Әлеуметтік салаларды дамытуды тапсырды

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданы тұрғын­дарымен жүздесіп, жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерді тың­дап, облыстың, оның ішінде ауданның алдағы жылдарға арналған даму бағыттары жайлы әңгімеледі.

Өңір басшысы кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіштері мен алдағы жоспарларына жан-жақты тоқталып, санамалап, саралап берді. Әсіресе, ауданның болашақ өркен­деуіне қатысты айтқанында, аймақтың оң жамбасына келетін ауыл шаруа­шылығы мен шағын және орта бизнеске айрықша назар аударды. Халық­тың тұрмысын жақсарту, әлеуетін арттыруға да тоқталып, инженерлік инфра­құрылымдар мен әлеуметтік салаларды дамыту мәселелерін шешуге бағытталған жобалардың іске асырылуы жайлы баяндады. Ауданның әрбір саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралаған облыс әкімі сол жерде өзінің орын­басарларына аудан әкімдігімен және тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеруді, ауданның әлеуметтік-эко­номика­лық дамуында болған кемші­ліктерді жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Тұрғындарды толғандырып отырған проблемалардың бірде-бірі назардан тысқары қал­майтынына, мүмкіндігінше заң аясында шешімін табатынына екпін бере айтқан Бейбіт Өксікбайұлы былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген 7 мәселенің 5-еуі шешімін тапқанын, 2-іне қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айта кетті. 

– Нақтырақ айтар болсақ, тұрғындар өтініші бойынша Үштөбе қаласының тұйық көшелеріне газ жүйесі тартылып, табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. «Қаратал-Саяжай» саяжай орамын жарықтандыру мақсатында демеуші есебінен күннен қуат алатын қондыр­ғылар орнатылды. Ауданда қант қызыл­шасы бағытында тағы бір сервистік-дайындау орталығы ашылды. Үштөбе қаласындағы «Шаңырақ» шағын­ауданындағы №9 көппәтерлі тұрғын үйдің маңынан балалар ойын алаңы салынды. Ал Төле би көшесін жарық­тандыруға жергілікті бюджеттен 35,8 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталды. Алдағы қараша айында көшеге жарық беріледі. Тұрғындар айтқан тағы бірқатар мәселе, оның ішінде Көпбірлік ауылын­дағы Аққайыр каналын тазалау мен аудан орталығына кітапхана мен архив ғимараттарын салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Б. Исабаев.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін кездесуге келген тұрғындар өздерін мазалайтын мәселелер мен толған­дыратын түйткілдер жайлы айтып, сұ­рақтар қойды. Олардың айтқанына қарағанда, ауданда мәдениет үйі жұмысы тұралаған, спорт кешені, балалардың ойын алаңы жоқ ауылдар қатары әлі бар­шылық екен. Сонымен бірге бірқатар елді мекен арасындағы жолдардың жағ­дайы сын көтермейді, интернет бай­ла­нысы шалажансар, суару канал­дарының тозығы жеткен. Айта берсе, шешілген мәселелерге қарағанда, толғағы келіп асқынып тұрған түйткілді тұс көп сияқты. Облыс басшысы әр сауал­ды мұқият тың­дап, қасындағы жа­уапты тұлғаларға сол жерде сын-ескертпелерін айтып, тапсыр­малар берді. 

Үлкен жиыннан соң облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындары үшін жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың көтерген мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегі, қант қызылшасын өсіруге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер алу, арық жүйесін тазалау сияқты мәсе­лелерін тыңдап, олардың шешіміне қа­тыс­ты аудан басшылығына нақты міндеттер жүктеді. 

Уақыт тауып, аудандағы бірқатар құрылыс нысанын аралап көрді. Қаратал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ғимаратына барып, күрделі жөндеуден кейінгі жағдайымен танысты, атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасын саралады. 1982 жылы салынған бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жасау үшін бюджеттен 397 млн теңге бөлініпті. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың маусым айында аяқ­талыпты. Жақында қолданысқа беріледі. 

Жылдар бойы жырға айналған аудан­дық орталық аурухана блоктарының күрделі жөндеу жұмыстарының жағдайы да түзеліп қалыпты. Жоспар бойынша «А» блогының жөндеуі осы жылдың қазан айында аяқталады. Ал «В» бло­гында жұмыстар әзірге баяулау. Құрылыс алаңында мердігер мекеменің небәрі 17 адамы жұмыс істеп жүр. Облыс әкімі мердігер ұйымның сылбыр жұмысын сынға алып, құрылыс мекемесінің басшылығына үш күн ішінде жұмыс­шылар санын кемінде 40-қа жеткізуді міндеттеді. Жұмыс кестесінен кешігу осылай жалғаса беретін болса, келісім­шарт талаптарын орындамағаны үшін мердігерге тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті. Жалпы, аурухананың «Б» блогын жыл соңына дейін аяқтау жос­парланған. Аурухананың күрделі жөндеуі біткен соң оның материалдық-техни­калық базасы да жаңаратын болды. Жыл соңына дейін жалпы құны 642 млн теңгеден асатын медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы