Көкшетауда 37 жастағы азамат ауыр техниканың астына түсіп, ажал құшты

Қайғылы оқиға жеке серіктестіктің иелігіндегі қоймалардың бірінде болған.

Механизатор жүк артқышпен жұмыс істеп жатқанда техника істен шыққан, деп жазады Aikyn.kz.

КТК жазғандай, жұмысшы жалма-жан жөндеуге кірісіпті. Ауыр көлікті арнайы құрылғымен көтеріп, өзі астына кірген кезде сымтемір үзіліп кеткен. 37 жастағы азамат ауыр техника астында тіл тартпай кетті.

Қазір осы іс бойынша түрлі сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Механизатор болып жұмыс істеген марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

"Ауыр жүкті көтеріп, астынан кіріп, жөндеп жатқан кезде тайып кетеді де, Шутовты басып қалады. Арнайы тергеу жүргіземіз. Жанұясы, кәмелетке толмаған балаларына мемлекет тарапынан, заңға сәкес қолдау болады", - деді Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Уақыт Бейсенбаев.