Алаштың ардақты ғалымы еді...

Арысы Күлтегін, Орхон, Енисейдің, берісі Шыңғыс, Жошы хандықтарының тастағы тарихын танып, алты Алашқа сүйіншілеткен, тарих үшін «күндіз күлмеген, түнде ұйықтамаған» ғалым, шығыстанушы, «Құрмет» орденінің иегері, академик Қаржаубай Сартқожаұлы 77 жасында дүние салды.

Бар саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, түркі тарихының түпкі танымын түгендеген тұлғаның қазасы тұтастай жұртты қапалы һәм қаралы жағдайға қалдырды. Ендеше қалың қазаққа көңіл айта отырып, ардақты Алашы үшін «алаң да алаң күн кешкен» арда ғалым жайлы қазанамамызды ұсынамыз.

Ананың аманаты – Алаштың аманаты!

Бітік тастың білгірі атанған Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы 21 наурызда Моңғолияның Баян-­Өлгей аймағында дүниеге келген. Саналы ғұмырын түркі әлемі мен түркі руханиятын зерттеуге арнаған ғалымның еңбегі ұшан-теңіз. Ұлтының жоғын жоқтаған ғалымның «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбегінің тұсаукесерінде: «Бүкіл өмірімді көк түрік тарихымен байланыстырып келе жатқан адаммын. Саналы ғұмырымды осы тақырыпты зерттеуге арнадым. Университеттің бір­ін­ші курсынан бастап айналысқан тақырыбым – осы. Кішкентай ғана ізденістен басталған дүниені бүгінге дейін ұлғайтып, тереңдетіп, түркі тарихының түбіне тереңдеп барамыз. Қазіргі жағдайда Моңғолия жеріндегі, шығыстағы, сосын Батыс және Орталық Қытайдан табылған көне түркі, яғни руна (бітік) жазуымен түріктердің өз қолымен жазып қалдырған құжаттарын ақтарып-төңкеріп, зерттеу­ді бастап кеттік. Жалпы алғанда, 50 жылғы еңбегім осы тақырыпқа арналып отыр. Соның жиынтығы ретінде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбекті әзірледім» деген болатын.  

