«Ұлы дала» байқауы басталды

«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды. Биыл әдеби конкурс көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылуда.

Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы дала» республикалық шы­ғар­машылық байқауы осымен бесінші мәрте өткізгелі отыр.

Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды паш ететін, креативті идеяларға ие жас қалам­герлерге, отандық авторларға қолдау көрсету және олардың шығармаларын насихаттау. Сонымен қатар балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларындағы тағылымды ойлар мен ескірмес образдарды өскелең ұрпаққа дәріптеу болып отыр. 

Байқауға үміткерлер «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Бала­ларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қатыса алады. Бұдан бөлек, байқауда «Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған. Сонымен бірге, Алаш қайраткерлері І. Жан­сүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Үш бәйтерек» арнайы жүлдесі де тағайындалып отыр. 

Қатысушыларға қойылатын барлық талап пен байқау шарты белгіленген ереже мәтіні БАҚ-тарда, партияның ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі парақ­ша­ларында жарияланады. 

Шығармалар бүгін, яғни 1 та­мыздан бастап 30 қазанға дейін қа­былданады. Ережеге сай елі­міздің бар­лық өңі­ріндегі пар­­­тияның ай­мақтық фи­­лиал­­­да­рында ұйымдастыру коми­­теттері құрылды. Әрбір ай­мақтық ұйым­­дастыру коми­теттерінде байқауға қа­тысушылардан шы­ғарма­ларды қабылдап алатын ар­найы элек­­тронды мекен­жайлар ашылды.

Осыған орай, келіп түскен шы­ғармаларды аймақтардағы ұйым­дастыру комитеттері ере­женің та­лаптарына сәйкес тек­серіп, пар­тияның Орталық ап­паратында құ­рылған Рес­пуб­ликалық ұйым­­дастыру коми­­тетіне жолдайды. Өз кезегінде ай­мақтардан келіп түскен шы­ғар­маларды Рес­публикалық ұйым­дастыру комитеті тексерістен өткізіп, арнайы бүр­кеншік есіммен https://aikyn.kz сайтынан ашылған «Ұлы дала» бай­қауы айдарында күнделікті жариялап отырады. Қызығушылық танытқан кез келген оқырман байқау шығар­маларымен сол жерден таныса алады.

Айта кететін бір жағдай, байқауға 20-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады. Келіп түскен жұмыстарды байқау комиссиясы 1-15 қараша аралығында қарайды. Байқау нәтижесі «Тәуелсіздік күні» қарсаңында қо­рытын­дыланып, салтанатты марапаттау ша­расы Астана қаласында өтеді.

Еске сала кетейік, «Ұлы дала» байқауы былтыр Алаш қайраткері, ақын, қазақ әде­биетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұма­баевтың 130 жылдығына арналған болатын.

Берік БЕК