Бүгін – 15 тамыз. Демек, бүгін – қазақтың көрнекті сазгері, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Иісі қазаққа өзінің біраз әнімен танылған оның өнер тарихында ойып тұрып алар орны жайлы сөз етпеу айып та шығар. Міне, осыған орай бүгінгі күнге арнайылап, оның жанында бірнеше жыл жолдас болған Әлімғазы Дәулетқан атамыздан сыр тартып, сұхбат құрған едік. Ендеше, вальс королі атанған Шәмші жайлы естеліктерді қадірлі оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз!
– Әлімғазы ата, сіздің тарихшы, ғалым екеніңізден бөлек, қазақтың маңдайына біткен композитор Шәмші Қалдаяқовпен кезінде бірге жүріп, аға-бауыр болып араласқаныңызды жақсы білеміз. Бүгін сізбен сол Шәмші Қалдаяқов хақында әңгіме өрбітсек деп едік. Алдымен, Шәмші Қалдаяқовпен таныстығыңыз жайлы айтыңызшы. Ұлы композитормен таныстығыңыз қашан әрі қалай басталды?
– Бұл күндері композитор Шәмші Қалдаяқовтың атына Ұлы деген сөзді қоспай айту кімге де болса да үлкен сын болар еді. Мен Шәкең туралы біраз естеліктер жазғанда, халқымыздың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының:
«Дара тұлғалар туралы сөз қозғап, ой толғарда, ең бірінші осы кісіні жазуға моральдық хақым бар ма?» деген сұрақты қою керек. Бұл – образға барар жолдағы естен шығармайтын шарттың бірі ғана...» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алуды жөн көремін.
– 10 жылға жуық аралас-құралас болдыңыздар ғой. Ол кісінің шарапатын көп көрдіңіз бе?
– Иә, өзің айтпақшы, Шәкеңмен 10 жылға таяу аралас-құраластығымызды еске алсам, ұлы тұлға туралы ағынан жарыла айтар сөзімнің аз емес екенін білемін.
Менің 1969 жылдан бүгінге дейінгі өмір белестерімдегі басты оқиғалар, тұлғалар жөніндегі жазған күнделіктерім бойынша жазған «Жақсыдан көрген шарапат, жаманнан көрген кесапат» жөнінде екі томдық естелік кітабымда Шәкеңе қатысты естен кетпес сәттерім аз емес. Соның бірі 1981 жылы (танысқанымыздың екінші жылы) еді. Менің өмірімдегі аса бір күйзелісті сәттерімді Шәкеңе шағынып айтқанымда, ол кісі менің жағдайымды толық түсінгеннен болар, өзінің 1981 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Менің Қазақстаным» атты кітабын естелікке бергенде былай деп жазған екен:
«Кейде тауықтардан да төмен ұшатын қыранның сәттеріндей сәттер бар. Ал тағдыр қыран қылып жаратқан абзал бауырым Әлімғазыға «тауықтың қырандай көрінгенімен» қыранның көтерілген биігіне көтеріле алмайтыны сөзсіз. Менің келінім емес, қарындасым, аққулармен мінездес Мәрияшқа ағалық ізгі ниеттен. Шәмші Қалдаяқов. 29.05. 1981 жыл. Шұбар селосы. Бөген ауданы».
Мен Шәкеңмен алғаш рет 1979 жылдың күзінде, сол кездегі Шымкент облысына қарасты Бөген ауданының (қазіргі Ордабасы ауданы) Шұбар (Чубаровка) селосында кездейсоқ кездесіп, атүсті танысып қалып едік. Біздің танысып, араласуымызға менің досым, әуесқой композитор Сүгірәлі Сапаралиев себепкер болды.
Біз сөйлесе, араласа келе, жақындасып, бара-бара сыйлас аға-іні, сырлас-мұңдас дос болып кеттік. 1982 жылдан былай қарай менің өмірімдегі бір шырғалаң жағдайларға байланысты тіпті жақындасып, нағыз қамқоршы, қормалыма айналып кетті. Ол – бір өз алдына жазылар ұзақ әңгіме, кезі келгенде айта жатармыз. Жоқ, міндетті түрде жазамын, өйткені кейінгі өмір соқпақтарыма апарар бұрылыс – Шәкеңнің бір сөзінен, бір ғана шарапатты қамқорлығынан басталған болатын.
Мен ол кезде Шұбар селосындағы №146 СПТУ-дың (селолық кәсіптік-техникалық училище) филиалдар меңгерушісі болып істеуші едім. Менің жұмысым тек жылдың аяғында, жиын-терім аяқталғанда басталып, келер жылдың наурыз айына дейін қарбалас болатын. Жылдың қалған айларында негізінен қолым бостау еді.
Шәкеңмен танысып, араласқалы бері кейде бірнеше күнге, кейде апталап дегендей жұмысты, үйді ұмытып, ел аралап, қонақтан қонаққа кете баратынды әдетке айналдырып алдым. Сол тұста біздің училищені қазақтың жаны жайсаң, ер көңілді, сауықшыл Бақтай Шәметов деген жігіт басқарушы еді. Бір кездескенде Шәкең директорға қалжың-шыны аралас: «Ей, Бәке, мына орынбасарың жұмыста болмай қалса іздеп, ұрсып әуре қылма, менімен бірге кеткен екен ғой дей сал, жарай ма?»,– деп ескертіп қойған.
Обалы кәнеки, Бақтай шынымен-ақ, менің жүген-ноқтамды сыпырып қоя бергендей алаңсыз қыдыра беретін болғанмын. Біз уақытты тек ел қыдырып, ішіп-жеп, жыр-думанмен ғана өткізбеуге келісіп едік. Орайы келгенде, көбінше жол үстінде белгілі тақырыптар бойынша әңгіме-дүкен құрып, кейде пікір таластырып, ой жарыстырып дегендей жол қысқартуды әдетке айналдырып алғанбыз.
– Оның адами болмысы сіздің көңіл дәптеріңізде қалай сақталды? Және бір естелігіңізде оның ұлы сазгер ретіндегі бір арманы орындалмай кеткенін жазасыз. Бұл туралы кеңірек айтып берсеңіз...
