Қазақстан бүгін брейкингтен алтын медальға таласады

Әмір Зәкіров – жарыс фавориттерінің бірі атанды.

Бүгін Олимпиада астанасы Парижде брейкингтен ерлер арасында жүлделер сарапқа салынады, деп жазады Aikyn.kz.

Қазақстан намысын Әмір Зәкіров қорғайды.

Сенбі, 10 тамызда қазақстандық Әмір Зәкіров Олимпиада тарихындағы жаңа спорт түрі болып саналатын брейк жарысына қатысады. Әмір сайысты топтық кезеңнен бастайды. Егер жолы болса финалға өтеді.

Оның би алатын уақыты шамамен 19.35. Жасы 26-да.

Әмір бимен айналысуды 12 жасында бастаған. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 16 жасында Омбыға көшіп, сол жақта айналысқан. Кейін Мәскеуге қоныс аударады.

Топтық кезеңде 16 спортшы қатысады, олар төрт топқа бөлінеді. Әр топтан екі үздігі финалға өтеді.

Әмір Олимпиададағы фавориттердің бірі саналады. Бірақ букмекерлер оның жеңісіне сенбейді. Чемпион атанады деген болжамға 21 коэффицент беріп тұр. Ал үштікке кіреді дегенді таңдасаңыз, 5 коэффицент.

Басты қарсыластарының арасында АҚШ, Канада, Жапония, Нидерланды, Франция спортшылары бар. Әмір Зәкіровтің өнерін «Хабар» және «Еларнадан» тамашалауға болады.