Тарихшы, ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлы жазған естелікте Қаржаубай ағамыздың өмірлік ұстанымы, түпкі мақсаты мен ғұмырлық мұраты былайша суреттеледі: «Қаржаубаймен жиі кездесіп тұрамын. Сондай кезекті бір кездесуде сырласып отырғанымызда Қаржаубай «Мені адам қылған анамның бір ауыз сөзі ғой» дегенді айтып қалды. Мен таңырқай жүзіне қарадым. Ол толқыған ішкі сезімін баса алмай біраз үнсіз отырып барып, маған беймәлім өзінің өмір жолын тарқатты. − Мен әкемнен жастай айырылып, анамның тәрбиесінде, бір үйдің еркесі болып, қайыру көрмей өстім, – деп бастады ол әңгімесін. – Тентек болдым. Анамның ағай­ынға, туыс-туғанға сыйлы, ерекше қадірлі кісі болғандығынан шығар, ауылдастарым да менің тентектігімді көтеріп, бетімнен қаққан емес. Құдайдың берген бір абыройы, оқуды да жақсы оқыдым. Алға қойған нақты мақсатым болмаса да, менде жоғары оқуға түсуге ертең жүремін деген күні анам қасына шақырды. «Кел, балам, мында отыр» деп алдында жатқан көрпешені нұсқады. Мен «бірдеңе боп қалды ма?» деген оймен анамның жүзіне қарап едім, біртүрлі мейірімді шуақ төгіліп тұр екен. Бірден жайылып сала бердім. − Жолға дайындалып жатырсың ба? – деп сұрады. Мен басымды изедім. − Дұрыс, жолың болсын! − Анам толқи үн қатты. − Ертең жол жүрерде қарбалас болады ғой деп, оңашада аналық аманатымды айтайын деп әдейі шақыртып отырмын. Дұрыстап тыңда, әр сөзімді санаңа құйып ал, − деді. Үнінде жаңағы толқу жоқ, сабырлы да салмақты леп бар. − Үйден алғаш сыртқа шығып, қалың моңғолдың ортасына бара жатырсың. Алда тағдырыңның саған қандай сый тартатынын білмеймін, бірақ қайда, қандай жағдайда жүрсең де, өзіңнің қазақ екеніңді, текті халықтың ұрпағы екеніңді жадыңнан шығарма! Қазақ екеніңді мақтан тұт! Әрқашанда ұлы бабаларыңның рухына сай тектілік мінез танытатын бол! Бұл – бірінші аманатым. Артыңдағыны санама, алдыңа қара. Мақсатың зор болсын. Ер-азаматтың өмірлік серігі – кәсібі. Кәсібіңді таңдай біл және оған өле-өлгенше адал бол! Сонда халқыңа пайдаң тиеді, қатарыңда қадірің артады. Бұл – екінші аманатым. Қазақ деген қабыр­ғалы ел едік, тағдырдың жазуымен үшке бөліндік. Ең негізгі атажұртың орыстың боданында, басында темір ноқта. Құдайдың ерекше бір құдіреті болмаса, ол ноқтадан енді босау жоқ. Екінші мол бөлегі қытайдың бодандығында, басында кендір ноқта, замана суы тиген сайын ширыға қысып, тынысыңды тарылта береді. Одан да құтылу екіталай. Үшінші бөлегі моңғолдың бодандығында. Ол – біз. Басымызда жіп ноқта. Сәті келсе, бұл ноқтаны үзуге де болады, қайта жалғауға да болады. Орыстар мен қытайға қарағанда моңғолдар өзіміз сияқты көшпелі халық қой. Қалай дегенде де, мұнда күнелту жеңілірек. Бірақ «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген аталарың. Үмітсіз – сайтан. Үміт үзуге болмайды. Құдайдан құдай болып, темір ноқтаның талқаны шығып, қазақ елі азаттыққа жететін заман болса, мұнда жағдайым жақсы екен деп жүріп қалма, қанат байлап, атажұртқа ұш. Ұрпағыңды ата-баба рухы сіңген қазақ даласына жеткіз. Бұл – менің үшінші аманатым. Менен туған ұл болсаң, осы айтқандарымды орындауға серт байла. Осы сөздер мені ештеңе ойлатпайтын балалықтың базарынан жұлып алып, есейгендердің есігіне кіргізіп жібергендей болды. Анам алдынан әлдебір үлкен жауапкершіліктің салмағын сезініп, ой құшағында сыртқа шықтым. Сол күні іштей ана аманатын қалай да орындауға серт байладым» делінген естелікте.

Осындай сертті жанына серік еткен Қаржаубай Сартқожа 1973 жылы Моңғолияның мемлекеттік университетін тәмамдайды. Араға 10 жылдан астам уақыт салып Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының аспирантурасында білім алады. Алғаш еңбек жолын өзінің туған өлкесі Баян-­Өлгей аймағындағы №10 мектепте ұстаздық қызметтен бастайды. 1975-1989 жылдары Моңғолия Ғылым Академиясының Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989-1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарды. Мемлекеттік қызметке араласып, Баян-Өлгей аймағының мәслихат төрағасы лауазымын атқарды. Моңғолия Ғылым Академия­сының Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып жүріп, атамекенге оралып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ұстаздық қызмет атқарды. Тарих ғылымының кандидаты, профессор, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы әдебиет саласында аз еңбек сіңірмейді. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптары жарық көрді. 250-ден астам ғылыми мақаланың авторы. «Бір автобустағылар» (1986) атты кітабы моңғол тілінде жарық көрген. «Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков» (Астана, 2001) атты ғылыми кітаптары жарыққа шыққан. 30-ға жуық ғылыми мақаласы орыс, француз, ағылшын, моңғол, қазақ, қытай тілдерінде ғылыми басылымдарда жарияланды. Ол Түрік қағанатының мемлекеттік тілінің де, Орхон мәтіндері тілінің де қыпшақ тілі болғанын дәл­елдеп, «Көк Түріктер ескерткішінің тілі ұйғыр тілі» деген тұжырымды теріске шығарған. Моңғолиядан көшпенділер мәдениеті, көне түрік тарихы, жазу емлесіне қатысты құнды жәдігерлерді Астанаға тасып, әлемде баламасы жоқ «Көне жазу тарихы музейін» ашқан. 