– Шәкеңнің "05 Жигули" машинасындағы радиосынан «Шалқар» бағдарламасы бойынша концерт беріліп жатқан. Роза Бағланова апамыз Шәкеңнің «Ана туралы жырын» әсем де ерке назды үнімен майын тамыза орындап шықты.
– Паһ, Розаның дауысындай дауысы бар әнші енді қайтып тумайтын да шығар, ә, Шәке? Осы әнді қанша тыңдасам да, жалыққан емеспін. Апамыздың дауысында бір сиқыр бар. Сыңғыры сыңғырға ұласып, наздана еркелей мың құбыла шыққанда, қолқа жүрегің қозғалып, аузыңа тығылғандай, денеңді әлдебір сиқырлы дұға, тылсым күш қаусыра, қусыра қысқандай алабөтен күйге түсемін. Сізге қалай әсер етеді, аға? Әлде мен бұйырмаған тәтті тағам буына елтіген кезбенің дәмесін айтып отырмын ба? Әннің иесі ретінде қандай әсерде боласыз, нақтылап айтқанда, дәл қазір қандай көңіл күйдесіз? – деп елбіредім.
Шәкең де алабұрта толқып, толғанып келе жатса керек. Маған біртүрлі ойлы, орнықты жанармен елжірей қарағандай болды да:
– Ой, Роза деген "құдайский" әнші ғой. Тек сахна үшін жаралған қазақтың маңдайына біткен бақ жұлдызы, шолпаны десе болар. Менің ендігі арманым Роза апамның орындауымен жанкүйер қазағыма шүйіншілей жеткізер «Әке туралы жыр» дейтін ән шығару болып қалды. Ол «Ана туралы жырдан» бір кем болмауға тиіс. Сонда ғана менің перзенттік парызым толық өтелген болады. Өй, сен менің әкемді көрмедің ғой. Ол кісі қазақтың оқымаған даналарының бірі еді ғой. Шебер ұсталығы өз алдына, адамгершілігі, уәдеге беріктігі, қанағатшылдығы, бауырмалдығы, діндарлығы қандай мықты болған десеңші! Ол жағынан біз көріп жүрген "советский" зиялылыр мен қызыл билетті кеудесін ұрғыштап өкірештеген каменістеріңе мүлдем ұқсамайтын, нағыз періштедей иманы кәміл адам еді. Сондай асыл әкеге, сол сияқты қазақтың оқымаған данышпан әкелеріне арнап бір тамаша ән шығарсам деп жүргелі көп болды. Қара жаным аман болса сөзсіз шығарамын, – деді сөзін нықтай.
Мен ол кісіге де, өзіме де түсініксіздеу бір шарасыздық па, жанашырлық па немесе әлде не алаң көңілмен міңгірлеңкіреп:
– Шәке, оныңыз да жөн ғой, әсілі солай болуы керек-ақ еді. Әттең, сонау 60-70-жылдардағы шабытыңыз шарықтап тұрған шақта, «Ана туралы жырға» ілесе, «Әке туралы жыр» дүниеге келуі керек еді ғой. Шығармашылық өмірден азды-көпті хабардар, оның ащы толғақты азабын аздап болса да тартып көрген мына пақырыңыз, ендігі жерде, шәу тарта бастаған мына шағыңызда, Аналар рухын шат еткен ғаламат әніңізге деңгейлес әке туралы керемет ән шығара алмай қалмас па екен деп алаңдайды.
Шәкең менің сөзімнің ақырын күтпестен ашулы үнмен:
– Немене, сонда сен шынымен солай ойлайсың ба? Мені таусылып, сарқылып қалған шолақ өзенге ұқсатқың келді ме? Көресің әлі, көрсетем әлі сендерге таусылғанды... Мен қайтсем де, әке туралы бір тамаша ән шығарамын. Сонда сөйлесем, сен қытаймен, қара мұны өзінше сәуегейсіп, қамқорсынып айтып тұрған сөзінің түрін қара, – деп түкірігіне шашала тоқтап қалды.
– Шәке, – дедім мен, сол үзілісті пайдалана ақтала сөйлеп:
– Шәке сіз бір нәрсені есіңізден шығармауға тиіссіз. Сіз әлдеқашан қазақтың өнер тарихына алтын әріппен жазылып қойылған айтулы адамсыз. Тіпті, бұдан 10-20 жыл бұрын өліп қалған болсаңыз да, дәл сондай абырой-атақпен ел жадында, өнер тарихында жарқырап тұра берер едіңіз. Менің айтайын дегенім, өзіңіз де менен артық білетін өнер тарихында, әсіресе ұлы сазгерлер тағдырында жазылмаған заңдай бір талассыз ақиқат бар сияқты. Ол дегеніңіз ұлы сазгерлердің шығармашылық ғұмырындағы буырқанған күш-қайраты шалқып, тасыған шабыт жалыны алаулап нұр шашып тұрған айқай жиырма бес пен орда бұзар отызы, қырқа асып шыңға шығар қайран қайратты қырықтарында ғарыштан төгілер ғажайып мүғжизалар тәрізді болса керек-ті. Ал сіз болсаңыз, соның бәрін артқа тастап, өзіңіз арманды өкінішпен шерлене айтатын «Кекілді-айдағы»:Көшіп жатыр ауылым, қонып жатыр-ау,
Қай айтқаны пенденің болып жатыр.
Қырқасына қырықтың келгенімде,
Арман деген кеудеде толып жатыр, –
деп аһ ұрғандай, бір өліара шақта тұрған адамсыз. Ендігі жерде «Ана туралы жырдай» ән шығарамын деп немесе сондай ән шығара алмадым-ау деп өзіңізді зорлап кінәлағандай болмай-ақ қойыңыз. Сіз қалай болғанда да қазақ деген халық барда, оның өлмес өнері барда, сонымен бірге мәңгі жасайтын ұлы композитор болып үлгергеніңіз ақиқат. Сіз енді сол асқар шыңнан төмендеуге тиіс емессіз. Мен соны айтпақшы едім. Ал кәнеки, өзіңіз армандағандай кереметтер дүниеге келіп жатса неге қуанбасқа, неге мақтаныш етіп көкке көтермеске?!, – деп едім.
