Оралдық жасөспірімнің өліміне себепкер болған құбыр иесі табылмай жатыр

Оралда 12 жастағы Аман Сейфолланың қазасына кінәлі су соратын қондырғының иесі әлі табылмады.

"ASTANATV" арнасының мәліметінше, шенеуніктер қанды құбырдың қожайынын анықтау үшін "Жайық-Каспий бассейні" инспекциясына хат жолдаған. 

Айта кетелік, жеткіншектің құбырға кеткен денесі Деркөл өзенінен шығарылған болатын. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Десе де, өзеннен су соратын құрылғының жұмысы әлі тоқтатылмаған. Ал қайғыдан қан жұтқан Аманның анасы дәл осы қондырғыдан бес-алты жыл бұрын тағы бір баланың денесі табылғанын айтады.

"Балалармен әрдайым еріп баратын. Осы жолы ағасы бармай, онымен бірге шықпай қалды. Шыдай алмай артынан барған. Келгенде үлгере алмаған ағасы. Жүзу білетін бала негізі. Тек насосқа тап болғаны болмаса. Насос ұстап қалмаса, аман қалатын еді балам", – дейді Мейрамгүл Есетова.

Су астындағы құбырға жұтылған Аманды құтқарып алуға ұмтылған ересектердің де күші жетпеген. Кейін көмекке келген төтеншеліктер құбырды арнайы құрылғымен кесіп, баланың денесін құрсаудан шығарған. Алайда бәрі де кеш еді.

"Аяғын құбыр сорып алған. Сол аяғы екі бүктеліп, тұрбаның ішіне кіріп кеткен. Тіпті айыра алмаған. Проводын тартып үздік. Негізі оның аузына сетка болуы керек. Құбыр су сорғанда балық та, қоқыс та өтіп кетуі мүмкін", – дейді баланың атасы Болат Есетов.

Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, адам өлімін жазатайым оқиға ретінде тіркепті. Бір қызығы, су соратын қондырғының қожайыны кім екенін әлі ешкім білмейді.

Ауыл әкімдігінің дерегінше, өзен бойында осындай он шақты қондырғы бар. Көбінің қожайыны белгісіз. Енді оларды токтан ажыратып, иесін түгендемек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.