 

Қойшығара Салғараұлы,

 тарихшы, жазушы:

Ғылымдағы теріс тұжырымды дұрыстады

Қаржаубай да әуелде ауылдан мұғалім боламын деп аттанып, Моңғолияның мемлекеттік университетінің Филология факультетіне түсіпті. Жазушы болуға талпынып, шағын әңгімелер жазыпты. Сөйтіп жүргенде, ол бірде өзі жаздырып алдырып жүрген «Білім және еңбек» журналынан көне түркі жазуы туралы жазылған қазақ ғалымы Ғ.Айдаровтың мақаласын оқиды. Осындағы беймәлім жазулар қатты қызықтырады. Өзінің сонау бала кезден көріп-өскен тастағы жазулар бірінен кейін бірі көз алдына елестеп, өзін әлдебір белгісіз күш сиқырлап алғандай, сол жазулардың сырын білуге құмарлығы артады. Көне түркі әріптерін жаттап алып, қолына түскен ескі мәтіндерді тапжылмай, сағаттап отырып оқуға кіріседі. Бірақ бұл әрпін білсең, ежіктеп оқып кетуге көнетін жазулар емес екен. Оның ережелерін меңгеріп, сөздің дауысты дыбыстары жазылмайтынын, мысалы, «қаған» деген сөздің «қғн» ғана болып жазылатынын, қай дауыссыз дыбыстан кейін қандай дауысты дыбыс келетін заңдылықтарын танып-білудің өзі талай уақытын алады. Қатты қиналады. Бірақ мұқалмайды. Ұстазының көмегімен көне түрік жазуының тарихымен, ғалымдардың еңбектерін оқумен айналысады. Сөйтіп жүріп, көне түрік жазуының оқылу кілтін тауып, әлемге паш еткен дат ғалымы атақты В.Томсеннен бастап, орыс ғалымдары В.Радлов пен С.Маловтың, түрік ғалымдары Н.Оркун мен Т.Текиннің, қазақ ғалымдары Ғ.Айдаров пен А.Аманжоловтың және басқалардың еңбегімен танысады. Олардың оқыған Орхон жазуларының мәтінін тікелей өзі көшірген мәтіндермен салыстыру арқылы кейбір таңбалардың қате көшірілгенін, сондай-ақ дұрыс көшірілгенмен, кейбір сөздердің тіпті аударылмай қалғанын, ал аударылғанының кейбірінің мағынасының дұрыс берілмегенін көреді. Осындай бейнеті ауыр зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыру барысында ол көне түрік жазуының толық құпиясын ашу үшін тек жазу тарихын оқу аздық ететінін, сонымен бірге осы жазба-мұраны өмірге әкелген түрік халықтарының төл тарихын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дүниетанымын тұтас танып-білу қажеттігіне көз жеткізеді.

Қаржаубайдың осы кешенді зерттеу әдістемесінде тарихтың орны ерекше байқалады. Үнемі сабақтас ғылымдардың зерттеу тақырыбына қатысты нәтижелерін салыстыра зерделегенде, алдымен тарихи деректерге басымдық беріп отырады. Оның байырғы түріктер мен көне қытайлардың тарихи жазба деректеріне сүйене отырып, Орда-балық қаласының Бірінші Шығыс Түрік қағанаты тұсында салынғанын анықтауы осының бір дәлеліндей. Бұған дейін ғылымда бұл қаланың іргетасы Ұйғыр қағанаты дәуірінде қаланған делініп келген-ді. Сол секілді Қаржаубайға дейін Көк Түріктердің билеуші тайпасының кімдер екені ғылыми тұрғыда нақты анықталмаған еді. Көне қытай және байырғы түріктер дәуірінің тарихи деректеріне сараптама жасау нәтижесінде ол Көк Түріктердің билеуші тайпасы қыпшақтың тайпалық одағы екеніне көз жеткізеді. Сондай-ақ Түрік қағанатының мемлекеттік тілінің де, Орхон мәтіндерінің тілінің де қыпшақ тілі болғанын дәлелдеп, осы тақырып бойынша диссертация қорғап, Филология ғылымдарының докторы атағын иеленеді. Осылайша, ол өзіне дейінгі «Көк түріктер ескерткішінің тілі – ұйғыр тілі» деген ғылымда ор­ныққан тұжырымды теріске шығарады.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

филология ғылымының докторы, профессор:

Қара сөздің жорғасы еді

Ол Моңғолия парламент мүшесі болған кезде Моңғолияның жаңа демократиялық негізгі заңын қабылдауға аса үлкен еңбек сіңірді.