Байқап келемін, қайран Шәкем қатты қорланғандай ызаға булығып, сөйлей алмай жөткіріне берді. Машинаның артқы орындығында отырған менің жұбайым, Шәкеңнің қарындасы Мәриямгүл иығымнан ақырын тартып ескерту жасағандай болды.
Түнгі мезгіл еді, сағат тілі он екіден аунап кеткен. Біз осыдан бір күн бұрын сол кездегі Ленин ауданына қарасты «Турбат» дейтін қазақ-өзбек аралас тұратын ежелгі елді мекендегі Шәкеңе іні болып кеткен Келдебектің үйіне қонаққа барып қайтқан бетіміз болатын. Мені Шәкеңнің «қайтарма шабуылынан» сақтап қалған бір оқыс жағдай, қожанасыр хикаяларына бергісіз күлкілі жағдай туралы айтпай кетуге болмас.
Шәкеңнің "05 Жигулиі" жүйткіп, Шымкент қаласының қақ ортасындағы №18 почта мекемесінің тұсынан өтіп бара жатқанда, екі жол сақшысы ысқырық шалып тоқтатты.
Ағамыз өзіне тән ұқыптылықпен керекті құжаттарын алып әлгі жас жігіттерге барды. Неге екені белгісіз, ұзақтау тұрып қалды, қолын сермелеп, дауысы қатты-қатты шыға бастады.
Шәкең әдетте өте қарапайым киініп жүргенді ұнатушы еді. Жазды күндері рульде отырғанда үстіне қысқа жең жейде, аяғына сүйретпе шәркей іліп жүре беретін. Қонаққа немесе ресми орындарға киіп барар сәнді киімі мұздай қатталып ілгішке ілінген бойда машинасының артқы орындығына ілініп тұратын.
Сол күні Келдебектің үйінен шығарда өзі айтатындай кәдімгі «шоферлік формаға» көшкен еді. Сырт көзге шынымен оғаш, қораш көрінетініне тіпті мән бермейтін де.
Шәкең күйбеңдей тез-тез басып келді де, машинаның артқы есігін жұлқа ашып, киім ілгіште тұрған костюмына қол созып жатып күйгелектене:
– Үй мына сүмелек-падсандардың қорлығы өтіп кетті-ау, жеке құжаттарымды көрсетіп. Мен Шәмші Қалдаяқов деген ағаларың боламын десем:
– Өй, аға, сіз де қайдағыны айтады екенсіз, Шәмші баяғыда арақтан өліп қалмап па еді? Фамилиялас біреу шығарсыз. Жол ережесін бұзып алып, ақталу үшін өстіп қайдағыны айтатын адамдар көбейіп кетті дей ме-ау? Мен көрсетейін бұларға баяғыда өліп қалғанды, мына комсомолдың лауреаттық төсбелгісін де біреуден ұрлап алған шығармын...
Апыр-ай, мына надан балалар шынымен Шәкеңді танымай келемеждеп тұр ма, ұят болды-ау, – деп мен де машинадан шығып жүгіре басып бардым да:
– Ей, жігіттер, бұларың не, ұяттарың қайда, көздеріңе не көрініп тұр? Қазақтың ұлы композиторын танымағандарыңмен қоймай, тірідей өлтіріп тастағандарың қай сасқандарың?! Бос сөзді доғарып, ағаларыңнан кешірім сұраңдар. Сауатсыз неме болмасаңдар, қолдарыңдағы құжатқа жөндеп қарамайсыңдар ма? Бұл неткен ұятсыз сорақылық деп қатты жекірдім.
Шәкең қатты қорланғандай, ызадан кекештеніп, булыға:
– Ей... ертең генералдарыңа айтып, погондарыңды жұлғызамын, көрсетемін сендерге өліп қалған Шәмшіні... – деп айғайлады.
Құжаттарға қайта үңіле шұқшиған екі сақшы саусағы дірілдеп, дауысы да бұзыла қарлығып, жалынышты үнмен:
– Кешіріңізші, Шәмші аға, бір білместік болыпты, ұятқа қалыппыз. Жұмыстағы бір қу ауыздардың қысыр әңгімесінен сондай бір қаңқу сөздер естіп едік. Кешіре көріңіз, ағатай, – деп Шәкеңді құшақтай шалғайына оралды.
– Қап, мына иттерге дауа жоқ екен, болды, болды, кеттік Әлеке, тірімізде үйге жетіп алайық, – деп күлді.
Біздің үйге де жақындап қалдық. Мен қалжың-шыны аралас былай деп едім:
– Шәке, әлгі жігіттердің сөзінен не ұқтыңыз? Ал менің ұққаным: олар композитор Шәмші Қалдаяқовты біледі, құрметтейді, бірақ өткен шақпен... Мына 60-жылдары дүниеге келген ұрпақ сізді әке-шешелері айтатын әндермен, сіз туралы айтылатын сылтың, қылжақ әңгімелер арқылы білетін болса керек. Әлгілердің сөзін ауыр алмай-ақ қойыңыз. Кейінгі жылдарда бұрынғыдай ай сайын бір тамаша ән шығарып дүрілдетпей қалғаннан кейін... Оның үстіне, мынау эстрадалық даңғаза дегендер эфир мен сахнаны билеп-төстеп бара жатқан заманда жастардың талғам-түйсіктері де қарабайырланып, ұлттық, халықтық үрдістен алыстап бара жатқан жоқ па? Данышпан Абай атам тауып айтқандай:Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек... дейтін бір уақытқа тап болдық қой.
Кім не десе де, қалай болғанда да, әлгінде айтқанымдай, сіз сонау 50-60-жылдарда-ақ ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов болып иісі қазаққа танылып қойған адамсыз. Дұрыс айтпасам, алдын ала кешірім сұраймын.
Сіздің кейде өзіңізді әке алдындағы перзенттік парызыңызды өтей алмаған жандай кінәлі сезінетініңізді байқап қаламын. Сөйте тұра ондай көңіл күйді мойындағыңыз келмейтін сияқты. Бір жөнінен айтқанда, оныңыз да дұрыс шығар.
