Әлемдегі өзара қақтығыс пен соғыс 1946 жылдан бергі рекордтық көрсеткішке жетіпті. Дұрысы – антирекорд. Ал 2024 жылдың тамызы осы соғыстар масштабының ұлғаюымен есте қалатын түрі бар.
«Тентек шоқпар жинайды»
Қазақтың көне мақалын тақырыпша етіп алдық. Әлемдегі қазіргі жағдайды сипаттап тұрғандай көрінді бізге. Себебі әлем елдері қаруланып жатыр.
Маусымда Швецияның Уппсала университетінің ғалымдары өз зерттеулерінің нәтижесін жариялады. Ғалымдар 2023 жылы әлемде болған және ертеректе басталып, әлі де жалғасып жатқан соғыстарды зерттепті. Сөйтсе, 2023 жылы әлемде 59 жерде әскери қақтығыс болғаны анықталған. Оның біразы әлі де жалғасып жатыр. Ал Аустралияның экономика және бейбітшілікті зерттеу институты (The Institute for Economics and Peace – IEP) дүниенің 56 аймағында қарулы қақтығыс болып жатқанын жазды. Зерттеушілер 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында әлемнің 97 мемлекеті бейбіт саясаттан алшақтай бастағанын анықтаған. 92 ел өз шекарасының сыртындағы қарулы қақтығысқа тікелей немесе жанама түрде қатысып жатыр. Еуропаның 30 мемлекеті қорғаныс бюджетін өсіріпті. Ал 2023 жылы адамзат баласы соғыстардың кесірінен 19,1 триллион доллар шығынға батыпты. Бұл соманы дүниежүзіндегі әр адамға таратып берер болса, 2 380 доллардан келер еді. Осы институттың бас директоры Стив Киллелеа соңғы он жылдың тоғызында бейбітшіліктің қадірі кеткенін айтады. «Біз қақтығыстардың, милитаризация мен халықаралық стратегиялық бәсекелестіктің артуының рекордтық деңгейіне куә болып отырмыз», – деп мәлімдеді медиаға берген сұхбатында Стив Киллелеа.
IEP-тің «Милитаризациядағы заманауи трендтер» дейтін соңғы зерттеуінде де қарулануға бөлінетін қаржының өскені көрсетілген. Зерттеуде 2008-2023 жылдар аралығындағы мәліметтер келтірілген. Айталық, Солтүстік Кореяның әскери шығындары 2008 жылдары жалпы ішкі өнімнің 8%-ын құраса 2023 жылы 24%-ға жеткен. Қорғанысқа бөлетін шығындарының ЖІӨ-дегі үлесі жөнінен екінші орында Ауғанстан тұр. Кабул билігі әскери салаға елдегі жалпы ішкі өнімнің 10%-ын жұмсайды Одан кейінгі орындарда 5,9% қаржы бөлген Оман, 4,8%-бен Алжир, 4,5%-бен Мали, Марокко, Сауда Арабиясы тұр. Қазақстан қорғанысқа жалпы ішкі өнімнің 0,8%-ын арнапты. ТМД елдерінің ішінде тізімнің басында 4,2% көрсеткішпен Армения тұрса, одан кейінгі орында ЖІӨ-нің 3,8%-ын қорғанысқа жұмсайтын Әзербайжан орналасқан. Жалпы әлемде әскери салаға жұмсалатын қаржы көлемі 2,5 трлн долларға жеткен. Бұл да рекордтық көрсеткіш.
Әрине, әр мемлекет шама-шарқынша қорғаныс қабілетін жетілдіруге мүдделі. Өйткені қазір түрлі қауіп-қатер көп. Халықаралық құқықтық нормалардың дұрыс жұмыс істемейтіні көзге ұрып тұр. Әлді мемлекеттердің әрекеті бар, прокси күштер мен террористік топтардың қаруланып жатқаны бар, қысқасы «жау жоқ» дейтін кезең емес. Оның үстіне, қару-жарақ саудасы өте үлкен бизнес. Айталық, әскери технологиялар мен қару-жарақ сататын әлемдегі үздік 100 компанияның таза табысы 2019 жылдан бері 524,4 млрд доллардан 2023 жылы 603,9 млрд долларға жеткен. Осы 100 үздік компанияның ішінде ресейлік фирмалар жоқ. Керісінше, өзге мемлекеттердің компаниялары тізімге қосылған. 2023 жылдың соңында тізімде Түркияның 3 компаниясы болса, 2024 жылдың шілдесінде олар бесеу болыпты. Украинаның 1 компаниясы тізімге енген. АҚШ-тың 47 фирмасы мен концерні қару-жарақ саудасындағы үздік 100 компанияның қатарында жүр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат ядролық және өзге жаппай қырып жоятын қаруды таратпауға келіскенімен, конвенционалдық қарумен қарулануды жолға қойып алғандай көрінеді. «Пьеса басталарда қабырғада мылтық ілулі тұрса, соңында ол атылуы керек» деп Антон Чехов айтты делінетін жағдай қалыптасып келе жатқан тәрізді. Оның үстіне, қару-жарақ саудасымен қатар мемлекеттердің топ-топқа бөлінуі де күшейгендей көрінеді. Батыс елдері мен Украина, Ресей-Иран-Солтүстік Корея үштігі, Иран-Ливия-Сирия тобы, Израиль және НАТО, Африкадағы түрлі мемлекеттің прокси күштері мен бірқатар елдің ресми билігі дегендей кете береді. Ал тамыз айының «қызып» кетуіне осы жағдайлардан бөлек оқиғалар да әсер етті.
Тамыз неге «ысыды»?
