Алматыдағы қарт ерлі-зайыптының өліміне қатысты тың мәлімет шықты

Алматының шетіндегі жекеменшік үйде қарт ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікті анықталды.

Ол зейнеткерлердің қызымен бұрын бірге тұрған 46 жастағы ер адам болып шықты. Бұл туралы КТК телеарнасының сюжетінде айтылды.

Көршілерінің айтуынша, қарт ата-ана қызының сүйіктісімен қарым-қатынасына қарсы болған. Ер адам жиі ішіп, жанжал шығаратын болған. Олар жақында ғана ажырасқан екен. Ал, ер адам бұрынғы сүйіктісінің отбасынан кек алуға бел буған көрінеді.

"Ата-анасы қызды бермеді. Әкесі оған тіпті қарсы болды. Өзі ішетін. Ол: "Мен Женяны жақсы көремін. Мен онсыз өмір сүре алмаймын" дейтін. Тамырын да кескен, қателеспесем, мен солай түсіндім. Мұнда учаскелік полицей келген", – деді көршісі Татьяна Дьячкова.

Ер адам қылмысты мұқият жоспарлаған. Күдікті көлігін жақын маңдағы көшеге тастап кеткен. Түнде ол үйге кіріп, зейнеткерді өлтіріп, одан кейін қарт әйелдің басынан ұрған. Ал қылмыстың ізін жасыру үшін үйді өртеп, қашып кеткен.

Алайда, бейнебақылау камераларынан қылмыскер анықталды. Ол 24 сағаттың ішінде ұсталды.

"Осы қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына жедел уәкілдер, қаланың криминалдық полициясы кірді. Нәтижесінде қысқа кезекшілік тәулікте күдікті анықталып, ұсталды", – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір күдікті қылмыскер уақытша ұстау изоляторында отыр. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе мүлкі тәркіленіп өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.