«Ауыл аманаты»: Сыр өңірінің қарқыны қатты

«Ауыл аманаты» жобасы – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған маңызды бастама және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған іс.

Осы орайда «AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүйелі жүзеге асып келеді. Халқының жар­тысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор болып тұр. 

Ауылдағы ағайынның кәсіп көзін тауып, табысын жақсартуы үшін жобаны жүзеге асыруға өткен жылы облыста 3,0 млрд теңгеге 406 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде 713 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Жоба аясында 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – 716 млн теңгеге; 373 жеке кәсіпкер 2 млрд 284 млн теңгеге қаржыландырылды. Басымдық өндірістік жо­баларға, яғни шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын дамытуға бағытталды. 

Бүгінде өңірімізде жобаның жемісін көре бастаған азаматтар қатары артып келеді. Со­лардың бірі – Жаңақорған кентінің тұрғыны Азамат Кеңесбекұлы. Ол «Азамат» жеке кә­сіп­керлігін ашып, жиһаз жасаумен айна­лысып жүргеніне 15 жылдың шамасы болған. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, шағын кәсібін іл­герілетуге мүмкіндік алды. Жеңіл­детілген пайызбен несие алған кәсіпкер бүгінде ас үйге арналған жиһаздар мен шкаф­тардың сан түрін өндіруде.

Ал жосалылық Дәуірбек Жәбеков жоба ая­сында фибробетон құрылыс материалын шығару цехын ашқан. Ол қосымша құрал-жабдықтар алу үшін 3,0 млн теңге несие алып, қазір аудан тұр­ғындарына қызмет жасауда.

Қызылжарма ауылдық округінде «Бажак» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айнұр Бажакова бүгінде «линарлы панель» өндірісін бастаған. Жоба аясында 7 миллион теңге несие алып, кәсіп­керлікке қажетті құрал-жабдықтардың 8 түрін сатып алып, жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруда.

2024 жылдың соңына дейін өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін 575 жобаны қаржыландыру және 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

Бағдарлама шеңберінде барлық елді мекенді бірдей қатыстыру мақсатында қаралған қаржы әр аудан мен Қызылорда қаласы бойынша халық санына қарай тепе-тең бөлініп, облыстың 146 ауылдық округтерін қамту жоспарлануда. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды дамытудың барлық ұйымдастырушылық, қаржылық тетіктері жасалып жатыр. Ең бастысы, партия өкілдері, жергілікті атқарушы органдар осы маңызды жобаны халыққа жан-жақты жеткізіп, насихаттауда. Тұтас қоғамды жоба төңі­регіне жұмылдыруымыз маңызды.

Берік БЕК