Қазақстандықтардан қаржы пирамидасына криптоактивтер арқылы заңсыз тартылған 250 миллион теңге шетелден қайтарылды

ҚМА азаматтарды пассивті кіріс пен артық пайданы уәде ететін күмәнді инвестициялық жобаларға сенбеуге шақырады.  

Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД кеңістігінде алғашқы болып, қазақстандықтардан қаржы пирамидасына криптоактивтер арқылы заңсыз тартылған 250 млн теңгені шетелден қайтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемдік тәжірибеде мұндай нәтижеге бірнеше ел ғана қол жеткізген. 

Агенттік заманауи IT құралдарды пайдалана отырып, 2,5 ай ішінде қазақстандықтардың қаражатын криптовалютаға тартқан  Eolus  жоғары технологиялық қаржы пирамидасын жойды. 

– Еліміздің 12 өңірінде (Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Орал, Көкшетау, Жетісу, Түркістан) 2,5 мыңға жуық салымшы тартылды. 

Елордалық ұйымдастырушы мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қылмыстың іздерін жасырып, жиналған қаражатты кедергісіз иемдену мақсатында, пирамиданы ұйымдастырушылар салымшылардың түскен барлық қаржылық ағындары көптеген транзиттік крипто әмияндарды пайдалану арқылы жасырған, – делінген хабарламада. 

Агенттіктің қызметкерлері заманауи блокчейн-аналитиканың құралдарын пайдалана отырып, барлық транзакцияларды анықтап, қылмыстық кірістер ағылған негізгі әмияндарды тапты.

Ұрланған қаражат Агенттіктің арнайы шотына аударылып, одан әрі жәбірленуші азаматтарға келтірілген залалды өтеу үшін пайдаланылатын болады. 

ҚМА қылмыстық активтерді қайтару және басқа да алаяқтық жобалар бойынша осы практиканы қолдануды жоспарлап отыр.

Агенттік азаматтарды пассивті кіріс пен артық пайданы уәде ететін күмәнді инвестициялық жобаларға сенбеуге шақырады.  

Компанияның сенімділігін  Baiqa, piramida!  Telegram боты арқылы тексере аласыз.  

Сондай-ақ Агенттіктің сайтында қаржылық пирамидалар мен олардың қызметінің белгілері бар жобалар тізімі жарияланады.