Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентін Құрмет белгісімен марапаттады

Бұл туралы Ақорданың ресми баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Жиын соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді. 

– 2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес саммиттің қорытындылары айқын дәлел, – деді Мемлекет басшысы.

Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.