13 монография, 150-ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық мақаланың авторы. Қаржаубай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті түркітанушының сан алуан қырларының бірі – қара сөздің жорғасы екендігін ерекше айтқан жөн. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында арман мен қиял-пырақтың қанатында самғаған жас жайнақ Қаржаубай Сартқожаұлы тумысынан халық тілін, дәстүрін, мәдениетін, рухын бойына сіңіріп, ойын оюлы, нақышты жеткізуге, ел суреттерін зергерлікпен кестелеуге ден қойған. 

Қ.Сартқожаұлының шығармашылық еңбегінде халықтың этномәдени жүйесі мен ұлт болмысына қатысты толғаныстар бар. Негізінде, Қаржаубай Сартқожаұлының прозасында ел тұрмысы, ұлт пен жер тағдыры, ауыл келбеті, жастық шақ сәулеті (балауса сезім сырлары мен өнерпаздық қырлары), халықтың этнографиялық көріністері аса көркем суреттелген. Кейіпкер монологтары, характерлер галереясы қаламгер шеберлігін айғақтай түсетіндей. Міне, ғалымдығы мен жазушылығы қатар өрілген осындай алапат таланттан көз жазып қалғанымызға қабырғамыз қайысуда. Ол қазаққа бергенінен берері көп азамат еді. Бар саналы ғұмырын түркі тіл мәтіндеріне арнаған ол соңғы уақыттары түркі тарихтарындағы қателіктер жөнінде бірнеше еңбек жазғалы жатқанын айтқан еді. Амал нешік, арманына жете алмай кетті. Ендігі біздің қолдан келетіні – оның ғұмыр бойы жинаған, елі үшін терін төккен еңбектерін ұрпаққа насихаттап, есімін ұлықтау ғана. 

 

Тұрсынхан ЗЕКЕН, 

тарихшы:

Мен үшін қадірлі аға әрі ұлағатты ұстаз

Көне түркі ескерткіштеріне 50-60-жылдары мән беріле бастады. Хронологиялық есеп бойынша айтар болсақ, оның басында Бейсенбай Кенжебаев тұрды. Одан кейін Убайдолла Айдаров, Алтай Аманжолов, сосын Қаржаубай Сартқожаұлы сынды ғалымдар шықты. Дегенмен Қаржаубай Сартқожаұлының зерттеулері бұрын-соңғы батыстық, ресейлік, қытайлық және өзге де шетелдік ғалымдардан бөлек ерекшелікке ие. Ол Қазақстан мен әлемдік түркологияда айырықша орны бар тұлға. Отандық түркологияны әлемдік деңгейге көтерген бірден-бір ғалым. Оның ғылымдағы басты жетістіктеріне келер болсақ: біріншіден, ғылымда алғаш рет көне түркі ескерткіштерін кешенді түрде зерттеді. Атап айт­қанда, ескерткіштердің археологиялық сипаттамасы, сақталу жағдайы, жазылуы мен оқылу тарихы, тілдік ерекшеліктері, жазу тағбасы және олардың қолданылуы, сөздік қоры секілді мәселелерді жүйе­лі қарастырды; екіншіден, көне түркі ескерткіштері мәтіндерінің бұрын да түрлі атлас-альбомда, монографияда, хрестоматия мен академиялық басылымда жарияланған нұсқаның болуына қарамастан, аталған мәтінді өз көзімен көріп, қолымен сипай отырып, заманауи технологияның көмегімен қайта бастан көшіріп, транскрипциялап, аудармасын жасап шықты; үшінші, көне түркі ескерткіштерін алғаш ашып, ғылым әлеміне белгілі еткен В.Томсен, 

