АЭС салуды жастар да қолдайды

Кеше Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысы Нысанбек ауылында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосты.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жү­ретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның бо­лашағы саналатынын атап өтті.

– Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері «Жастар Рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. «Жастар Рухы» еліміздегі жетекші қозға­лысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді фору­мындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі ба­сымдықты айқындалды. Ол – білімге ұм­тылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды, – деді партия төрағасы.

Мәжіліс спикері бүгінде мемлекет жас­тардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағы­тында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Партия желісі бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс», қаржылық сауаттылықты артты­руды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауыл тұр­ғындарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құмар ойыны, нашақорлық, жұрттың қарызға батуы сынды мәселелер заңнамалық деңгейде шешілуде. Соған қарамастан, бүгінде жастар алдында тұрған әлі де көптеген әлеуметтік сын-қатер бар. «Жастар Рухының» миссиясы – жас­тарды өзекті мәселелерді шешуге жұмыл­дыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту екеніне тоқталды. 

Сондай-ақ партия төрағасы «Жастар Рухы» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды. Мәселен, көктемгі су тас­қыны кезеңінде «AMANAT» партиясы жанындағы жастар қанатының белсенділері шынайы патриотизм мен азаматтық жауап­кершіліктің үлгісіне айналды. Олар «Адал азамат» тұжырымдамасына сай ке­летін қа­сиеттерді іс жүзінде көрсете білді.

Форум барысында іс-шараға қаты­су­шылар жастарды саяси және әлеуметтік жұмыстарға тарту жөнінде бірқатар бастама көтерді. Яғни, күрделі саяси процестерді түсінуге және жалған ақпараттармен тиімді күресуге қабілетті жас саясаткерлер пулын құру, әсіресе ауылдық жерлерде креативті индустрияны дамыту, волонтерлерді қолдау жүйесін енгізу, оның ішінде оқуға түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде ар­тықшылық беру.

Жас көшбасшылар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шең­берінде өтіп жатқан «Таза бейсенбі» пар­тиялық акциясының аясын кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бұрын су тасқы­нынан қорғану үшін бөгеттер тұрғы­зылған өзендер мен су айдындарының арналарын тазарту жұмысын бастау, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы туралы түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу, қоғамдық орындарда қоқыс сұрыптауға арналған автоматтар орнату, сондай-ақ келер жылы да «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыру.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда АЭС салу мәселесін жеке талқылады. «Жас­тар Рухының» белсенділері мен мү­шелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құры­лысына қолдау білдірді.

Өз сөзінде ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақ­стандағы энергияның 80%-ға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар ау­дарды.

– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компью­тер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның бәрі немен жұмыс істейді? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да, білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.

Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қа­наты Маңғыстау облыстық филиалының тө­­рағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұ­щы сумен және электр энергиясымен қамта­масыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энер­­гетика комбинаты 56 жылдан бері жұ­мыс істеп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақ­стан біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді. 

Ал жас ғалым, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр стан­сасын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70%-ын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.

Мәжіліс төрағасы жас белсенділердің пікіріне қолдау білдірді. Ол АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.

– Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мем­лекет басшысының басты ұстанымы. Демек, АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын ор­нықты дамыту үшін қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Берік БЕК