Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Нұрболат Дәкебаев сотталды

Соңғы сөзінде Нұрболат Дәкебаев жәбірленушіден, қоғамнан кешірім сұрап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық соты Нұрболат Дәкебаевты 2 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Соңғы сөзінде Нұрболат Дәкебаев жәбірленушіден, қоғамнан кешірім сұрап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген. Ол тергеу изоляторында 7 ай отырған. Оның тергеу изоляторында отырған бір күні түзету мекемесінде екі күн болып есептеледі. 

Жәбірленуші сотталушыдан 5 млн теңге талап еткен. Сот шешімімен Дәкебаев 2 млн теңге өтеуге міндеттелді.

Еске салсақ, оқиға биыл 27 қаңтарда болған. Қызуы көтеріліп ауырып жатқан 1 жасар балаға келіп тұрған жедел жәрдем көлігі жүргізушісін Нұрболат Дәкебаев «жол бермедің» деп ұрып-соққан. Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали есімді жігіт болып шықты. Ол мұрны мен қабырғасы сынып, көзі ісіп кеткенін айтқан болатын.  Кейін жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақатын келтіру бойынша күдікті Нұрболат Дәкебаев қолға түсіп, кешірім сұрады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.