В.Радлов, С.Малов сияқты ғалымдардың зерттеулеріне сын көзбен қарап, олар тарапынан орныққан тұжырымдардан 500-ден астам қатені тауып шықты. Бұл қателердің көбі мәтіннің транскрипциясына, аудармасына және түсіндірмесіне қатысты болды; төртіншіден, көне түркі руникалық жазуының түп тегін, дамуын зерттей келе аталмыш жазудың түркілердің ата-бабасынан келе жатқан төл жазуы екенін дәлелдеп шықты және осы тақырыпта «Көне түркі жазуының генезисі» деп аталатын көлемді монография ұсынды; бесіншіден, ғылымда Ұйғыр қағанаты деген атпен орныққан Біріккен түркі қағанатының руникалық ескерткіштері туралы біріыңғай зерттеу жасап, Елетміш Білге қағанның үш бірдей ескерткішіне текстологиялық сараптама жасап, қағанаттың саяси тарихын, оның іргесін қалаушы Құтлық Көл Білге қағанның мемлекетті құруы мен дамытуы, қағанаттың билік жүйесі мен мемлекеттік құрылымы сынды басты түйіндерді жүйелі зерттеп, «Объединенный каганат тюрков» атты арнайы ғылыми зерттеу еңбегін (монография) дүниеге әкелді; алтыншыдан, көне түркі ескерткіштеріне арналған эпиграфикалық талдаулар мен жүйелі әдіснамалық ұстанымдарды ұсынған, байырғы түркілік киелі орындар мен оларға жасалған кең көлемді археологиялық сипаттауларды, көне түркілердің дүниетанымы мен олардың тарихын, мәңгітас мәтіндерін зерттеуді бір арнаға тоғыстырған екі томдық «Орхон мұралары» атты бірегей іргелі зерттеу еңбегін жариялады; Сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде «Орхон ескерткіштерінің атласы» (Атлас орхонских памятников) деп аталатын кең форматтағы екі бірдей ауқымды еңбегі жарық көрді; Және 2013 жылы жаз айында жас түрколог Жантегін Қаржаубаймен (ұлы) бірлікте Орталық Моңғолиядан көне түркілердің жерлеу кешенін тапты және ол ЮНЕСКО-ның әлемдік тарихи мұралар тізімдігіне енгізілді. Осы еңбектердің аясында Қ.Сартқожаұлы Білге қаған кешеніне жасалған археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде қазақтардағы қойдың басын кәделі асқа қосып тарту дәстүрі көне түріктерде болғанын, сол арқылы қазақтардың көне түріктердің тарихи, генетикалық және этникалық жалғасы екенін дәлелдеп шықты; Сондай-ақ көне түркі мәтініндегі Umaj teg ögüm qatyn quutyŋa inim Kül-tigin er at boldy деген сөйлемге этномәдени, этнопсихологиялық және лингвстикалық талдау жасап, археологиялық және тарихи деректерден дәйектер ұсына келе, оның мағнасы «Ұмай текті анамның құтына (бағына) Күлтегін сүндеттелді» деген сөз екенін және сүндеттеу дәстүрінің исламият­тан бұрын да түркі, парсы, араб-еврей халықтарында болғанын дәлелдеп берді; Моңғол Алтайынан табылған көне музыкалық аспаптың қазақтың қара домбырасының түркілік дәуірдегі нұсқасы екенін зерттеп, дәлелдеп шықты және ол туралы халықаралық басылымдарда мақалалар жариялады; Күлтегін мәтініндегі Teŋri teg. Teŋride bolmys türük bilige qaɣan bu ödke olurtym деген тіркестегі Teŋri teg сөзін бұрындары аударылып жүргендей «Тәңір спетті=Тәңір секілді» деп емес, «Тәңір бір» деп аударылатынын, тұтас мәтіннің «Тәңір бір, Тәңірден жаратылған Түрік Білге-қаған бұл заманда [таққа] отырдым» деген мағна беретінін дәлелдеді; Екінші Түркі қағанатының құрушысы, көне түркі тарихында айырықша орны бар тарихи тұлға, Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Қапаған қағанның ағасы − Елтеріс Құтлық қағанның VIII ғасырда тастан сомдалған бас мүсінін (түп нұсқа) Қазақстанға жеткізді. Қазір бұл бас мүсін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас корпусындағы Күлтегін жайымында жазу тарихының мұражайында тұр. Жоғарыда келтірілгендер ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының талай жылдарға созылған іргелі зерттеулерінің бір парасы ғана. Қаржекең мен үшін қадірлі аға әрі ұлағатты ұстаз. Оның кеңес беруімен және қолдап-қуаттауымен мен «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары және олардың Отан тарихынан деректік әлеуеті» (古突厥碑铭汉文记载及其历史文献价值) деп аталатын докторлық диссертация жаздым әрі қорғадым. Оның менің ғылымда өз жолымды табуыма сіңірген еңбегі мен ағалық ақыл-кеңесі ұшан-теңіз. Енді, міне бітік тастың білгірі, Қазақ тарихының қара нары, бүкіл түркі тарихының толағайы, белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы дүниеден көшіпті… Барша қазаққа көңіл айтамын.

