Маңғыстауда фельдшерлер жедел жәрдем көлігінде әйелді босандырып алды

Фельдшерлер тиісті мекенжайға жетіп, жүкті әйелдің жағдайын қарап-тексеріп, перзентханаға апармақ болған.

Маңғыстаулық фельдшерлер Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының тұрғынын, жүктілігінің 37 аптасындағы аяғы ауыр әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше,

8 шілде күні Мұнайлы ауданы Батыр ауылы бойынша жүкті әйелге шақырту түскен. Фельдшерлер тиісті мекенжайға жетіп, жүкті әйелдің жағдайын қарап-тексеріп, перзентханаға апармақ болған. Бірақ нәресте перзентхананы күтпей, жолда жедел жәрдем көлігінде дүниеге келді.

«Жүктіліктің 37-аптасындағы әйелді Батыр-Ақтау тас жолында Облыстық перзентханаға жедел жәрдем көлігімен әкеле жатқанбыз. Кенеттен жүкті ананың толғағы жиілеп, босандырып сәбидің аман-есен дүниеге келуіне көмектестік. Жедел жәрдем фельдшерлері босанудың кез келген кезеңіне тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дер кезінде ана мен сәбидің амандығы үшін күш саламыз. Себебі бізге әр минут маңызды саналады. Дүниеге келген сәбидің дауысы қарқын, тері жамылғысы қызғылт, қимылы ширақ, рефлексі сақталған», - деді Мұнайлы жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Күнсия Бекназарова.

Айта кетейік, Мұнайлы жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшерлері Күнсия Бекназарова мен Камила Кеулімжаева кіндігін кескен сәби бүгінгі күні “Маңғыстау облыстық Ана мен бала орталығында анасымен бірге қадағалауда. Мамандар ана мен баланың жағдайы жақсы деп бағалап отыр. Осылайша, жедел жәрдемде дүниеге келген сәбидің салмағы – 3 200 кг, бойы – 52 см. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.