Басталмай жатып шуға айналған "Бірақ..." ток-шоуының қатысушысы күйеуінен ажырасып тынды

Талай жыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Гүлмира Смаилова күйеуінен ажырасып, алиментке өтініш берген.

"Қорғау Астана" қорының жетекшісі Анна Рыль өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады., деп хабарлайды Aikyn.kz.

“Кешегі күн қуанышты жаңалықпен аяқталды. Гүлмираны ажырасу бойынша сот процесінің аяқталуымен құттықтаймыз. Сонымен қатар наурыз айында алимент өндіру туралы талап-арызбен жүгінген едік. Сот шешімі бойынша әр балаға небәрі 10 000 теңге алимент төленетін болды. Алимент өндіру туралы шешім заңды күшіне әлдеқашан енді. Бірақ әлі күнге дейін бірде-бір рет алимент төленбеді”, – делінген жазбада. 

Айта кетейік, Гүлмира Смаилова 6 баланың анасы. 

Еске салайық, бұған дейін “Бірақ...” бағдарламасының алғашқы шығарылымында күйеуінен ұзақ уақыт бойы таяқ жеп жүрген әйел келіп мәселесін айтқан еді. Желідегі жазылған пікірлерде әйелдің ток-шоуға күйеуінің келетінін білмегені айтылады. Бағдарлама барысында күйеуі ортаға шығып, ұйымдастырушылар ұсынған гүлді әйеліне беруге ұмтылады. Алайда әйел одан көп қорлық көргенін алға тартып, гүлді алудан бас тартады. Осы сәтте жүргізуші “рамазан айы” екенін еске салып, татуласуға шақырады. Бірақ әйел бағдарламаның ортасында қатты қорқып, жылап қалғанын көруге болады.

 

Кейбір адам телеарна әйелді жұрттың алдында қорлады деп бағдарламаның жабылуын талап еткен. Көп уақыт өтпей мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева “Бірақ...” бағдарламасының жабылатынын мәлімдеді.