 

Сұраған Рақметұлы, 

Қазақстан және Моңғолия Жазушылар 

одағының мүшесі, ақын:

Бітік тастың білгірі де көшті бұ дүниеден!

Терең тарихымыздың тамыршысы, танымал түрколог, жас ғұмырынан жасамыс дәуіріне дейін от кешіп, жасын арасында өткен бүтін қазақтың өжеті, бүткіл бітікті тастың білгірі – жасын туған Қаржаубай аға еді. Бессаланың бесігінен туып, бәдізді білеуді бек білік еткен ғайыпи тұлға, әлемдік тауыриһи сананы бағындырған нағыз ғалым әз халқымен қош айтты! Ағамыздың Моңғолиядағы қазақтардың құқығын қорғап, конституциясына шегелеп кеткен жанкештілік күресінің өзі кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге мен ерлік. Үш томдық «Орхон ескерткіштерінің атласы» – Қаржаубай Сартқожаұлының болашақ ғалымдарға қалдырып кеткен үлкен мұрасы. «Орхон ескерткіштерінің толық атласында» Еуразия ұлы даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, мәңгілік ел орнатуды көксеген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған. Қаржаубай Сартқожаұлы бүткіл өмірін ғылымға арнады. Біріншіден, Классикалық түркология ж.с.б. ІІ ғасырдан (Хунну дәуірінен) бастап ж.с. XVI ғасырға дейінгі кезең; Екінші, Дербес (индивидуальная тюркология) кезеңі. XV-XVI ғасырдан бастап түркі халықтары жеке-жеке хандық құрып, дербес мемлекет болып кетті де, тілін, тарихын, дәстүр-салтын жеке дараландырып дамытты. Біздің сөз етіп отырған нысанымыз ж.с.б ІІ ғасырдан б.з. Х ғасыр аралығында Орталық Азияда билік құрған түрік этносына ортақ тарихи-мәдени құндылықтар. Бұдан екі мың жыл бұрынғы құндылықтарды қолмен ұстап, көзбен көріп, ғылыми анализден өткізіп ұлт мәдениетінің алтын қорына қосуға автор 40 жыл бойы жанкешті жұмыс істеп, бүкіл ғұмырын арнаған. Аталмыш құндылықтарды сараптап 2019 жылы жарыққа шығарған. 

Еуразия субконтинент алып аймағында «Мәңгілік ел» орнатуды армандап, үш ғасыр бойы билік жүргізген байырғы Көктүріктердің тарихи-мәдени және рухани құндылықтары қамтылған. Олардың өз дәуіріндегі алға қойған бір мақсаты түркілік мәдениет, білім әліпби жүйесін қалыптастыру, ұлттық құндылықтардың іргетасы етіп, ұлт танымын, білімін жетілдіріп, халықтың рухани байлығын байыту еді. Байырғы түріктердің білімпаздары халықтың дүниетанымын, тарихын, өмір салтын, ел басқару жүйесін мәңгі тасқа қашап қалдырды. Осы бір ұлы құндылықтары – жазуы, рухани байлығы, дәстүр-салты, мәдениеті біздің дәуірге жетіп, аса мол мұра болып қалып, адамзат өркениетімен мәдениетіне үлкен үлес қосты. 

Қайғырып, Қазақ пен Моңғол даласына, ­Баян-Өлгий, Бессаладағы ел-жұртына хабар айтамыз! Тәңірі панасына алғай!