү­ші. Оның әрине өз талаптары, өз заңды­лық­тары бар, ол жерде әркім өзінің ойын жеткізе алады. Тіпті, ресми ме­диа, сайттар, телеарналар және тағы да басқа ресми медианың өзі де өздерінің өнім­дерін тарату үшін әлеуметтік же­ліге жүгінеді. Сондықтан да әлеуметтік же­ліде сен қаншалықты белсенді бол­саң, қаншалықты оның алгоритмдерін жақсы білсең, оқырманға тікелей жол та­ба аласың. Ендеше ендігі дәуір – ин­тернетте, оның ішінде әлеуметтік же­лі­лердің пәрменділігінде.

Нұрлан ҚОСАЙ