«Алтын алады деп келгенбіз...»: жаттықтырушы Нұрсұлтан Мамаев таэквондошылар өнеріне баға берді

Ерлер арасында 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Батырхан 1/8 айналымда екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Симоне Алессиомен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте тәжірибелі италиялық спортшы 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Таэквондодан Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Нұрсұлтан Мамаев Париж Олимпиадасын қорытындылап, спортшылар нәтижесіне баға берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

"58 келідегі Самирхон Абабакиров бұл Олимпиадаға алтын алады деп келгенбіз. Себебі, оның ең басты қарсыласы италиялық спортшы болатын. Соңғы Олимпиаданы, әлем чемпионатын, Еуропа біріншілігін жеңіп алған атлет сол еді. Самирхонды жеңілді деп айта алмаймын. Соңғы секундтар ғана шешіп кетті. Оның қалай айқасқанын көрдіңіздер. Тәжірибесі де, шеберлігі де жоғары. Енді біз Абабакировты 68 келіге ауыстырамыз. Ал Батырхан Төлеуғали тым жас спортшы. Ол мұндай үлкен ареналарды әлі көрмеген. Жақында Симоне Алессиомен кездесіп, терезесі тең өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, бүгін есе жіберді. Бұл жігіттерді келесі Олимпиадаға дайындаймыз", – деді Мамаев. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.