Отырыста «AMANAT» партиясы атынан республикалық бюджеттің 2023 жылғы орындалуына байланысты Фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы екі есеге өсіру туралы тапсырмасын еске салған ол Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жыл – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болатынын атап өтті. Осы ретте экономикалық ахуал әлі де көңіл көншітпей отырғанына тоқталды.
«Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтара алмай, қиналып жүрген жеке тұлғалардың саны 3,4 миллион адам. Оған қоса, еліміздегі тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. 1 жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өскен. Бұл цифрлар халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі. Бұл – бір.
Екінші, 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде 70 млрд теңге игерілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған. Сол секілді елімізде төлемдердің шамамен 70 пайыздан астамы банк карталары мен жүйелері арқылы қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілсе де, көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен. Ол ресми деректер бойынша – 25%. Ал бейресми мәліметтер бойынша одан әлдеқайда көп.
Келесі, ел болып табатынымыз – 14,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – шамамен 23 трлн. Яғни, 35 пайыз мемлекеттік бюджет қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ. Оған қоса, мемлекеттік қарыз сомасы жылдық бюджеттен асып жығылып 27 трлн теңгені құрауда. Ол бойынша төлейтін қызметтік шығындарымыз жылына 3 трлн жуық қаражатты құрап отыр.
Осы олқылықтарға қарамастан, Үкімет тарапынан бюджет тапшылығын Ұлттық қор есебінен жабу әлі тоқтамай келеді. Ал қорымыздағы жағдай да мәз емес. Ұлттық қор деп ауыз толтырып айтқанымызбен, онда жинақталған 60 миллиард доллар Қазақстанның сыртқы қарызына пара-пар қаржы ғана», – деді Е.Бейсенбаев.
Фракция жетекшісі, сондай-ақ ұлттық жобалардың орындалуында да олқылықтар кездесетінін атап өтті. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың қарашасынан бастап іске қосылған «Жайлы мектеп» жобасы үш рет қайта қаралған. Саны қысқарып, бастапқы межеленген 401 мектеп 369 мектепке азайған. Сондай-ақ әрбір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау шығыны да 35%-ға өсіп кеткен.
«Ауылдағы балалардың ең үздік мектептерде білім алсын деген Президенттің бірегей жобасын сапалы әрі уақытылы орындауға міндеттіміз. Әріптестер сөз басында бюджеттің атқарылуы бойынша бірқатар сыни мәселеге тоқталып өттік. Әрине, жұмыс болған соң, қателіктердің болатыны анық. Сондықтан Парламенттегі ең ірі фракция ретінде, жоғарыда көтерілген мәселелердің осы жылдың соңына дейін оң шешімін табуын сұраймыз», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат проблемаларды көтеріп қана қоймай, бюджеттің атқарылуындағы жетістіктерге де назар аудартты. Үкіметтің күрделі кезеңде жұмыс істеп жатқанын атап өткен ол «AMANAT» партиясы Үкіметтің есебін қолдайтынын жеткізді.
«Былтыр әлемде геосаяси тұрақсыздықтар, валюта нарығындағы ауытқулар мен дәстүрлі логистикалық байланыстардың үзілуі жиі болып, олар еліміздің экономикасына теріс әсерін тигізгені белгілі. Соған қарамастан, елімізде инфляция көлемі былтырғымен салыстырғанда екі есеге төмендеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономиканың өсімі 5,1% құрады. Бұл – бір. Екіншіден, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы да табысты іске асып, одан түскен қаражатқа қажетті әлеуметтік нысандар салынуда. Үшіншіден, республикалық бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып келеді. Төртіншіден, еліміздегі ең ірі өнеркәсіп орны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мемлекет иелігіне қайтарылды. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, «AMANAT» фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің игерілуі туралы есебін бекітуге болады деп есептейді», – деді фракция жетекшісі.