Жетісу облысында үйінде ірі мөлшерде есірткі сақтаған күдікті ұсталды

Ұсталған адам радикалды діни идеологияның жақтаушысы болып шықты.

Жетісу облысында полиция жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ірі мөлшерде есірткі сақтаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде облыстық прокуратураның үйлестіруімен облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 49 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. 

Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту шараларын жүргізу кезінде құқық қорғау органдары есірткі заттарының едәуір мөлшері алынды.

Сонымен қатар өсірілген қарасора бұталары тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, кептірілген марихуананың жалпы салмағы 3 келі, кептірілмегені – бір келіден асады. Ұсталған адам радикалды діни идеологияның жақтаушысы болып шықты.

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды, тергеу әрекеттері жалғасуда.

Жетісу облысының полициясы өңірдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тынымсыз жұмыс істеуді жалғастыруда.