Тұрғындар тарапынан негізінен электрмен жабдықтау, білім беру және әлеуметтік мәселелер мен тұрғын үй мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар қабылдауға электрмен жабдықтауға қажетті әртүрлі өнім шығаратын Қазақстанға және одан тыс жерлерге танымал «Кэмонт» кәсіпорнының басқарушы директоры Б. Спатаев келіп, кәсіпорынның бүгінгі ахуалы туралы айтып, қолдау сұрады. Кәсіпорын трансформаторлық қосалқы стансалар және басқа да жабдықтар шығарып, оларды орнатумен, іске қосу және жөндеумен айналысады.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кәсіпорын басшысы маған Мәжіліс депутаты ретінде осы кәсіпорынның экономикалық жағдайын түзетуге жәрдемдесу туралы өтініш білдірді. Өйткені бүгінде мамандық бойынша 248 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы қарызы шамамен 7 миллиард теңге, оның ішінде жалақы бойынша 710 млн теңге екен. Бұрынғы басшысы Астана қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Мекеменің жағдайы қиын. Жұмысты дұрыс жолға қою арқылы бұл жағдайды реттеп, түзетуге болады. Облыс басшылығы тарапынан қолдау бар. Барлығымыз мұндай бірегей кәсіпорынды бірігіп қолдауымыз керек, – деді Ұлықбек Тұмашинов.
Депутат еліміз трансформаторлық қосалқы стансалар сияқты маңызды өнім өндіретін кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, осы салада білікті мамандар даярлауға күш салуы қажет екенін атап өтті. Өңірдің экономикалық өсуіне ықпал етіп қана қоймай, энергетика саласындағы қауіпсіздік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ететін осындай кәсіпорындарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалу қажет екеніне баса назар аудартты.