Марқұмдардың мәйіттері жолдың шетінде, жолдан өтіп бара жатқан адам тауып алғанға дейін жатқан, – деп жазады Aikyn.kz.
Stan.kz жазғандай, марқұмдар Динара Несіпбаева мен Шыңғыс Кенжебаевтың артында 3 және 4 жастағы екі ұлы қалды. Динара мен Шыңғыс 2019 жылы үйленген, Шыңғыс Хромтау қаласында вахтада жұмыс істесе, Динара Ақтөбе қаласындағы спорт мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген, жас отбасы пәтер жалдап тұрып, жеке баспанаға ақша жинап жүріпті.
23 шілдеде туған күн кешінен шыққан мас полицей жас жұбайларды қағып кеткен, оқиға орнынан қашып кеткен. Сол түні Динара мен Шыңғыс ата-әжесінің үйінен шығып, жолдың жиегінде велосипедпен келе жатыпты. Қайғылы оқиға кезінде көлікте полицейдің кішкентай ұлы болған.
"Динара мен Шыңғыстың енді жоқ екеніне сенгім келмейді, олар небәрі 25 жаста еді, өмірлері алда еді... Олар ешкімге жамандық жасаған жоқ, бәріміз жақсы көретінбіз. Оларсыз қалай өмір сүреміз?" – дейді Шыңғыстың атасы Кенжебай Имашев.
Марқұмдардың туыстары тергеу біржақты жүргізіліп, кінәлі лайықты жазаланбай ма деп қауіптенеді.
"Бұл бізді қатты алаңдатады, біз қарапайым халықпыз... Бұл біз үшін үлкен қайғы. Шыңғыс ішпейтін, темекі тартпайтын, балаларын қатты жақсы көретін, енді оларды біз өсіруіміз керек. Балалар үшін бірден екі ата-анасының орнын қалай баса аламыз? Біз кінәлі адамды кешіре алмаймыз. Әйелім екеуміз күні-түні жылаймыз, қайғымыздың басылатын түрі жоқ", – деді Шыңғыстың атасы.
Облыстық Полиция департаменті қызметкердің жауапқа тартылатынын, қазір жол апатына қатысты "көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
Полицияның мәліметінше, оқиғаның полицейдің ол уақытта жұмыста болмағанын және қызметкердің жеке көлігінде болғанын атап өтті.