Заманауи би чемпионаты өтті

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Астана қаласы әкімдігінің «Би спорты дамуының ұлттық одағы» РҚБ қолдауымен Халықаралық жастар күніне орай Bir tolqynda заманауи би чемпионатын ұйымдастырды.

Аталған іс-шарада 6 мемлекеттің өнерлі жастары бақ сынады. «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірованың айтуынша, чем­­пионат осымен екінші рет ұйым­дас­ты­рылып отыр. 

«Біздің басты мақсатымыз – жастар арасында салауатты өмір салтын на­сихаттау, субмәдениет өкілдеріне қолдау көрсету және жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау. Екі күнге созылған чемпионат барысында елі­міздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес мемлекеттерден арнайы ат ба­сын бұрған ең танымал ұжымдар мен бишілер, сондай-ақ жас таланттар бақ сынады», – деді ол. 

Чемпионатта Жапонияның WAACKING бишісі, ASIAN WAACKING SENSETION жетекшісі, World of Dance World Final финалисі, Сrowd FAVORITE сыйлығының иегері Mizuki Jane Flamingo, Бельгияның хип-хоп бишісі, 2022 жыл­ғы жазғы фестивальдің және жа­һандық көптеген би жарысының жеңім­­­пазы Alex the Cage, сонымен қатар кореялық Popping бишісі, LINEUP 9 JUDGE финалисі Firebac арнайы тө­релік етіп, әділ бағасын берді. Сон­дай-ақ олар қатысушылар алдында өз ше­бер­ліктерін көрсетіп, тәжірибе­лері­мен бө­лісті.

Өз кезегінде, жапон бишісі, чем­пионат төрешісі Mizuki Jane Flamingo дүбірлі дода аса тартысты өткенін жет­кізді. 

«Қазақстанға тұңғыш рет келіп отыр­­мын. Ұйымдастырушылар өте жы­лы қарсы алды. Екі күн бойы түрлі номи­нация бойынша сынға түскен та­лантты бишілердің тартысты бәсе­кесіне куә болдық. Шынымды айтсам, дарынды жастар арасынан жеңім­паз­дарды анық­­­­т­ау қиынға соқты. Чемпио­натты ұйым­дастырушылар мен қатысу­шыларға ал­ғыс айтамын. Барша жеңім­­­пазды шын жүректен құттық­таймын», – деді ол. 

Осылайша, 300-ден астам өнерпаз бас қосқан чемпионатта 7 номинация бойынша үздік өнерпаздар айқындалды. Атап айтсақ, Hip-Hop 2x2 Begginers, Hip-Hop 1х1 Male, Hip-Hop 1x1 Female, Popping 2x2 Pro, Waacking 2x2 Beginners, Waacking 2x2 Pro, All Styles 5x5 Rep Your Country. Соңғы номинация бойынша Жапония, Өзбекстан, Қазақстан елде­рінің бишілері өзара бақ сынады. Сон­дай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Жапония мемлекеттерінің бишілері өзге де номинациялар бойынша сынға түсті. 

 

Чемпионат қорытындысы бойынша: 

•Hip-Hop 2x2 Begginers – Амалия и Эстель

•Hip-Hop 1х1 Male – Overhitz 

•Hip-Hop 1х1 Female – Nursaya

•Popping 2x2 Pro – Sss&VV 

•Waacking 2x2 Pro – Yumetaurus;

•Waacking 2x2 Beginners – Кчау Аруана & Нурсауле

•All Styles 5x5 Rep Your Country – Өз­бекстан командасы жеңіске жетті. 

 

Жеңімпаздарды «Жастар Рухы» жас­тар қанатының төрағасы Ақерке Ес­кендірова, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласы футбол федерациясының президенті Давид Лория, «Жастар Рухы» жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм мара­пат­тады. Чемпионат жеңімпаздары мен финалистеріне арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. 

Бұл ретте Өзбекстан командасының мүшесі Владимир Мешчеряков былтыр дәл осы чемпионатқа қатысып, финалист атанғанын еске алды.

«Биыл All Styles 5x5 Rep Your Country номинациясына қатысу үшін коман­дамен келдім. Ел намысын қорғап, жеңім­­паз атанғанымызға қуаныштымыз. Жапония мен Қазақстан бишілерімен сынға түсіп, жеңіске жету оңай болмады. Барлығы мықты қарсыластар. Чемпио­натты жоғары деңгейде өткізген ұйым­дас­тырушылар қауымына алғыс білді­реміз», – деді ол. 

Айта кетеміз, чемпионат былтыр «Есірт­­кіге жол жоқ» жобасы аясында өт­се, биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылды.