Жолаушыға жағдай жоқ

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы бұрын Қапшағай атанып тұрғанда да алыс-жақын жерлерге сапарлауға шығатын жолаушыларға арналған автобекет, теміржол бекетіне жарымаған еді.

Автобекет болған, қазір де бар. Берісі Алматы, ортасы Талдықорған, одан әрі Өскемен мен Семейге қатынайтын автобустар аялдап, арлы-берлі ағылған жолаушылар шағын шаһардағы автобекеттен билеттерін алып, керек жерлеріне қатынайтын. Әлі де солай. Бірақ заманында қыж-қыж қайнап жататын көпшілік орынның бүгінгі тірлігі тым жүдеу.

Бір кездегі тәртіп пен реттілікті көре алмайсың. Автобекет ғимараты толыққанды жолаушылар үшін қызмет етпейді. Ал теміржол бекеті деген атауымен жоқ деуге болады. Автобекет аумағында орналасқан аялдамаларды бекет деуге келе қоймас. Сондықтан теміржолмен қатынағысы келгендер көбіне Алматы арқылы сапарлайды. 

Жақында облыс орталығының әкімі Асхат Бердіханов Қонаевтағы автобекет пен теміржол стансасының жұмысымен танысты. Сапар бары­сында айтылғандай, қаладағы автобекет ғимараты осыдан біраз жыл бұрын жекеменшікке өтіп кетіпті. Қазір бұл нысанда вокзалдан бөлек, бір­қатар түрлі мекеме орналасқан. Арасында мем­лекеттік мекемелер де бар. Шаһар басшысы тиісті мамандарға ғимараттың жеке меншікке өтіп кетуінің заңдылығын, жекешелендіру кезінде қойылған тиісті талаптардың орындалып жатқан-жатпағанын, нысаналы мақсатта пайдаланып отырған- отырмағанын мұқият тексеруді тапсырды. 

Қала басшысы вокзал аумағының адам шошырлық антисанитариялық жағдайына да назар аударды. Қалай болса, солай қойылған қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып, лықа толып кеткен. Арықтар тазаланбаған. Бекетке қарасты аумақта орналасқан «Алматы–Қонаев» пойызы қатынайтын стансадағы аялдамалардың әйнектері сынған. Асхат Бердіханов абаттандыру мен тазалықты тәрк етіп, айнала ортаны ластайтындар мен бүлдіретіндерді тез арада анықтап, қатаң шаралар қолдану мақсатында аумаққа бейне­бақылау камераларын орнатуды тапсырды. 

«Қазақстан темір жолы» АҚ иелігіндегі стансаға барғанында белгілі болғандай, дәл қазір Қонаевта жаңа станса салуға халық тарапынан тиісті сұраныс жоқ. Компания өкілінің айтуынша, қала тұрғындары негізінен «Алматы–Өскемен», «Қонаев–Қарағанды» автотрассалары арқылы автокөлікпен, автобустармен сапарлайды. Алматы қаласы да тиіп тұрғандықтан, жұрт ел ішінде пойызбен жүру үшін көбіне Алматыға барып, сол жақтан жан-жаққа кетеді. Бұл уәжбен мүлде келіспейтінін білдірген қала әкімі қандай жағдайда болмасын, теміржол стансасы халыққа өз дең­гейінде қызмет ету керек екенін қадап айтты.

«Тұрғындар түнде жарықтың жоқтығына, автобекет аумағында тазалықтың, реттіліктің нашарлығына үнемі шағымданады. Жолаушылар түнде пойыздан немесе автобустан түскенде жеке бастарының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс. Сондықтан аталған проблемаларды тез арада шешіңіздер. Бейнебақылау камераларын орнатып, ғимараттың жан-жағын қоқыстан тазалау қажет», – деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар әкім жеке кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдау үшін Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан сауда орындарына барды. Ол қаланы абаттандыру жобасына сәйкес, дүкендер аумағында тұрақ болмайтынына шағымданған кәсіпкерлерге жобаның жүзеге асуы жайын да түсіндірді.

Болат АБАҒАН, 

Алматы облысы