Сөйте тұра, апыр-ау Шәкең өзі айтқандай, шынымен «Әке туралы жыр» атты тамаша ән шығара алар ма екен, егер орта қол қоңыр төбел бір нәрсе болып шықса, ол кісінің асқақ абырой-атағына нұқсан келтіреді ғой деп қарадай уайымдаймын.
Құдай-ау, анау бір шет-шегі, тоқтау-толасы жоқтай шалқып, толқын атқан, мың құбыла түрленіп, нөсерлеткен, айтушысын да, тыңдаушысын да шалқыта, балқыта ереуілдетіп жіберетін «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Қайықта», «Бақыт құшағанда», «Ақ ерке – ақ Жайық, «Сыр сұлу», «Сыған серенадасы», «Ана туралы жыр» (бұл тізімді соза беруге болады ғой) сияқты «құдайский» әндерден кейін сол деңгейлес ән шығара алмай қалса қайтпек керек? Одан да Шәкең осы заңғар биіктен түспеу үшін ендігі жерде ән шығармай-ақ қойса, жақсы болар ма еді, қайтер еді? – деп те ойлаймын.
– Шәке, мені дұрыс түсініңіз, мен сізді шын жүректен құрметтеп, талантыңызға бас иетін, сізге тілеулес жанашыр інілеріңіздің бірі екенін есіңізден шығармағайсыз. Әйтсе де лайым мен-ақ қателесейін. Мүмкін «екінші тынысыңыз» ашылып кетіп, небір тамаша әуендерді бұрқырата төгілдіретін шығарсыз. Өмірде не болмайды дейсіз?!
Шәкең бұл жолы шамырқана, шамдана қоймады. Менің сөзімді үнсіз тыңдап, анда-санда маған сүзіле, шаншыла қарап қойып, машинасының жылдамдығын арттыра жүйткітті. Әне-міне дегенше, біздің үйге де келіп жеттік.
Шәкең аулаға машинасын кіргізіп, өз сөзімен айтқанда «атын тұсап, өрелеп бекіткеннен кейін» маған онша зілсіз болса да қатқылдау, қарлығыңқы дауыспен:
"Сендер не десеңдер, о дей беріңдер, мен все равно. «Ана туралы жырдан» еш кем емес «Әке туралы жырды» жазбай қоймаймын. Көресің әлі, мен сен қытаймен сол кезде сөйлесемін..." – деп еді.
– Шәмші ағаңыз сізге "қытай" деп, біртүрлі сөйлейтінін жазасыз. Бірақ сіз дәл Шәмші атаның айтқан сөзін жылы қабылдапсыз. Сонда деймін ғой, тұлғаны осыншалық құрметтеу үшін, тіпті намысыңызға тиетін сөздің өзін жылы қабылдау үшін адам қандай қадірлі болмақ керек?
– Иә, Шәкең кейде маған ренжіп қалғанда «сен қытайлап», кейбір сөзім мен ісіме көңілі толып, риза болғанда да «мына қытай қайтеді-ей» деп жұртты күлдіруші еді.
Шыны керек, мен үшін ең ауыр сөз, ең намысқа тиетін қорлау дәл осы «қытай» деген сөз еді. Қытайды ата жау көретін, сол үшін атысып-шабысып келген қазақ, ұйғыр, дүңген, моңғолдар біріне-бірі ашуланғанда «қытай» деп кемсіте тілдейтін. Ол, ол ма, қытайдың өзі басқа ұлттарға өздерін «қытай» деуге әсте жол бермейтін, «хан зу» (ер, батыр ұлт дегені) деп айтқызатын.
Солай бола тұра, мен Шәмші ағаның «қытайын – айналайын» деген мәнде қабылдап күлетін де қоятынмын.
– Жарайды, келістік Шәке, лайым да солай-ақ болсын! Тек менің ізгі ниетімді дұрыс қабылдасаңыз болды. Менікі шын жанашыр жанның шып-пыр алаң көңілі ғой. Шабытыңыз шалқыр сәттер көп болғай! – дедім.
Қайран Шәмші ағам, шынымен-ақ қалай да «Әке туралы жыр» жазуға бекініп, сол бір шабыт нөсерін селдетер бақытты минуттарды тағатсыздана күткен екен-ау.
Өзі туып-өскен Отырар ауданы орталығы Шәуілдірде ашылған «Шәмші Қалдаяқов атындағы саз мектебінің» естелік кітапшасына: «Ана туралы ән шығарған едім. Әл-Фараби елінің жігітімін ғой, әке туралы, жерлестерім туралы ән шығарамын, қыздарым, інілерім» – деп қолтаңба қалдырған екен. Жазмышқа шара бар ма? Ауру меңдете бастағанына қарамай, жерлестеріне берген уәдесін жартылай болса да орындап кетіпті. «Шәуілдірдегі ұлы тойдай» асқақ әуенді тамаша әнін аманаттап қалдырып кетті, әйтсе де әттең бірі кем дүние-ай десеңші! Шәкең «Әке туралы жыр» жазу арманын данышпан әкелер рухын ардақтап, асқақтатқан перзенттік жүрегінде аялаған бойы бақилық сапарға өзімен бірге алып кетті. Бұл дүние, осынау фәни жалғанда бәріміз де:
Бір арманға қол жетсе,
Екінші арман туады.
Арман қызыл түлкідей,
Қыран боп адам қуады, – деп өзімізді-өзіміз алдарқатып, арсалаңдап жүріп, арманмен өтерімізді білсек еді-ау!
Арман! Сен адамзатқа осыныңмен ұлысың, осыныңмен мәңгіліксің! Шәкеңнің орындалмаған арманы сол мәңгіліктің бір аялдамасы ғана болар!..
– Біраз естеліктің басын шалдыңыз. Десе де, Шәмші ағаңызбен бірге жүрген жылдардағы жүрегіңізге ең жақын, ең жылы, ең аяулы естелік деп қай естелікті айтар едіңіз?
