Ауа райы болжамы: күн бұлттанып, найзағай ойнайды

Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде күн бұлттанып, найзағай ойнайды. Десе де Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының оңтүстігінде күннің ыстығы басылар емес.

Еліміздің астанасында күндіз найзағай ойнуы мүмкін.

Алматы облысының және Алматы қаласының таулы аудандарында аракідік жауын жаумақ. Жауынның салдарынан күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жауады. Солтүстік-батыстан қатты жел тұрып, құйындатуы ықтимал.

Күндіз Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл тұрады. Ал кешке қарай солтүстік-шығыстан соққан жел күшейе түседі.

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында найзағай, дауыл күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с. Облыс бойынша төтенше (5 класс) өрт қаупі сақталады. Түнде Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, қатты жауын жауып арты бұршаққа ұласады.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде 35-40 градус қатты ыстық сақталады. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында дауыл тұрып, қатты жаңбырға ұласып, бұршақ төгіледі. Қостанай облысы мен Шығыс Қазақстан облысында осындай ауа райы күтіледі.

Атырау облысында күндіз 35-39 градус қатты ыстық сақталады. Ақтөбе облысының батысында күннің ыстығы 37 градусқа жетеді Қызылорда облысында солтүстік-шығыстан соққан жел күшейіп, 15-20 м/с болмақ. 

Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында, таулы аудандарында найзағай күтіледі. Ал Ақмола облысының түнде солтүстігінде, шығысында, найзағай ғана емес, бұршақ, дауыл күтіледі. Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және Павлодар облысының шығысында қатты жаңбыр жауады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.