Жаздың соңғы айы бастала сала әлем назарын аударған оқиға Иран мен Израиль қатынастарына байланысты өрбіді. Дәлірек айтқанда, 31 шілдеде Тегеранда «Хамас» тобы саяси бюросының жетекшісі Исмаил Хания зымыран шабуылына ұшырап мерт болды да, Таяу Шығыс тағы да «қайнап» сала берді.
Ханияның өліміне Иран Израильді айыптады, Түркия да «Хамас» тобы жетекшісінің өлімін саяси риторикада пайдаланып жатыр. Тегеран Израильге шабуыл жасайтынын мәлімдегеніне де біраз болды. Иран ислам республикасының жетекшісі Аятолла Хаманеи Израильді қатаң жазалайтынын айтқан. Шамасы, Иран саясаткерлерін «Хамас» тобы жетекшісінің парсы жерінде өлтірілуі шамдандырғанға ұқсайды. Оған қоса, Иранның прокси құрылымы саналатын «Хезболлла» тобы командирлерінің бірі Фуат Шүкр де Бейруатқа жасалған зымыран шабуылынан көз жұмған еді. «Хамас» бұрын идеологиялық тұрғыда Ираннан алыс топ саналатын. Өйткені «Хамасты» құрғандар исламның суннит тармағын ұстанса, Иран шиизмді ресми дін ретінде қабылдаған ел. Бірақ соңғы бірер жылда «Хамас» пен Иран серіктеске айналды.
Қызығы сол, Ханияның өліміне байланысты Түркия да түрлі мәлімдеме жасап үлгерді. Ашығын айтсақ, Анкара былтырғы күзден бері Израильмен күрекқабақ күйде отыр. «Хамас» былтыр 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған соң Тель-Авив Газа секторын тас-талқан еткені бар. Сектордағы ұрыс әлі жалғасып жатыр. Бақандай 10 ай өтті. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы аймақтық державалардың біріне айналып келе жатқан Түркияның өңірге қатысты ұстанымына да әсер еткен тәрізді. Режеп Тайып Ердоған мен серіктестері Газадағы жағдайға қатысты жиі мәлімдеме жасайды. Тіпті, шілденің соңғы күндерінің бірінде Ердоған «Қарабақ пен Ливияға кіргеніміз сияқты, ол жерге де кіре аламыз» деп мәлімдеп жібергені бар. Яғни, «қажет болса Израиль жеріне де кіреміз» дегенді тұспалдады. Эмоцияға толы мәлімдеме, әрине. Бірақ аймақтағы шиеленісті өршітуі мүмкін. Оның үстіне, Түркия президенті Р.Ердоған мен Сирия басшысы Башар Асад кездесуі ықтимал деген тақырып та талқыланып жатыр. Жылдар бойы қырғи-қабақ күйде отырған, шекара бойында жиі қарулы қақтығысқа түсетін қос елдің диалогке ұмтылуы да аймақтағы жағдай күрт өзгергенін байқататын тәрізді. Екі мемлекет те Израильге қарсы позиция ұстанады. Түркияның ұстанымына күмән көп, ал Сирия Израильмен жиі қақтығысады.
Осындай күрделі жағдай қалыптасқандықтан, Израиль өзіне қарсы ұйымдастырылуы мүмкін шабуылды тойтаруға барын салатын сыңайлы. Одақтастарынан оқ-дәрі, қару-жарақ алып жатыр. Жерорта теңізіне АҚШ-тың USS Abraham Lincoln ұшақ тасымалдаушы кемесі мен оның қолдаушы тобы аттанатын болды. Ал өңірде USS Theodore Roosevelt ұшақ тасымалдаушы кемесінің тобы біраздан бері кезекшілік атқарып жүр. Батыстың өзге елдері де Тель-Авивті қолдауға әзір екенін байқатты.
Айтпақшы, БҰҰ 2023 жылдың 7 қазанынан бері тек Газа секторында 40 мыңнан астам палестиналық өлтірілгенін хабарлады. Содан да болар, аймақтағы жағдайды шиеленістірмеудің жолын іздеу тоқтаған жоқ. «Хамастың» жаңадан сайланған жетекшілері Израильмен келісім жасауға даяр екенін түрлі дипломатиялық канал арқылы Тель-Авивке білдіріп жатқаны жайлы мәлімет бар. АҚШ пен Еуропа елдері Иранға сәлем жолдап, ірі шабуыл ұйымдастырудан бас тартуға көндіру амалына кірісті.
Әлбетте, әлемдегі әскери қақтығыстар жайлы сөз еткенде бірден Еуропадағы соғыс еске түсетіні сөзсіз. Өйткені Украина мен Ресей арасындағы соғыс ауқымы, адам шығыны, жұмсалған қаржысы және болашақтағы салдары жағынан ХХІ ғасырдың басындағы ең үлкен қақтығыс. Шығыс Еуропада қарулы ұрыспен қатар ақпараттық майдан, гибридтті тәсілдерді қолдану да өте қарқынды жүріп жатыр. Ал тамызда соңғы екі жылда әлем жұрты назарын тігіп отырған шептен бөлек, «екінші майдан» ашылды. Украиналықтар Ресейдің Курск облысына шабуыл жасады. Осылайша, 1941 жылдан бері өзге елдің әскерлері кірмеген Ресей жерінде шайқас басталды. Екі жақтың да шығыны бар. Әрі Курск жеріндегі ұрыстың нәтижесі қалай болары белгісіз. Болжам жасау қиын. Биылғы жазды «ысытып» жіберген оқиғалардың бірі осы.
Амангелді ҚҰРМЕТ