– Шәкең өмірінің соңғы 7-8 жылында мен жиі араласып, ұзақ-ұзақ сыр шертісіп, жүрек түкпіріне терең бойлауға саналы түрде ұмтылыс жасағаныма бұл күндері шүкіршілік етемін. Өйткені қазақтың ұлы перзентімен бірге өткізген асыл уақыттың қадірін біліп, танып-білгім келген сұрақтардың жауабын өз аузынан естігім келді. Ол кісі туралы жеңіл-желпі қаңқу сөздер мен қылжақбас Шәмші жөніндегі әзіл-оспақтардың шындыққа жанаса бермейтін жамау-жасқаулары көп екенін бұрын да шамалаушы едім.
1983 жылдың жаз айларының бір күнінде біздің Шубаровка деп аталатын ауылдағы (сол кездегі Бөген, бүгінгі Ордабасы ауданы) үйімізден аттанып, Шымкент қаласына келе жатып, рульде отырған Шәкеңмен әңгіме арасында көңілімде көптен жүрген бір базыналы өтінішімді айтып едім.
– Шәке, мені көптен бері бір ой мазалап жүр. Сізбен танысып, араласа бастағалы да бірнеше жыл өтіп кетіпті. Қашан болсын, қайда барсақ та, жүрісіміз бір өңкей сірескен дастарқан басындағы дыр-думан, ішіп-жеу, қошамет-қолпаш, мадақ-мақтау, бас мүжіп, бата берумен аяқталып келеді екен. Келесі күнге шаршап-шалдығып әрең жеткендіктен, салиқалы әңгімеге мүлдем зауықсыз, марғау, есінеп-құсынып кезекті қонақтарда отырамыз. Кездесулеріміз осылай жалғаса берсе, келешекте сіз туралы бір нәрсе жазуға тура келсе, есте қалар не барын ойласам жаным түршіккендей шошынамын. Қай үйден қанша бас жегенімізді, қанша шапан-шақпыт кигенімізді, кімнің қанша арақ ішкенін, қандай қошамет сөздер айтқанын тізбелегеннен не шығады?
Шындығын айтар болсам, табиғаттың заңы бойынша, бұ дүниеден алдымен сіз кетуге, артыңызда біздер қалуға тиіспіз ғой... Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқпен аға-іні, дос-жаран болып едік деп құр мақтанғаннан басқа, танымдық, үлгі-өнеге боларлық, әсіресе сіздің шығармашылық ғұмырыңыздың қыр-сырына үңіліп, әндеріңіздің дүниеге қалай келгенін ашып-көрсете алар тағылымдық естеліктер қалдыра алар емеспіз. "Сондықтан" дей бергенімде Шәкең машинасының жүрісін баяулатып, маған еңсеріле бұрылып:
– Ей, сен не деп кеттің, а? Мені өлтіре алмай, менен құтыла алмай жүрген байғұстар аз болғандай, сен де қайдағыны көйтіп отырсың ғой. Мен өйтіп аяқастынан ит өліммен өле қалар шақтан өтіп кеткенмін, құдай қаласа баяғыда цыган қатынның палында көрсетілгендей 82 жасқа аттай шауып барамын, – деді екпіндей сөйлеп.
– Е, Шәкем-ай, біз пенделер айта береміз ғой, кім біледі, осыны айтып отырған мына мен дәм-тұзым таусылса сізден бұрын кетіп қалатын шығармын. Лауқұл-мақпуздың кінәгасына не жазылса сол болады ғой.
Ұлы Абай атамыз сол бір мәңгілік ақиқатты қайталай нықтап:
Дүние – үлкен көл,
Заман соққан жел,
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер.
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер деп жазып кеткен жоқ па? – дедім.
Шәкең өте сергек ойлы, ақылды адам еді ғой. Оның үстіне, мен анау-мынау емес, ұлы Абай атамызға жүгініп, алдын орап кеткендей болдым емес пе?!
Шәкең біраз үнсіз қалды. Сәлден кейін өзінің қарлығыңқы, тұтқыр даусымен «Дүние бір қисық жол бұраңдаған, бақ тайса ерге дәулет құралмаған, күніне мың бір пәле кездессе де, жігіттер күдер үзбе бір Алладан» деп терең күрсініс аралас ысқырықпен тоқтады. Іле-шала ол қара шалға айтар уәжді қайдан табамыз, солайын-солай екен-ау, – деді.
Мен осы үзілісті пайдаланып, талайдан бері сұрап, білсем-ау деп жүрген бір түйткілді әңгімеге ойысқым келді.
– Шәке, таяудан бері сіздің «Сыған серенадасы» дейтін әніңіз жиі айтыла бастады. Әннің табиғаты өзгешелеу, орындалуы да соған лайық үйлесім тауып алған сияқты. Ал осы «Серенада» дегенді қалай түсінуге болады? Оның сығандарға не қатысы бар, сізді біраз уақыт сығандар табурында болып қайтқан екен дейтін сөз де бар, шыны қандай? – деп сұрап едім. Шәкең алдымен қарқылдап күліп алды да:
– Е, сен әлгі картожник цыган қатынның әңгімесінен кейін қадала қалған екенсің ғой. Цыган қатынның менің өмірім туралы пал ашқаны, 82 жас бергені рас. Кезінде Пушкиннің тағдырына қатысты цыган қатын ашқан пал да айнымай келгенін білемін. Пушкин сол бір қаралы мерзім жақындаған сайын алабөтен күйге түсіп, алда болар қанды жекпе-жекті тездетуге әлдеқалай бір желікпе құлшыныстың жетегінде жүргенін ұлы ақын өмірін зерттеушілер ашық жаза бастады. Мына Шымкент көшелерінде сенделіп жүрген «калдун қатындар» мен шын палшыларды шатастыруға болмайды. Мен өзім туралы ашқан палға сенемін. Сондықтан арқамды кеңге салып, алаңсыз жүрмін, әйтсе де олардың айтқаны құдайдың сөзі емес екенін де түсінемін ғой, – деді.
