«АртСпорт» қарқынды дамуда

Қарағанды облысында «Арт­Спорт» жобасын қаржыландыру жыл сайын ұлғаюда. Бағдарламаға сұра­ныс артып келеді, сондықтан биыл бас­тап­қы қарастырылған сомаға қо­сымша қаражат бөлінді.

– Бағдарламаның мақсаты – 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды үйірмелер мен секцияларда тегін біліммен қамту. Егер 2021 жылы шығармашылық мемлекеттік тап­сырысқа 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, қазіргі қаржыландыру 1,3 млрд тең­геден асады, – дейді Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Жыл өткен сайын бағдарламаға сұра­ныс артып келеді, сондықтан биыл баст­ап­­қы қарастырылған сомаға қосымша қа­­ражат бөлінді. Бұл жыл соңына дейін 6 720 ваучерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

– Біз «АртСпорт» бағдарламасының қатысушыларының уайымын түсінеміз, бірақ бірнеше рет айтылғандай: шығар­ма­шылық мемлекеттік тапсырысқа қосымша сома бөлінді, соның арқасында бала саны 800 адамға артты. Бағдарламаға сұранысты ескере отырып, келесі жылы бюджет мүм­кіндіктеріне байланысты қаржылан­дыру мәселесі қаралатын болады, – дейді Еркебұлан Жұмакенов.

Қарағанды облысында балалар «Арт­Спорт» бағдарламасы бойынша шығарма­шылықпен және спортпен тегін айналысып жатыр. 2021 жылы іске қосылғаннан бері оған бөлінген қаржы жыл сайын өсіп келеді. Биыл 3,6 млрд теңге бөлінді.

Облыста мемлекеттік спорттық тапсырыс саны та көбейді. Биыл бұл ба­ғытқа 2,3 млрд теңге бөлінген. Қазір 61 қызмет көрсетуші бар, спорттың 23 түрі бойынша 206 секция жұмыс істейді. Қамтылған 10,6 мыңнан астам баланың бір жарым мыңға жуығы – ауылдық елді мекеннен.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