Ми қайнаған ыстықта қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақты саялайтыны белгілі. Субұрқақ қаланың эстетикалық көрінісін жақсартып қана қоймай, климаттың тұрақтылығына әсер етеді. Дегенмен субұрқақтың пайдалы тұстары мол бола тұра, оның зардабына ұшырайтындар да жоқ емес. Дәлірек айтсақ, субұрқақ маңында көрсетілген ескерту тақтайшаларды елемей, өз басын қауіпке тігетіндер жиі ұшырасады. Ережеге бой бермеу мен жеке бастың қауіпсіздігіне жауапсыздықтың салдарынан қас-қағым сәтте өмірімен қош айтысқандар қаншама?! Таяуда Алматы қаласындағы университет маңында жас жігіттің субұрқаққа түсіп, нәтижесінде достарының көз алдында ақтық демі үзілгені көпке мәлім. Осыған ұқсас оқиғалар жаз маусымы басталысымен еліміз бойынша жиі қайталанатын жағдайлардың біріне айналды.
Үш тілде тиісті ескерту жазылады
Бүгінде мегаполисте жалпы саны 150 субұрқақ бар. Оның ішінде 66 субұрқақ коммуналдық, ал 84-і жеке аумақта орналасқан. Мамыр айының алғашқы күнінен бастап іске қосылған субұрқақтарды тұрғындар таңғы 08.00-ден бастап түнгі 23.00-ге дейінгі уақыт аралығында тамашалап, бой сергіте алады. Қазір субұрқақтардың қауіпсіздігіне жауап беретін тиісті мекемелер сәтсіз оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін қандай міндеттерді жүзеге асырып отыр? Мамандар Алматы қаласындағы субұрқақтардың қауіпсіздігін қаншалықты жиі назарда ұстайды? Біз осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін Алматы қалалық субұрқақтар шаруашылығына сауалымызды жолдаған едік. Қалалық субұрқақтар шаруашылығын жүргізу бөлімінің басшысы Күмісбек Амангелдиевтің айтуынша, жыл басынан бері коммуналдық субұрқақтарда сәтсіз оқиғалар болған.
– Алматы қаласындағы субұрқақтардың қауіпсіздігі – мамандардың жіті назарында. Күн сайын субұрқақ шаруашылығының бригадирлері, сондай-ақ жоспарлау және жөндеу бөлімі келушілерге электр қауіпсіздігі және қауіпсіздік техникасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар әрбір субұрқақтың жанында шомылуға тыйым салынатыны туралы ескерту тақтайшалары орнатылған. «Алматы қаласының субұрқақ шаруашылығын ұстау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі Қағидаларына» сәйкес субұрқақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамдар мен жануарлардың шомылуына жол берілмейді. Бұл туралы мемлекеттік тілде, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерінде тиісті ескерту қалқандары орнатылады, – дейді Күмісбек Түсіпбекұлы.
Елімізде жұқпалы аурулардың таралуына тағы бір себеп – суы ауыспайтын субұрқақтар. Осы ретте субұрқақ арқылы көбіне қандай жұқпалы аурулар таралады? Оның шипасы бар ма деген сұрақ туындайды. Сауалдарымызға жауап берген Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы биылғы жылы субұрқақта шомылумен байланысты жұқпалы аурулар тіркелмегенін жеткізді. Есесіне 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында шаһарда жедел ішек инфекциясына қатысты 132 жағдай тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 68,9 пайызды құрағаны анықталды. ЖІИ жұқтыру факторларының 56 пайызы тамақты дайындау және сақтау технологиясын бұза отырып үйде әзірленген тағамдарды тұтынуға қатысты болса, 23,4 пайызы жуылмаған көкөністер мен жемістерді жеу, ал 20,4 пайызы жеке гигиенаны сақтамаудың салдарынан туындайды.
Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, аурудың берілу жолдары мен себеп-салдарын анықтау бойынша апта сайын мониторинг жүргізіледі. Эпидемиологиялық маусымда, яғни мамырдан қыркүйек айына дейін субұрқақтардың су сапасына зертханалық мониторинг ұйымдастырылып отырады. Тексеріс нәтижелеріне сүйенсек, мамыр айынан бері субұрқақтардан 125 су сынамасы алынып, олар энтеровирустық инфекциясы бойынша зерттелгені белгілі болды. Нәтижелері теріс.
– Субұрқақтағы су адамдардың шомылуына, жүзуіне арналмаған. Негізінен, олар ауаны ылғалдандыруға және аймаққа эстетикалық көрініс беру үшін орнатылған. Субұрқақтың суы жиі жаңартылмайды, сондай-ақ субұрқақта әртүрлі инфекцияның қоздырғышын тасымалдайтын қаңғыбас иттер мен құстар шомылуы мүмкін. Одан өзге атмосфералық жауын-шашын мен шаңның қонуы әсер етеді. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты судағы микроорганизмдер тез көбейеді, – дейді СЭБ департаментінің басшысы.
Паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары
Қасымхан Алпысбайұлы субұрқақта шомылған кезде бактериялық, вирустық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып келетінін атап өтті. Оның ішінде, конъюнктивит, гельминттік инвазия, жіті ішек инфекциясы, энтеровирустық, ротавирустық инфекциялар, А вирустық гепатиті сынды түрлі ауру бар. Департамент басшысы науқастарға емді медициналық ұйымның дәрігерлері тағайындайтынын, адамның өз бетімен емделуге болмайтынын ескертеді.
– А вирусты гепатитін алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. ВГА-ға қарсы вакцинациялау 2 жастағы балаларға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық ұйымда тегін жүргізіледі. Су, тамақ арқылы берілетін ауруларды алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтау қажет. Тұрғындарға тек қана арнайы келісілген орындарда ғана шомылуға тиіс екенін ескертеміз. Адам шомылған кезде суды жұтпауға тырысқаны жөн. Сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішуге, белгісіз су көздерінен, әсіресе санитариялық жағдайы нашар аймақтарда қайнатылмаған суды ішуден аулақ болуға шақырамыз, – деп сөзін түйіндеді Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қ. Алпысбайұлы.
Айына бір рет тазарту жұмыстары жүргізіледі
Жоғарыда аталған жұқпалы ауру түрлері кең таралмас үшін субұрқақ суының тазалығын бақылауда ұстау маңызды. «Қаладағы субұрқақтардың суын жиі ауыстырып отырасыздар ма?» деген сауалымызға Қалалық субұрқақтар шаруашылығын жүргізу бөлімінің басшысы төмендегідей үн қатты:
– Коммуналдық субұрқақтарда бекітілген кесте бойынша арнайы тазалау құралдары мен реагенттердің қолданылуымен айына бір рет тазалау жұмыстары жүргізіледі. Субұрқақ суының ластануына байланысты кейбір субұрқақтарда айына екі-үш рет тазалау жұмыстары ұйымдастырылады, – дейді К. Түсіпбекұлы.
Бұл коммуналдық субұрқақтардың ластануын, жұқпалы аурулардың таралуын алдын алуға бағытталған тазалық жұмыстарының бір бөлігі ғана. Одан бөлек, жеке аумақта орналасқан 80-нен астам субұрқақтың қазіргі ахуалы қалай?..
Алматыдай алып шаһардың субұрқақтармен көптеп толығуы – қала әсемдігі мен аптап ыстықта ауаны ылғалдандыру үшін тиімді екенін жоғарыда атап өттік. Алайда жаздың сәніне айналған субұрқақтарды пайдалануда ата-аналар жеке басының және балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса, әрбір азамат жауапкершілікті сезінсе екен дейміз.
Алматы қаласы
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