Ал осы жаңағы сен айтқан сұрақты басқалардан мен де естіп қалып жүрмін. Мен, өзі бір қызықтау адам болсам керек. Бір іске немесе бір сөзге елең етіп, көңіл аударсам соның қыр соңынан қалмай індете қуалап, әуреге түсетін әдетім бар. Сен білесің бе? Мен, маған, менің шығармашылық өміріме де, былайғы тірлігіме де ешбір қатысы да, қажеттілігі де болмаса да, мына жан-жануарлар жөнінде, әсіресе, балықтар, теңіз жануарлары мен жыландар жөнінде білгім келіп қанша энциклопедиялар мен кітаптарды іздеп жүріп оқыдым. Иттер мен тазылардың түрлері мен мінез-құлқы, адамға қарым-қатынасы жөнінде қаншама іздендім десеңші. Лев Толстойдың иттер жөнінде жазған қаншама ақылды тағылымдық сөздері бар. Сол сияқты бір кездері, әрине, жастау кезімде цыгандар өміріне, олардың ешкімге ұқсамайтын тіршіліктері мен ән-би өнеріне ерекше қызығушылық, әуестік пайда болып, олар жөнінде жазылған кітаптарды қалай да тауып оқуға құмарттым. Әсіресе, олардың нәзік те одағай мінезді сұлу қыздарының сан құбылған биі мен сиқырлы көз жанарының отты лебі менің жан-жүрегімді шарпып, бөлекше бір сезім күйге бөлеуші еді. Шынымды айтсам, құлазып жүрген бір шақтарымды сол сиқырлы әлемге елтіп, солардың арасына қойып кеткім де келуші еді. Алматыда соларды жағалап, сауық кештерін сырттай тамашалап жүрген кездерім де болған. Былайғы жұрт соны сан-саққа жүгіртіп гуілдететін болса керек. Бірақ сыған деген күні бүгінге дейін бөгде халықтар үшін бөлекше бір тылсым әлем екенін, оның арбаның үстіндегі сол бір баянсыз, тұрлау тұрақсыз жабайы тіршілігін әлем-жәлем, сән-салтанатты хан сарайына айырбастағысы келмейтінін, ғасырлар бойы бұлжымас заңға айналған табурлық әдет-ғұрыптарын, сөзсіз орындалуға тиісті тәртіп-ережелерін бұзуға ешкімге, ешқашан жол бермейтінін, оны бұзғысы келетін тентектер мен телілер тағдыры тек қанжардың жүзімен шешілетінін әбден оқып, зерделей білген екі қазақ болса соның бірімін. Ал біреуі болса, тағы менмін. Сондықтан сығандар арасына кіре қалайын деп ажалына асығатын ақымақтар қатарына өзімді жатқыза алмаймын. Ал қаңғыған бір қазақ тентегін араларына кіргізіп, өздері бір-бірінен қызғанып пышақтасып жататын сұлу бикештеріне жолатпасы тағы белгілі.
Сығандарды түсіну үшін тек сыған болып дүниеге келу керек. Ал сығанның музыка өнерін, би өнерін түсініп, оған еліктеп шығарма жазу дегенің өзінше бір дүние ғой. Оның қандай қиын шығармашылық толғақтан туатынын мен ғана білемін. Шынында, таяудан бері бір жас жігіт гитарамен сол әнді тәп-тәуір орындап жүр. Әннің ішкі мазмұнына, табиғатына бойлай кіруге деген ынтасы ұнады. Әнші әдемі әннің бағын ашатыны сияқты, жақсы ән де жақсы орындаушысын елге танымал етеді ғой.
– Шәке, сонда Серенада деген нені білдіреді? Ол неге қазақ немесе орыс серенадасы болмай «Сыған серенадасы» деп аталды? Уәжін айтыңызшы? – деп жабыса кеттім.
Шәкең өзіне ғана жарасатын бір мысқылды, бірақ зілсіз майда күлкісіне жалғастыра былай деп еді:
– Осы біздің қазақтар қызық-ей. Өздеріне түсініксіздеу бір нәрсеге кез болса, осқырынып шыға келеді, сосын оның бір жерінен орыстікіне ұқсастық іздеп тыпырлайды. Бір нәрселер тапса, е, бәсе, сол баяғы орыстардың әсерінен туындамағанда қайтушы еді деп немесе мүлде жатырқап ойқастап шыға келеді. Мен бұл әнді «қазақ серенадасы» немесе «орыс серенадасы» деп атасам, не дер едіңдер? Алдымен сендер «Серенада» дегеннің не екенін түсініп алуың керек емес пе? Сосын барып, я содан кейін ғана дәркүмәндарың болса айтуларыңа болады, әйтпесе... Иә, «Серенада» әу баста француздардың «Серенаде» кешкі ән, былайша айтқанда әйелдерге арналған махаббат әні дегенді білдірген. Ол көбінше мандолин мен гитараның сүйемелдеуімен орындалады. XVIII-XIX ғасырларда ол Еуропада, одан Ресейде әртүрлі аспаптың ансамбльдер мен оркестрде де орындалатын болған. Әйтсе де, «Серенада» сығандардың ең сүйікті аспабына айналған гитараның сүйемелдеуінде ХХ ғасырда солардың ұлттық музыкалық жанрына айналып кеткендей әсер қалдырды. Ендігі жерде «Серенаданы» гитарасыз елестету мүмкін емес сияқты.
Менің "Серенадам" да дәл сондай. Оны мандолинмен сүйемелдесең де, оркестрмен сүйемелдесең де гитарамен орындағандағы «эффектіні» то есть (Шәкең кейде осылайша орысшаны әдейі араластыра сөйлеуші еді) әуеннің грациясын жеткізе алмаған болар еді.
Мен «Серенада» жөнінде қанағаттанарлық жауап естігендей болып келе жатқанымда, енді «грация» деген қазақтар үшін тосындау сөздің төркінін қаузау керек болып еді. Әдетте мен де өзімше, орыс тілінде сауатты сөйлей алмасам да, сөздік қорым, тіл байлығым ешкімнен кем емес деп мақтанушы едім. Мен орыс тілін мұғалімнен арнайы оқыған емеспін. Күнделікті өмірде тірі орыспен аралас-құралас болып сөйлесіп те көрмеген екенмін. Қытайдан келісімен «үндемес» қазақтармен қазақша сөйлестік, Көкшетаудағы екі жарым жылымда тек қазақ қойшылармен, отар қоймен қазақша тілдестім. Ал қара ормандай қалың қазағы бар Шымкенттің қала, даласында тек қана қазақша сөйлеспегенде қай орыспен орысша сөйлесе қалайын.
Менің орысшам кітаби орысша болатын. Айтан Нүсіпхан марқұм екеуіміз КГБ-ның жертөлесінде жатқанда қазақ мектептеріне арналған орыс тілі оқулығының 5-сыныпқа дейінгі бағдарламасын өздігімізден үйреніп «Правда» газетін «Сөздік» бойынша оқи алатын деңгейге жеттік.
Қағазға түсіріп жаттаған сөздер мен сөз тіркестері 48 беттік 8 дәптерге жазылған еді. Ұзын саны 10 мыңға жеткен, соның кемінде 7 000-8 000-дайы толық жатталып есте сақталғаны анық. Одан кейінгі өмірімде де мен орысша-қазақша, орысша-қытайша, түрікше-орысша сөздіктерді пайдаланып, сөздік қорымды ұдайы байытып, толықтырып отыруды дағдыға айналдырғанмын.
Шәкең қолданған «грация, грациозный» сөздері де маған онша түсініксіз болмаса да, оны музыкалық әуенге тіркестіре қолданғанына тосырқай қарағаным рас.
Сонда Шәкең ерекше шабыттана сөйлеп, «грация» сөзінің түп атасынан қайыра, әсіресе бұл сөзді мың құбыла, сан бұрала толқи, шалқи асқақтап, әрі наздана, әрі тәкаппарлана шырқалатын ән әуендеріне, оның ішінде сыған әуендерінің табиғатын ашып, ләззаттану үшін қолданғанда тұрған ештеңе жоқ. Ән-күй әуенінде келісті ырғақ, әсем қозғалыс, назды қылық, сәнді үйлесім болмаса, яғни грация болмаса «құлақтан кіріп, бойды алар» ұлы құдірет қайдан пайда болады, – деп еді.
Мен Шәкеңе шын ризалықпен бас шұлғып, құмарта елтіп отыра бердім. Ол кісі төгілте талай сөз айтты.
– Сонда сіз, сығандар табурында болмай-ақ қазақтың халық әндеріне де, өз әуендеріңізге де онша ұқсай бермейтін Серенаданы қалай шығара алдыңыз?– дедім сөз арасында. Шәкең сәл ойланып отырды да, ауыр күрсінді:
– Сен ол әннің қашан, қалай шыққанын білмеген соң солай ойларсың. Бірақ «Серенада» деп айғайлай ат қоймаса да, шетсіз-шексіз кең дала мен асқар тауларда еркін өскен бұла қазақтың халықтық әуендерінде, халық композиторларының шалқымаларында «қазақы серенада» дегенің жетіп артылады. Ал менің Серенадам, ой, ол өзінше бір тағдырлы жаратылыс қой...
Мен 1962 жылы кейбір тоң мойын орысшыл-еуропашыл оқымыстысымақ басшылардың озбырлығынан консерваториядағы оқуымнан айдап шығарылып, далада қалғандай болған едім. Ол кездегі менің көңіл күйімнің қандай болғанын әзір саған айтып жеткізе алмаспын. Менің мұңдас, армандас досым Қадыр Мырзалиев дәл басып анық жазды-ау деймін. «Сыған серенадасында» қалай еді... Иә, "Күн туса басыңа, мойыма, жасыма, жігіт болсаң!"– деп қайраттандыра гитара арқылы жігеріңді жанып: «Оу, жан серігім, төгілсін күй тарап! Жаның тарықпасын! Ән шарықтасын! Қайран басың, ғарып басың, көзіңді жұмбай қамықпасын! Қамықпасын», – деп аруақ шақырғандай ұрандайды.
Шәкең сол жолы шынында барынша ашылып, толқи, тебірене ұзақ сөйлеп еді. Мен есімде қалған негізгі мазмұндарын күнделік дәптеріме түсіріп қойған едім. Менің сол ұзақ әңгімеден түйгендерім: Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында қазақ халқының басына қайтадан қара бұлт үйіріліп, қазақ зиялылары қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына қатты ренжіп, іштей ширыға бұлқынып жүрген кезі екен ғой...
Сырттай қарағанда Никита Хрущовтың жылымығына шуақтағандай Сәкен, Бейімбет бастаған арыстарымыз ақталып, халқымен қайта қауышып, мәре-сәре болып жатқанымен, «Тың игеру» дегенді желеулетіп жеткен миллиондаған келімсектер салған ылаңнан қазақтың 700 мектебі жабылып, қазақ баспасөзі орыс басылымдарының аударма-көшірмесіне айналып, рухани апат төніп келе жатты. Қазақ жері ту-талақай бөліске түсіп, Мырзашөл аймағы өзбектердің қанжығасында кетті. Енді Солтүстік облыстарға орыс аюының табанына тапталу қаупі күшейсе, батыстағы мұнайлы өңір түрікпен мен әзерилердің өңешінен өтіп кетуге айналғаны белгілі.
Жығылғанға жұдырық дегендей, соның бәрі Қазақстандағы партия билігі әдейілеп тапсырылған ұйғыр Исмайл Юсупов пен Кремль жіберген орыс мансаптыларының қолымен қазақ халқы мен қазақ өкіметінің атынан істеліп жатты.
"Сойыл тисе – сорлыға тиеді" демекші, сол тұста студент Шәкеңнің қыр соңына түсіп, тақымдап жүрген Дубобский сияқты шовинист мұғалімдердің сөзін сөйлейтін басшы да табыла кетіпті. Құрманғазы атындағы консерваторияның ректорлығына академик Ахмет Жұбановтың орнына Юсуповтың шарапатымен композитор Хұдұс Қожамияров ректор болып келе қалған тұс еді. Алдына араша сұрап, әділдік іздеп келген ұлы композитордың көзіне шұқығандай:
– Сендердің әкелеріңді таныту керек. Сендер әбден құтырып, құдайларыңды танымай кеткенсіңдер. Саған оқудан шығару әлі аз, есің барда елің тап дегенді білесің бе?! – деп зіркілдеп еді.
Сондай бір рухани күрсініс пен сілкіністер тұсында әйгілі «Менің Қазақстаным» атойлай дүниеге келген. Ал «Сыған серенадасы» нәзік жанды, кеудесі мұң мен шерге, өкпе, налаға толған жас композитордың сығанның сиқырлы әуендеріне елтіп, өрекпіген шексіз кеңдік пен бостандыққа жан ұшыра ұмтылған, рухани толғақты бұлқыныстарының тегеурінді екпінімен дүние есігін ашқан сүйікті перзенті болса керек. Ол сондықтан да сүйкімді, тәтті «құлақтан кіріп бойды алар» әсем ән болып шыққан.
Мен білетін, мен естіген «Серенада» шындығы осы мәнзелдес еді. Алайда кейінгі кезде ол жөнінде неше түрлі аңыздар, әңгімелер айтылып жүр... Алайда ұлы тұлғаның тар жол тайғақ кешулі ғұмыр жолындағы соқтықпалы тіршілік хроникасын нақтылай жазудың, өмір шындығынан ауытқымай жауапкершілігі бар екенін ескерсек, айтар сөз, әрине табылады. Бұл жөнінен мол тәжірибе жинаған өркениетті елдердің үлгісі назарда болуы керек.
– Шәмші Қалдаяқов жайлы бұған дейін де біраз естелік айтылды, жазылып та жүр. Десе де, соның ішінде «қоспасы» көп естеліктер бар секілді. Бұл туралы пікіріңіз қандай?
– Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың академиялық шығармашылық өмірбаяны тіпті қарапайым адамдарға тән пенделік тыныс-тіршілігі жан-жақтылы қамтылған «Шәмшітану» мектебі қалыптасар күн де алыс емес. Ал бүгінгі үлкендер келер ұрпақты шатастырып, ұлы тұлғаның бетіне шіркеу келтірер барды-жоқты тергіштеп, қызыл кеңірдек болғаннан бойды аулақ ұстағаны жөн. Шәкеңнің өмірде көп қиыншылық көргені, қақты-соқтыға көп ұшырағаны шындық. Әйтсе де, одан да мәнді, одан да қастерлі, өнегелі тарихи шындық бар екенін де естен шығаруға хақымыз жоқ. Нақтылап айтар болсақ, Шәкеңнің алдына кесе-көлденең тұрған жетесіз басшысымақтар мен бақталас күншіл замандастарын кінәлаймын деп сүйікті перзентін алақанына салып, төбесіне көтерген дарқан қазақ халқын, оның дана ұлдары Димаш Ахметұлы, Еркін Әуелбек, Өзбекәлі Жәнібектердің дер кезінде көрсеткен көмектері мен қамқорлықтарын ұмыт қалдыруға, бағасын кемітуге әсте болмайды. Ал Шәкеңмен бірге шығармашылық достықта болып, оның даңқты саз әуендеріне тамаша мәтін жазып беріп, даңқын асқақтатқан қазақтың жайсаң ұлдары Мұзафар Әлімбаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов, !зтай Мәмбетов, Зейнолла Шүкіров, Еркеш Ибрагимов, Нүтполла Шәкенов, Мұхтар Шахановтардың әрқайсысы қазақтың бір-бір заңғарлары емес пе еді! Ал Шәкеңнің әндерін нәшіне келтіре орындап, халқына ерекше сүйіспеншілікпен насихаттап келген бұлбұл көмей Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Абдуллиндер бастаған әншілер мен өнер қайраткерлерінің еңбектерін неге ілтипатпен атап көрсетпеске?!
Сондай-ақ ерте болсын, кеш болсын әр кезде алған орден, медальдарға ие болған жұлдызды сәттері де Шәкең өмірінің жарқын беттері болатын.
Тәуелсіз Қазақстан көгінде көк Туы желбірген осынау мүбәрак күндерде ұлы композитордың нағыз жарқын ғұмыры – екінші ғұмыры, қазақ халқымен бірге жасар мәңгілік ғұмыры басталғанының куәсі болып отырмыз. Әрине, оған мың да бір шүкіршілік етеміз. Олай болса, ендігі жерде Шәмші Қалдаяқов туралы естелік немесе арнаулы зерттеу еңбегін жазғысы келген ағайындардың есінде болар бір ақиқат бар. Ол – қазақтың ұлы композиторының мәртебесін көтеру үшін одан азаптанған Мәсих жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан кейбір ағайындарша Шәмші барар жер, басар тауы жоқ болғандықтан, «Жамбылда шатыры жоқ үйде тұрған» деп, «Өмірі жарымай жоқшылықта өткен еді» деп, немесе «Көзі тірісінде сый-құрмет көрмей кетті» деп әлдекімдерге шағынып, көлгірсудің қажеті жоқ.
Шәмші еркіндіктің, азат өмірдің адамы болатын. Ол сондықтан қалжың-шыны аралас «Мен осы жүрісіммен-ақ ең бақытты, ең азат адаммын. Менің құдайдан басқа бағынар қожам да, бастығым да жоқ. Менде еңбек кітапшасы деген де болған емес. Комсомол, партия билеті дегеніңді де ұстап көрген емеспін. Сондықтан маған сөгіс жариялайтындар мен кінәлайтындар табылғанымен, оны жаза қояр орын табылмай, діңкесі құриды ғой, – деп күлуші еді.
Мінеки, мен білетін Шәкеңнің өмір шындығы – осындай. Ал Шәкеңе жарасатынның бәрі басқаларға да жарасады екен деп жалаулата берудің де қажеті бола қоймас. Қазақта сазгер де, әнші де көп, бірақ Шәмші біреу-ақ қой, онымен бақталастырғандар да аз болмаған шығар. Дегенмен қазақ ешкімді де ұлы композиторымен – «Менің Қазақстанымдай» азат елдің Әнұраны авторымен шендестіріп, тайталастыруға жол бере алмайтынына кәміл сенемін.
– Уақытыңызды бөліп, ұлы сазгер жайлы жып-жылы естелікті айтып бергеніңізге көп-көп рақмет!